Суретті түсірген автор
Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ауыл шаруашылығын цифрландыру, медициналық аппараттарды жетілдіру жұмыстарымен қыз-келіншектер де айналысады екен. Оған таңғала қараған себебіміз аруларымыз адам түсініп болмайтын тетігі мен түймесі көп аппараттардың құлағында ойнайды.
«Veritas» орталығының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Маржан Саденова өсімдік шаруашылығы саласындағы ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша үлкен жоба бастаған.
– Ауыл шаруашылығы өндірісі еліміздегі маңызды қызмет түрлерінің бірі. Сондықтан заманауи технологияларды пайдалана отырып, өсімдіктің өнімділігін арттыруды мақсат еттік, – дейді Маржан Саденова.
Қарапайым тілмен тарқатсақ, ғалымдар өсімдіктің өнімділігін арттыру үшін көкке арнайы квадракоптер ұшырып, егістік алқаптарын суретке түсіреді. Бұл ұшатын құрылғының сан түрлі камераларының функциясы да әр алуан. Бірі топырақтың құрамын анықтаса, енді бірі өсімдіктің жай-күйінен хабар береді. Сөйтіп түсірілген фотосуреттерге арнайы бағдарламалар арқылы ғылыми сараптама жасалып, диқандарға өнімді арттырудың жолдары ұсынылады. Атап айтсақ, алқаптың қай бөлігінде қандай химиялық элемент жеткіліксіз, соны анықтайды. Топырақтың құрамындағы ылғалды тексереді, тағысын тағы. Мұның бәрі цифрлық технологияның көмегімен жүзеге асады. Ал әрі қарайғысы агрономдардың, диқандардың шаруасы.
– Ғылыми жұмысты 2021 жылы күзде бастадық. Биыл 1 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігіне үш жылда атқарылған жұмыстың есебін береміз. Ғылыми жұмыстардың негізінде әдістеме әзірлеп беруіміз керек. Әдістемеде ғарыштан түсірілген суреттер арқылы топырақтың құрамы мен өсімдіктердің жағдайын анықтаудың алгоритмін көрсетіп, түсетін өнімнің мөлшерін есептеуді үйретеміз, – дейді профессор.
Ғылыми жұмыс тобы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтініш бермес бұрын, жұмыс істеуге қолайлы қожалықтармен келіскен. Шаруа қожалықтары да жобаның жүзеге асуы үшін өз тараптарынан белгілі мөлшерде көмек көрсетеді. Биыл да мамандар қар еріп, жер дегдіген соң алқаптарға шығып, өнім мөлшерінің мол түсуі үшін не істеу керектігін анықтайды. Агрохимиялық анализ жасау мақсатында әр жерден топырақ алып, құрамын талдайды. Диқандар өндірістік жағын қараса, Маржан Әнуарбекқызы бастаған топ ғылыми тұрғыда жұмыс жүргізеді. Әрине, күткен нәтиже бір жылдың ішінде болмайды. Әр зерттеуді жетілдіреді, жан-жақты талдайды. Оның үстіне үлкен жобада он шақты адам ғана жұмыс істеп жүр. Алайда жобаға қажетті құрылғылардың бәрі бар. Технологияның дамуы сондай, ауылдағы шаруа қожалығының иелері ат шаптырым алқаптағы жағдайды алақандағы смартфоннан-ақ көре алады. Қай бөлігіне, қандай тыңайту элементтерін қолдану керектігі анық жазылады. Ауыл шаруашылығын цифрландыру дегеніміздің бір көрінісі осы.
Маржан Әнуарбекқызы химиялық инженериядан басқа қара және түсті металлургия, IT-технология сынды бағыттарға да қызығады. Егер елімізде ғылымға қолдау шындап көрсетілсе, мамандар аз емес, жеткілікті секілді. Бір ғана техникалық университетте қаншама ғалым жаңалық ашып жатыр?
– Еліміз қазірдің өзінде технократияны дамыту бағытында белгілі бір қадамдар жасап жатыр. Индустрияландыру, техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлау үшін көптеген мемлекеттік гранттар бөлінді, өнеркәсіптің маңызды салаларын цифрландыру жүріп жатыр, – дейді М.Саденова.
Профессордың жалпы жұмыс өтілі – 35 жыл. Осы уақыт ішінде жүздеген ғылыми мақала жазған, бағдарламалық комитеттің тұрақты мүшесі ретінде екі жыл сайын халықаралық ғылыми конференцияларға қатысады. 2018-2020 жылдар аралығындағы гранттық қаржыландыруын алған екі жобаның, Үлбі металлургиялық зауытының тапсырысы бойынша бір шаруашылық келісімшарттық жұмыстың ғылыми жетекшісі болған. Әріптестері де Маржан Әнуарбекқызының қолға алған әр шаруасы үлкен нәтиже көрсететінін айтты.
Шығыс Қазақстан облысы