25 Маусым, 2014

Жүрегі қазақ Зейнеп

466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
зейнеп ганиеваСоғыс зардабы әлі ұмытыла қойған жоқ. Себебі сансыз тағдырлар талқан болды. Қаншама жас төгілді. Ауыр кезеңнің куәгерлері әлі ортамызда жүр. Жәнібек ауылында ұлтын білмейтін кейуана бар. Жазмыштан озмыш жоқ... Соғыстың жүрекке салған жарасы оны әлі налытады. Жәнібек ауылының Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинградтың аса маңызға ие тылы болғанын, соғыс аймағына жатқызылғанын айтып та, жазып та жүрміз. Сталинград оттың ортасында қалғанда, аман қалған жұрт елдің ішіне қарай бас сауғалады. Адамға лық толы пойыздар Жәнібектің үстімен өтіп жатты. Солардың бірін жау ұшағы бомбалағанда вагон ішінде үш жасар қыз бар еді... Тағдырдың жазуы әрқалай. Отқа оранған пойыз­дан шығарып алынған кішкентай қыздың кейінгі өмірі осы өңірмен байланысты. Сол сәбиді Жәнібек ауылының тұрғыны Мұсағалиевтер отбасы өз қыздарынан кем көрмей бауырға басып, Зейнеп деп ат қояды. – Туған күнім 1939 жылғы 15 мамыр деп жазылған. Құжатқа шамалап осылай қойылған сияқты. Туған жерің Өскемен дейді, анығын білмеймін. Эльтон мен Жәнібек арасында біз келе жатқан пойыз бомбаланғанда анам қайтыс болған. Біз әпкем екеуміз тірі қалыппыз. Қалай болғаны есімде жоқ, кішкентаймын ғой. Анамның бейнесі де көз алдыма келмейді... Бомба эшелонға дәл тиген, балалардың қалай тірі қалғанын?.. Әкем әскери дәрігер болғанын, одан соңғы хат 1942 жылы келгенін әпкемнен білдім. Егіз ағаларымыз болды, Сталинградта қоршауда қалып қойды дейтін Таня, – деді Зейнеп апа күрсініп. Зейнеп апаның славян халықтарына ұқсайтын жүзіне қарап отырып: «Ұлтыңыз кім?» деп сұрадым. Бір сәт үнсіз қалды. Сосын көкшіл көзі күлімсіреп: «Қазақ», деп жазылып кетті. – Анық білмегесін, не деп айтайын?..» деген сөзді қосып қойды. Бұрынғы фамилиясы қалай аталғаны, қай тілде сөйлегені де есінде жоқ. «Кішкентай балалар тілді тез үйренеді ғой. Есімді білгеннен қазақ тіліне судаймын. Алайда, орыс тіліндегі мектепке бардым. Туған әпкем Татьяна 6-7 жаста еді, ол балалар үйінде қалды. Балалар үйінің директоры Сергей (Сәумен) Тауланұлы болатын. Ол ғимарат әлі тұр. Іші жетім балаларға толы болды. Пойыздан тірі қалғандардан менімен бірге бір орыс баласы болып еді, оны Ұзынкөл ауылының агрономы асырап алды. Біз шамалас неміс баланы Ресейдің көршілес 8-съезд ауылының тұрғыны өз үйінде тұрғызды. Күні кешеге дейін бір-бірімізді көріп тұрдық», дейді апай. – Әпкемді соңғы рет көргенімде мен 6-класта оқитын едім. Оның мектеп бітіру емтихандары өтіп жатқан кез. Класқа іздеп бардым. Сол екі қабатты ескі мектеп әлі бар Жәнібекте. Әпкем емтихандарын бітірісімен туыстарымызды табамын, сол жақта білім аламын деп Өскеменге кетті. Сол жақта тұрмысқа шығып, аяғы ауыр кезінде 1964 жылы қайтыс болды. – Жәнібек ауылына әлденеше рет бомба түскені әлі күнге көз алдымда. Бірде көршілеріміз Серединдердің үйінің ауласына бомба түсті. Бәрі қатты жарақат алды. Жарқыншақ үлкен қызының аяғының бұлшық етін жұлып кетіп, ол өмір бойы аяғын сылтып басып өтті. Бомбаның бөлшектері біздің үйге де тиді. Терезенің әйнегі сау етіп ішке құйылып, анамның нан илеп отырған ыдысы толып қалғаны әлі сол қалпы жадымда. Үйдің үстімен жау ұшақтары өткенде аналарымыз бізді, көрші-көлемнің барлық баласын арт жақтағы терең шұңқырға жасыратын еді. Ұшақтан ұсақ оқтар жаңбырша жауатын. Асырап алған әкем Абдрахман (Алтақан) да 1943 жылы соғысқа аттанды. Ол 1889 жылғы еді. Бәрі есімде, мені жалғыз үйге тастап, анам әкемді пойызға шығарып салуға кетті. Эшелон түннің ортасына дейін кешікті, мені анам қорықпасын деп қайта-қайта қарап кетеді. Әкем қан майданға араласпаса да еңбек армиясында жұмыс істепті. Аман-есен оралды, – дейді Зейнеп апа. Кейіпкерімізді асырап алған жандар сол кезде-ақ егде тартқан жандар екен. Әкесі Абдрахман 8-класты бітірген жылы, анасы Мүгілсім 1972 жылы өмірден озыпты. Зейнепке дейін олардың балалары болған, алайда кішкентай кездерінде шетіней берген. – Мен өмірімнің көп бөлігінде қонақүйде жұмыс істедім. Ол кезде тоңазытқыш деген жоқ, жертөле қазатынбыз. Сол кезде қонақүйдің ауласының астынан көп жауынгердің сүйегі шықты. ПМК, аудандық тұрмыс үйі ауласынан да, Жәнібектің ішімен тас жол салғандағы жер қазу кезінде де көп сарбаздың сүйегі табылған еді. Марқұмдардың көбі кебінге оралған, сабанмен беті жабылған. Мұндағы эвакогоспитальда көз жұмған жаралы жауынгерлерді, бомбалаудан қаза тапқандарды жеке-жеке жерлеуге шама болмады ол кезде. Бомбадан қалған шұңқырларға қаз-қатар қып салып, жер қойнына беретін. Кейін табылған сүйектердің бәрін жәнібектіктер зиратқа арулап қойды. Бұл жер талай адамның қасіретті тағдырының куәсі, талай сырды ішке бүгіп тұрған өңір. Сұм соғыс талайдың тағдырын күл-талқан қылды ғой. Ешқашан ондай сұмдық қайталанбасын, – дейді қарт ана. Зейнеп апа 1964-1978 жылдары аудандық поштада, 1978 жылдан 1996 жылға дейін аудандық қонақүйде қызмет еткен. Жолдасы Жандос Ғаниев бүгінде өмірде жоқ болса да, екеуінің 1 ұл, 4 қызынан 12 немере-жиен тарап, Зейнеп апа бүгінде 10 шөбересінің ортасында отыр. Нұрлыбек РАХМАНОВ, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы.