Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын, Алматы зооветеринарлық институтын бітірген Көшербай Дәулетбаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласына қажыры мен қайратын жұмсады. Алматы қаласы Калинин аудандық атқару комитетінде инспектор, Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария қызметіне қарасты көліктік ветеринарлық бақылау пунктінің бастығы, Алматы қалалық атқару комитетіне қарасты ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің меңгерушісі, Қаржы министрлігінің шаруашылық жөніндегі басқармасының бастығы қызметтерін абыройлы атқарды.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бүкілодақтық маңызы бар мекемелер мен қызметтер қайта құрыла бастады. Бұрынғы одақтық бір жүйеге бағынған, шекарадан өтетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне ветеринарлық қадағалау мен бақылау қызметін атқарған мемлекеттік маңызы бар арнайы мекеме елімізде қайта құрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария комитетіне қарасты Шекара мен көліктегі малдәрігерлік бақылау бас басқармасының бастығы болып Көшербай Дәулетбаев тағайындалды.
«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз негізі тегін айтылмаса керек. Бұрын шекарадан кіретін темір жол аумақтарында ғана қызмет еткен мекеменің ендігі құрылымы шекаралық жолдарды да бақылауда ұстауға міндеттелді. Шекараларда елдің қауіпсіздігін күзететін мемлекеттік маңызды қызметтердің қатарына ветеринарлық бақылау қызметі де тартылды. Шекаралардағы маңызды бес қызметтің біріне айналған жаңа саланың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызмет үйлерімен қамтамасыз ету, маман кадрлардың біліктілігін арттыру секілді мазасыз тірлік жаңадан құрылған басқарманың негізгі мақсатына айналды.
Өз алдына тәуелсіздік алған көршілес елдермен арадағы қызметтік байланысты нығайту, ветеринарлық қадағалауға қажетті ережелерді бекіту, қызметкерлерді арнайы қызмет киімдерімен қамтамасыз ету секілді мәселелер басқарма қызметінің маңызын арттыра түсті. Елдегі ұжымшар-кеңшарлар таратылып, мал шаруашылығы ыдырап, дағдарысқа ұшыраған ветеринария мамандары шекарадағы ветеринарлық бақылау қызметіне жұмысқа тартылды. Аз ғана уақыттың ішінде басқарма қызметін бүкіл елге танытқан Көшербай Дәулетбайұлы ауыл шаруашылығы саласының беделді маманына айналды.
Ұстаздық қызметті атқармаса да, өздері таңдаған мамандықтың беделін шырқау биікке көтерген Көшекеңді еліміздің ветеринар мамандары өздеріне ұстаз тұтады. Олар білікті басшының кез келген саланың қызметін гүлдендіретініне сенеді. Әлдеқашан зейнеткерлікке шықса да, республикамыздың түкпір-түкпірінде жүрген інілері абырой биігінен аласармаған ағаларын іздеп жатады. Арына да, абыройына да кір шалдырмаған ағаның ерекше марапаты осы шығар.
Өмір мектебінің үйретері көп қой. Етек-жеңін жинап, ертеңіне ой жіберген жастың алдынан жақсы тәлімгердің кездескені жарты бақыт. Өңірдің мектебіне қарағанда өмірдің мектебінің қиын болатынын ұғатын жасқа келдік. Даңғыл жолға түскен жолаушының адаспайтыны секілді, жықпылы мен жырасы қатар кездесетін өмірдің кейбір соқпақтарында жаныңа медет, рухыңа сүйеу болатын темірқазық жандар қажет-ақ.
Қазіргідей заманда, өмірімізге тіреу боларлық құндылықтардың мәні мен мағынасы өзгерген кезеңде, кез келген іс пен игілікке жетудің жолын көрсететін тәжірибелі мамандардың қажет екендігін байқадық. Қай салада болсын, өткен жолы мен жөнін түсіндіретін, жеңіске жетер жолдағы мехнатын баяндайтын дүниелер толып жатыр.
