Үкімет • 07 Наурыз, 2023

Порталды қолданушыларға кедергі жоқ

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шымкентке іс-сапармен келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Порталды қолданушыларға кедергі жоқ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиында іскер азаматтар вице-премьерге агроөнер­кәсіп кешеніндегі цифрлық жүйе, мал шаруашылығын субсидия­лаудың жаңа ережелері, әлеу­мет­тік маңызды азық-түлік тауар­ларының бағаларын мемлекет арқы­лы реттеу бойынша сауалдар қойды. Әсіресе кәсіпкерлерді АӨК субсидиялаудың бірың­ғай мем­ле­кеттік ақпараттық жүйе­сі­нің жұмыс істемеуі қатты алаңдатады.

«Бізге gosagro.kz веб-порта­лында субсидиялаудың мемле­кет­тік ақпараттық жүйесі іске қосыл­ғаны туралы хабарланды. Бұл өтініш қабылдаудың жалғыз көзі, ол субсидиялаудың барлық түрлеріне құжат қабылдаудың баламасы және өтініштер қаралып біткен соң субсидия беріледі деп айтылған еді. Бастама жақсы секілді көрін­ді. Алайда жүйе мүлдем жұ­мыс істемейді. Себебі өтініш тап­сыру мүмкін емес. Бүгінге дейін бірде-бір шымкенттік ауыл ша­р­уашылығы тауарын өндіру­ші осы портал арқылы өтінішін қалдыра алмапты. Ал жыл басталғалы үшінші айға аяқ бастық», деді кәсіпкер Болат Нәжіметдинұлы.

Вице-премьер бұған қатысты субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде ақау шыққанын мойындады. «Аталған жүйе субсидия алушыларға алға­шында сынақ режімінде іске қо­сылған. Осы ретте Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне аталған кемшіліктерді дүйсенбіге дейін жою туралы тапсырма берілді. Енді портал қолданушыларға ешқандай кедергі тудырмауы тиіс», деді С. Жұманғарин.

С.Жұманғариннің Шымкентте кездесу өткізуі осымен екінші рет болып отыр. Алғашқы жиында да біраз өзекті мәселелер көтерілген еді. Осы жолғы басқосуда бірін­ші кездесудегі айтылған проб­ле­малардың шешілуі сөз болды.

«Иә, бұл проблема түрлі өңір­лерде, соның ішінде Шығыс Қазақ­стан облысы мен Астанадағы  қой шаруашылығымен айналысатын азаматтармен жүздесу бары­сында да бірнеше рет айтыл­ған-ды. Осы ретте аталған мә­се­ле­нің оңды шешілгенін ай­рық­ша атап өткім келеді. Биыл­ғы жыл­дың 22 ақпанында ведомс­тв­о­ара­лық комиссияның отырысын­да жүнді әкетуге ар­налған экс­порттық кедендік баж­дың нөл­­дік мөлшерлемесінің қол­­данылу мерзімі ұзар­тыл­ды. Рес­публикалық бюд­жет комиссиясының оң қоры­­тындысын алғаннан ке­йін министрлік өздеріне қатыс­ты кедендік әкету баждары қолда­нылатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу бойынша барлық қажетті рәсімдерді жүргізеді», деді вице-премьер.

Сонымен бірге Қазақстан аумағына Өзбекстан мен Түркия тарапынан кілемдер мен кілем бұйымдарын әкелу кезінде демпингке қарсы баж салығын енгізу мәселесі де қозғалған болатын.

Бұл ретте Премьер-министр­дің орынбасары тауар импортына қатысты демпингке қарсы шараларды қолдану үшін тергеуді бастау қажет деді. Бұл тек Еура­зиялық экономикалық одақ шең­берінде және өндірушілердің не­месе сала өндірушілерінің бір­лестігінің өтініші негізінде ғана мүмкін болмақ. Осыған байланыс­ты тиісті министрлік тарапынан осы жылғы 5 қаңтарда жергілікті кілем өнімдерін шығарушы «Бал Текстиль» ЖШС-ға арнайы хат та жолданды. Сондықтан өті­ніш Еураз­иялық экономикалық комис­­сия алқасының қарауына жібе­­ріледі.

Сонымен бірге Еуропа ел­дерін­е экспорттау үшін ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарын ак­кредиттеу және еурокод алу үдерісін жеделдетуді өтінген еді кәсіпкерлер.

Жауапты тұлға осы мәселе бойынша 2023 жылғы 28 ақпанда Брюссельге сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның еуропалық комиссарлармен кездескенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы жөнін­дегі еурокомиссар Януш Войце­ховскиймен келіссөздер барысында Ауыл шаруашылығы министрі ел Үкіметінің ЕО-мен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын екендігін меңзеген.

Қазіргі уақытта балық өндіру­ші­лерге аудит жүргізу аяқтал­ып жатыр. Бұл өз кезегінде бал, сүт және ет өнімдерін экспорт­тау­­шы­ларға да мүмкіндік туғы­за­ды. Ал мал шаруашылығы өнім­дерін Еуропаға жөнелтудегі қиын­дықтар әрбір тауарды бөлек-бөлек қарастыру шартына байланысты.

Келіссөздер нәтижесінде отандық балық өнімдерін ресми түрде ЕО тізіміне енгізуге қол жеткізілді. Қазірдің өзінде Франция және Швейцариямен қазақстандық балық өнімдерін сатып алуға коммерциялық келі­сімдер бар. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша қазақстандық балықтың Еуропаға экспорты 1,5 есеге артып, 8,7 мың тоннаны құрады. Біздің өнімді негізгі тұтынушылар Польша, Словакия, Чехия, Нидерланд, Литва, Латвия, Дания, Аустрия және Германия елдері саналады. 

Жиын соңында Премьер-ми­нистрдің орынбасары «Са­мұрық-Қазына» құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен компаниялар сатып алған жеңіл өнер­кәсіп тауарларына қатысты СТ-KZ сертификаттарының заңды­лы­ғына тоқталды.

 

ШЫМКЕНТ