Бұл ауданда су айдыны көп. Үш бала Байтарал елді мекенінің тұсындағы «Сұрхан» каналына ойнауға барған. Мұз ойылып, бір бала суға түсіп кеткен. Көмек сұраған балалардың дауысын естіген біреуінің анасы жүгіріп жағаға жеткен. Екі баланы қауіпсіз жерге шығарып, ойықтағы жасөспірімді құтқару үшін қолын созған. Бірақ өмір үшін жанталасқан баланы шығара алмай, өзі де суға құлаған.
Жағадағы балалардың бірі Ертөстік Қаленовтің үйіне барып, көмек сұраған. Ол алдымен ойықтан әйелді құтқарған. Содан кейін судан шашы ғана көрініп тұрған баланы суырып алып, ажалдан арашалап қалды. Жедел жәрдем шақырып, фельдшерлер Мерей Разеденов пен Айнұр Өтесоваға тапсырған. Олар судан құтқарылған балаға алғашқы көмек көрсетіп, аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер клиникалық өлім жағдайындағы баланы өмірге қайта оралтты.
– Қазақтың кез келген азаматы қиналған жанға көмек беруден қашпайды. Балалар үйіме келіп, суға кеткен екі адамды құтқаруға көмектесуімді сұрады. Олардың қиналған түрін көріп, шыдап тұра алмадым. Екі адамды ажалдан құтқарып қалғанымды ерлікке баламаймын. Менің орнымда өзге адам болса, дәл осылай әрекет еткен болар еді, – дейді Ертөстік Қаленов.
Атырау облысы