Тәрбиенің отбасынан басталатынын жиі қайталаймыз ғой. Бабасынан мұра болған ұлттық құндылықтарды жәдігеріндей аялаған, қабағы мен көзқарасы арқылы ұрпағына тәлім-тәрбие берген біздің шалдар шынында да әулие шығар. Жаратқанын жанына жалау еткен, бала-шағасын, туған топырағы мен алдындағы малын да тәңірдің сыйына балаған елдің осы бір көзге көрінбейтін мектебі адам өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдыратынын түсінеміз.
Ата-бабамыз секілді сөздің төркіні мен ұғымын ұлғайтып-кішірейту өзіміздің қолымызда ғой. Жігіт-желең қалыпты «қайыңның қатты безіндей» түрге айналдыру үшін бойымызға ұлттық құндылықтардың мәйегін сыналап енгізген, бота тірсек бозбаланы нардың жүгін артарлық күйге жеткізуге талпынған әкелеріміздің еңбегін енді түсінгендейміз.
«Қамшының сабындай қысқа өмірде» соңдарына мол іс-тәжірибе қалдырған, қара бастарының қамы емес, халқының жай-күйін күйттеген, ұрпағына өшпес тәлім-тәрбие берген азаматтардың бейнесі уақыт өткен сайын асқақтай береді. Республикалық деңгейдегі құрмет пен тұғырға көтерілген Көшербай Дәулетбайұлы біздің де өмірімізде өшпестей із қалдырды. Бағытымызды бағдарлайтын темірқазығымызға айналды.
Қолындағы құрығы мен сырығын жау келгенде найзасы мен қылышына айырбастайтын көшпелі елдің ұрпағына батыр болмаудан басқа жол болмаса керек. Ірілігі мен ізгілігі тоғысқан ұлтымыздың ұрпағы қашанда туған елі мен туған жері үшін ерліктің көмбесіне айнала білген. Алдындағы малының тұяғы тиген жердің бәрін қасиетті Жер-анаға балаған ұлттың «Отан үшін отқа түсуге» дайын болатыны осыдан болар. Қарапайым қыр баласының ел үшін болған егесте еңсесін түзеп, Толағайдай тауға айналатын қасиеті тереңнен бастау алатын қазақы мінезінен болар. Әр қазақтың тамырында бүлкілдеп жататын батырлық пен қайсарлықтың тіні ұлтымыздың генакодымен бірге жасай беретіні анық. Әлманбет, Әліқұлдай текті бабаларын, Қосдәулеттей батыр бабаларын ұлықтаған ұрпақ жалғастығы енді үзілмейтін болар. Ұлтының рухын әспеттеп, бабаларының ерлігін жадынан шығармайтын ұрпақтың жаңа дәуірдің де иінінен түспейтініне сенеміз.
Елдің де, ағайынның да арбасын алға сүйреген қасиеті Көшекеңді абыройдың шыңына жеткізді. Өнегелі ұрпақ өсірді, елге үлгі болатындай тірлік етті. Адами арына дақ, жеке парақшасына сөгіс пен ескерту түсірмеген ағаны құрметтеп, қадірлейтіндер көп.
Физикалық заңға сай бардың жоғалмайтыны секілді, еткен еңбек пен төккен тердің, елге тиген жақсылығың мен шапағатың да із-түзсіз жоғалмайтындығы рас болар. Артыңда қалатын ұрпағың мен аялай есіне алатын ағайынның жады жақсының жақсылығын ұмыттырмайды.
Бір отырыста тақылдап тұрған бала Сырымды ұнатпай қалған үлкендердің бірі «Әй, сен қай баласың?» десе, ытырылып тұрған өзі шешен, өзі батыр Сырым: «Әкем тірі болды, ағам ірі болды, Даттың сондықтан көзге түспеген баласымын!» дегендей мағынада жауап қайтарған көрінеді. Біз де танымай жатқан елге «Көшекеңнің інісі едік» деген ірі сөзді іркілмей айтып, соған малданамыз.
Көшекеңнің шекпенінен шыққан жігіттердің де осалы жоқ. Ел игілігі үшін тер төгіп жатқан Көшекеңнің шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде алғыс арқалап жүр. Ағадан артылған абыройдың шекпеніне жармасып біз де осылай жүріп жатырмыз.
Дүкенбай ШӘДИЕВ,
Мәділхан БАЙМЫРЗАЕВ