Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз өскелең ұрпақты елшіл болуға тәрбиелеуге үлкен мән беруінің түпкілікті мақсатын бүгінгі таңда терең түсініп жүрміз. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген сөздер соның айшықты айғағы.
Бүгінгі таңда қазақстандық патриотизм – еліміз өркендеуінің негізгі қозғаушы күші екеніне де көзіміз жетті. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында тек жоғары білікті маман болып қалу тым жеткіліксіз. Білікті маман тәрбиелі де парасатты, өз еліне шын берілген жалынды патриот та болуы тиіс. Бұл орайда, аты әлемге әйгілі бабамыз, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі ойға оралады.
Ал енді этносаралық ынтымақ мәселесіне келсек, қазақ – ежелден шын мәніндегі интернационалшыл ұлт. «Кел демек бар да, кет демек жоқ», «Бермегенді беріп ұялт», «Таспен ұрғанды аспен ұр», немесе «Бір күнгі ұрыс-керіс, қырық күнгі несібеден айырады», «Бір рет дәм-тұзын татқан үйге, қырық күн сәлем» деген сияқты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан туындаған мақал-мәтелдер достық пен ынтымақты ту еткен ұлттық педагогикамыздың інжу-маржандары.
Осы жерде, дәм-тұзын бір рет қана емес, ондаған жылдар бойы татып, бүгінгі таңда кісі елінде «сұлтан» болып жүрген Жириновский сияқтылардың Орталық Азия, оның ішінде, Қазақ елі туралы айтқан сандырақтары еске түсіп, еріксіз қынжылтады. Қазақ мұндайларды опасыз сатқындар ретінде санап, «Тоны бардың биті, сүйек тастағанның иті», «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы», деп келемеждеген...
Тәуелсіздік жылдарында, жастарға білім-тәрбие беруде қомақты табыстарға қол жеткізгеніміз баршаға аян. Десек те, бұрын жүргізілген реформалар, негізінен, білім беру саласын қамтып, заман талаптарына сай маман тұлғасын қалыптастыру мәселесіне тиісті көңіл бөлінбеген сияқты. Біз жастарды патриоттық, этносаралық ынтымақ, эстетикалық және этикалық тәрбиелеуде айрықша орны бар, кемеңгер қазақ халқының философиялық мәні терең салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұмыта бастағандаймыз. Халқымыздың аса бір қасиетті «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ата-анаға – қошемет» дейтін қағидатының да жадымыздан өше бастауы өте өкінішті. Бүгінгі таңда, кейбір жастарымыз ата-ана алдындағы борышы мен парызын өтеудің орнына, оларға бейәдептілік көрсетіп, тіпті, қарттар үйіне тапсырып жіберетіндігіне де куә болып жүрміз.
Баршамызды алаңдатып отырған тағы бір күрделі проблема, бұл қазақ халқының өз ішіндегі рушылдық, жершілдік, ғылыми тілмен айтқанда трайбализм мәселесі болып отыр. Ұлтымыздың болашағына балта шабуы мүмкін бұл құбылысқа Елбасы өз Жолдауында да, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде де ерекше көңіл бөлді. «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі, тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға басамыз», деп шегелей айтты бұл тұрғыда Елбасы.
Қазақ халқының кемеңгер ұлы Төле би де халқымыздың жүздерге, тайпалар мен руларға бөлінуінің себептерін, оның халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі, шұғылданған шаруашылығына байланысты екендігін бір кісідей-ақ білген. Бұл құбылыстың жағымды тұстарын мойындай отырып, ұлт тұтастығына келтірер келеңсіз жақтарының да бар екендігін әрдайым ескертіп отырған. «Жүзге бөлінгендердің – жүзі қара», «Руға бөлінгендердің құруға асыққаны», «Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады», «Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады», деп інжу-маржан тұжырымдардан тұратын өсиет қалдырған. Ұлы бабамыздың өсиеттері бүгінгі таңда да аса құнды, әрі өзекті.
Байқап қараған адамға, ұлы бабамыз Төле би мен Елбасымыз Н.Назарбаевтың трайбализм мәселесіндегі ұстанымдары бірін бірі толықтырып, үндесіп-ақ тұр. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да: «Жігіттер, рудың туын асқақтатамыз деп жүріп, ұлттың туын жығып алмайық», деген еді бұл орайда.
Қазақ елі – көп дінді, көп конфессиялы мемлекет. Еліміздің Конституциясы сенім бостандығына кепілдік береді. Халықтың діни наным-сенімдері мемлекеттің өркендеп дамуында елеулі рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан да болар, Елбасы бүгінгі таңдағы өткір мәселелердің бірі ретінде жалған діни ағымдар екендігін баса айтты. Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін мысалға ала отырып, хиджаб кию мәселесіне де айрықша тоқталды. Оның ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрлеріне жат екендігін тілге тиек етті. Классикалық көркем әдебиеттерді оқып, көркем фильмдерді көруге шақырды. Бет-ауыздарын тұмшалап алған қазақтың қыз-келіншектері мен ақ шашты кейуаналары солардың ешбірінде де кездеспейді, деді Президент. Солай бола тұрғанның өзінде де, ашық-шашық жүрген ешкімді де көрмейсің. Бәрі де сәнді, әрі жарасымды ұлттық киімдерді киіп жүрген.
Сонау, біздің заманымыздан бұрынғы сақ тайпалық бірлестіктерінің патшайымдары Зарина мен Томирис, Кенесары ханның бауыры Бопай ханша, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында бүкіл Шығыс халықтары қыздары ішінен Кеңес Одағының Батыры атанған қос қарлығаш Әлия мен Мәншүк, 1986 жылдың ызғарлы Желтоқсанында тоталитарлық жүйенің өктем саясатына «Жаным – арымның садақасы» деп қарсы шыққан аяулы қаракөз қыздарымыз жоғарыда айтқанымыздың анық айғағы.
Қылышынан қан тамған қызыл империя құлап, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана тіліміз, діліміз және дініміз қайта жаңғырып, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Десек те, алдымызда бұл мәселелер төңірегіндегі күрмеуі қиын проблемалар жетерлік. Сондықтан да, «Мәңгілік Ел» ұлттық идея болуы тиіс, өйткені, ол – сонау көкбөрі түркілерден бастау алған ата-бабаларымыздың асыл арманы, әлемнің аса дамыған 30 елінің құрамына кіру жоспары және жаңа қазақстандық патриотизмнің өзегі.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының арқауы ретінде отандастарымызды патриоттық, қонақжайлылық және меймандостық рухында тәрбиелеуде халқымыздың теңдесі жоқ салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары таңдалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Саттар ҚУАШБАЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы, профессор.
Оңтүстік Қазақстан облысы.