Аймақтар • 06 Наурыз, 2023

Шығыс өңіріне сапар

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің шығыс өңіріне жұмыс сапары барысында Зайсан ауданында болып, Үйдене су қоймасындағы ахуалмен кеңінен танысты.

Шығыс өңіріне сапар

Гидроқұрылыс 1966 жылы салынған. Содан бері ол жер суару үшін пайдаланылады. Су қойма­сында 75 млн текше метр су жиналады және 4 магистралды канал бар.

«Қазсушар» РМК Шығыс Қазақ­стан филиалының директоры Нұржан Әмір­жановтың айтуынша, нысан 2018 жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Өйт­кені 2016 жылы басталған қайта жа­ңарту жұмыстары тексеру ке­зінде анықталған жоба­лық сәйкес­сіздіктерге байланысты тоқтатылған.

Жобалық-сметалық құжатта­маны түзету бойынша өтінім Қар­жы министрлігінің қарауында. Жоба­ның шекті құны – 2,3 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қажет.

Ұлттық экономика министрі Үйдене су қоймасының Зайсан ауда­ны үшін стратегиялық маңызы зор екенін және бұл мәселе Қар­жы министрлігімен бірлесіп қаралаты­нын атап өтті. Ал министрдің өзі бұл нысанды мемлекет меншігінде қалуы керек деп санайды.

Сонымен қатар шекара ма­­ңындағы аудандарды дамыту мә­се­лесі де көтеріл­ді. Бұл мәселеге ми­­нистрлік әзір­леген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақ­тарын дамы­тудың 2023-2027 жыл­дарға арнал­ған тұжырымда­ма­сы шең­берінде ерекше назар аударылады, деді министр.

Ә.Қуантыров Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Риддер қаласына бар­ды. Шағын шаһардың тұрғындары әлеу­­­меттік нысандар, спорт кешені, жал­­ға берілетін тұрғын үй және мем­­­ле­­кеттік тілде оқытатын мектеп құ­ры­лы­сына қатысты мәселелерді көтерді.

Ұлттық экономика министрі  бұл мәселелердің барлығын жер­гі­лікті атқарушы органдармен және мүдделі министрліктермен бір­лесіп қарауға дайын екенін атап өтті. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.

– Риддер – дамып келе жатқан моноқалалардың бірі. Ол өзінің географиялық орналасуымен ерекше. Әлеуеті үлкен. Адами капиталдың сапасы жоғары. Еліміздің өңірлік дамуына жауапты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Инже­нерлік және көліктік инфра­құры­лым­ды жаңғыртуға, сондай-ақ моно­қалалардағы халықтың өмір сүру деңгейіне ерекше назар аударылды»,  деді министр.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуын­ша, Риддер қаласында спорт ны­санын салу үшін бекітілген құжат­тама бар. Қолданыстағы бағ­дар­лама­лар шеңберінде қолдау қажет. Бюджеттік өтінім жіберіледі.

«Мектепке келсек, «Шаңыраққа» 60 млн теңге бөлдік. Бұл – 590 орындық мектеп. Әлі де 160 орын бар. Биыл 600 орындық жаңа мектеп аштық, оның 300-і қазақ тілінде. Жаңа мектептің құрылысын бастап жатырмыз, ол қазақтілді болады. Қазірдің өзінде қажеттілікті жауып отырмыз. Одан әрі де даму динамикасын сақтаймыз», деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі ауысымына 500 келушіге арналған 140 төсектік көпсалалы ауру­хана кешенінің құрылысымен таныс­ты. Жалпы сметалық құны – 26,6 млрд теңге. Жобаны аяқтау үшін рес­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дыру қажет. Бұл мәселе тиісті ведомстволармен пысықталатын болады.

Құрылыс жұмыстарын аяқтау келесі жылға жоспарланған.

 

Шығыс Қазақстан облысы