Белгілі бір салаға немесе жекелеген азаматтарға қаржылай қайырымдылық жасауды меценаттық деп атағанымызбен, оның да әртүрлі өзгешеліктері және халықтық ерекшеліктері барын байқауға болады. Мәселен, меценаттық ұғымы Рим жерінен шыққанымен, бұл қазақ дүниетанымына да жат емес. Оның бір көрінісі – халықтық фольклорымызда қайырымдылықтың үлгісі ретінде Атымтай Жомарт есімін күні бүгінге дейін қолы ашық адамға теліп, солай әспеттеп, әдіптейміз. Ал сақилық, мырзалық, қайырымдылық секілді сөздердің қай-қайсысы болсын халқымыздың жомарттыққа ежелден жаны жақын екенін білдірсе керек. Әйткенмен, әр сөздің өзіндік астары мен айырмасы барын байқау қиын емес секілді. Мәселен, қайырымдылықты жоқ-жітікке, мұқтаж адамға көмектесу деп білеміз. Ал меценаттық көбінесе мәдени құндылықтарға жасалатын демеушілік екені түсінікті.
Қазіргі біздің қоғамдағы әйелдердің меценаттықтан гөрі әлеуметтік қайырымдыққа бейім екені байқалады. Қазір елімізде ондай жомарт жүректі қыз-келіншектердің есімдері көптеп аталып жүр. Оның бірі де бірегейі – белгілі кәсіпкер, меценат Сайра Матайбаева ханым. Болмысы нәзік болғанымен, рухы асқақ Сайра Әйтенқызы – отыз жылдан бері еліміздің жиһаз өндірісін дамытуға күш салған кәсіпкер. Сайра ханым республикалық Іскер әйелдер қауымдастығының Ақмола облысы бойынша жетекшісі. Қосшы қаласында жеке қаражатына 700 балаға арналған «Дара» бизнес мектебінің, балаларға арналған театр және спорт кешенінің іргетасын қалады. Осылайша, Астана іргесіндегі Қосшы қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлесін қосып келеді.
«Отыз жылдан кейін мен білім саласына бет бұрдым. Бұған себепкер болған – менің кәсіпорным орналасқан Қосшыда мектептердің жеткіліксіздігі. Балалар үш ауысымда, бір сыныпта қырық баладан оқуға мәжбүр болды. Яғни бұл ешқандай сапалы білім беруге жатпайды. Осы сәтте мен өз елімнің патриоты, сол кездегі аудандық мәслихат депутаты ретінде мектеп салуды шештім, – дейді ол.
Бүгінде Қосшы жұрты оны түрлі салада қайырымдылық жасап, халық көңілінен шығып жүрген қазақтың қайсар қызы деп бағалайды. «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» дейді ғой. Сондықтан пәлен деп не дейміз. Қашанда көмекке зәру салаға қадери-халімізше қолұшын созуға дайынбыз. Әсіресе өскелең жас ұрпақтың болашағына салған қаржы ел болашағына салған инвестиция деп білемін», дейді меценат ханым.
«Сайра Әйтенқызы 20 жылдан бері Қосшыда тұрады. Осы жерде алғаш жиһаз өндірісін ашты. Астана іргесіндегі Қосшы қаласында халық тығыз қоныстанғандықтан, мектеп тапшылығы ең бір күрделі мәселе болып келді. Осыған орай, тіпті солтүстік өңірде алғаш рет деп айтуға болады, өз қаражатына заманауи үлгіде тамаша мектеп салды. «Дара» бизнес академиясы – қазір еліміздегі үздік үлгілі мектептердің бірі. «Дара» мектебінің даралығы ұлттық құндылықтарға ерекше мән береді. Қазір мұнда балаларды ат спортына баулиды. Мысалы, сәрсенбі күні онда түгел ұлттық киім киеді. Бейсенбіде елімізге белгілі кәсіпкер тұлғалардың лекциясы оқытылады. Сонымен қатар балаларға арналған театрлық қойылымдар қойылып тұрады. Биыл 200 орындық концерттік зал салды. Бұған қоса Сайра Әйткенқызы – қаламызда әлі де жетіспей жатқан мемлекеттік тетіктерді де қолдап отырған қазақтың меценат қызы. Бір қаланың ел анасы болып отыр десек, артық айтқандық болмас», дейді Қосшы қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы.
Сайра Әйткенқызы 2016 жылы «Жомарт жүрек», 2018 жылы «Жыл тұлғасы» аталымдарының жеңімпазы болса, 2019 жылы Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Мейірімділік керуені» республикалық қайырымдылық байқауының лауреаты атанған.
«Қаламыздағы тағы бір меценат тұлға – Шолпан Өтегенова ханым. Шолпан Ғажайыпқызы көп жыл мемлекеттік және білім саласында қызмет етті. Ақмолада алғашқылардың бірі болып «Балапан» бағдарламасымен жеке балабақша ашып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Қазір ол кісінің Қосшыдағы балабақшаларында 200-дей бала оқиды. Оның ішінде көпбалалы және жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды тегін оқытып отыр. Сонымен қатар өз қаражатымен жыл сайын Қосшы қаласында жас ақындар айтысын өткізіп, жас өнерпаздарды қолдауды дәстүрге айналдырды. Шолпан Ғажайыпқызы – жалпы өнерге, мәдениетке, әдебиетке, ғылымға үлкен қамқорлық жасайтын жомарт жан. Сонымен қатар Баян Сұннатқызы – Қосшы қаласының ішкі туризмін дамытуға зор үлес қосып отырған меценат ханымдардың бірі. Олардың қай-қайсысы да меценаттықпен қатар, қаламыздағы көмекке мұқтаж жандарға үнемі әлеуметтік қайырымдылық жасап келеді», дейді А.Көңбайқызы.
«Теңіз дәмі – тамшысынан» дегендей, бұл еліміздегі қайсар қыздардың бір парасы ғана. Мұндай асыл аналар еліміздің қай пұшпағынан да табылатынына еш таласымыз жоқ.