25 Маусым, 2014

24 сағат

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
*Радикалды «Боко Харам» тобының қарулы жасақтары Нигерияның солтүстік-шы­ғысындағы бір елді мекеннен тағы да 90-нан астам адамды ұрлап кеткен. Олардың 60-ы әйелдер мен қыздар болса, қалғандары ер балалар көрінеді. Қашуға әрекет жасаған 4 адам атып өлтірілген. *Сүнниттердің қарулы жасақтары Ирак астанасы – Бағдат қаласының сол­түс­тігінде орналасқан елдегі ең басты Байджи мұнай өңдеу зауытын басып алған. Бұрнағы күні Иракқа келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ирактың тағ­дыры таяудағы апталарда ше­шілетінін мәлімдей келіп, бірақ бұл мәселе бірін­ші кезекте елдегі билік басын­да­ғылардың 1 шілдеге дейін жаңа үкімет жасақтай алуына тікелей байланысты болатынын айтқан еді. *Сириядағы химиялық арсеналдың соңғы бөлігі елден шығарылды және жоюға дайын. Бұл туралы Нидерландтың Гаага қаласында өткен баспасөз мәслихатында Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым басшысы Ахмет Узюмджю хабарлады. *Мысыр соты «Әл-Жазира» телеарнасының үш журналисін лаңкестерге қолдау көрсетті деп айыптады. Олардың үшеуі де 7 жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Олар: ВВС-дің бұрынғы тілшісі Питер Гресте, «Әл-Жазираның» Каирдағы бюро басшысы Мохаммед Фахми және продюсер Бахер Мохаммед. *Алғашқы газ «Оңтүстік» ағыны» бойынша Австрияға 2016 жылдың соңында келетін болады. Бұл туралы Австрияның ОМV мұнай-газ компаниясының ресми өкілі Роберт Лахнер мәлімдеді. Кеше «Газпром» мен ОМV корпорациясы Ресей президенті В.Путиннің Австрияға ресми сапары кезінде осындай келісімге қол қойған. *Еуроодақ Кеңесі Ал­банияға Еуропа одағы мү­шелігіне үміткер ел мәртебесін берді. Бұл туралы өзінің твиттерінде ЕО-ны кеңейту және көршілестік саясаты жөніндегі комиссар Штефан Фюле хабарлады. Ол, сондай-ақ, Албанияны құттықтай келіп, Кеңестің шешімі елдің осы бағыттағы күш-жігерінің нәтижесі екенін атап өтті.   nАҚШ-та жолаушылар пойызы теміржол өткелінде жүк көлігімен соқтығысып қалды. Оқиға Массачусетс штатындағы Мэнсфильд қаласы маңында орын алды. Вашингоннан Бостонға келе жатқан пойыз рельстен шығып кеткенімен, 180 жолаушының ешқайсысы айтарлықтай зардап шекпеген. Бірақ жүк көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан. *Литваның Жоғарғы соты республика билігін Гер­манияға италиялық суретші Ан­тонио Кампидің полотносын қайтаруды міндеттеді. Кар­тина «Христің зираты ба­сындағы үш Мария» деп ата­лады. Бұл туынды екін­ші дү­ниежүзілік соғыстан кейін Германиядан заңсыз әкетіліпті. *ГФР-де жекеменшік жеңіл моторлы ұшақ ұшу кезінде жойғыш ұшақпен соқтығысқан. Оқиға Германияның баты­сындағы Зауэрланд федералды жеріндегі Ольсберг қаласының аспанында орын алған. Жойғыш ұшақ Кельн қаласының түбіндегі Нерфенихе әскери авиабазасына аман-есен оралса, екі адамы бар жекеменшік ұшақ апатқа ұшырап, ұшақтағы екі адам да қаза тауыпты.

Ақпарат агенттіктері материалдарының негізінде әзірленді.