Қоғам • 09 Наурыз, 2023

Құлан деп жүргеніміз домбай емес

471 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstannyń» биылғы 23 қаңтардағы санында жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Домбайды қашанғы «құлан» дейміз?» атты мақаласына назар аудара қалдық. Құлан тақырыбы Маңғыстау – Үстірттің белгілі өнер­пазы, әнші, етікші Қорабайұлы Қа­йыптың өмірін зерттеп жүрген біз үшін, әрине, қызықты.

Құлан деп жүргеніміз домбай емес

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жазушы Әбілқайыр Спанов Бәу­бек Айназар мергеннің аңшылық өне­рін сипаттаған бір кітабында: «Маң­ғыстаулықтардың сөйлеу мәнерінде көбірек қолданылатын «көксауыр етік», «көксауыр жона» деген тіркес бар, соның бірден-бір шикізаты – тары ұнын сүтке езіп дайындайтын, арнаулы әдіспен иленген құлан терісі. Көксауыр етік киіп, әбзел тұтыну барлықтың, байлықтың шырқау белгісі болуы себепті құлан алдымен осы терісі үшін ауланып, біржолата құртылып жіберілген», деп жазған-ды. Әбекеңнің бұл дерегін зоолог-ғалымдар ресми мәлі­меттерімен растайды.

1978 жылы басылған Қызыл кітапта былай делінген: «1855-1876 жылдары бұл аңдардың тұяқтары Сағыз бен Ембінің аралығында, Мұғалжар таулары айналасында, Ұлытаудың жоталарында, Арал теңізінің жағалауын бойлай, Үстірт пен Маңғышлақ жартыаралында, Зайсан көлінің солтүстігінде, Семей маңында, Ер­тістің сол жағалауында, одан әрі сол­түстік тұсқа қарай Павлодарға дейін жетіп жатушы еді. 1897 жылы құландар Құланөтпес пен Терісаққан өзендеріне дейін келген-ді. ...ХІХ ғасырдың 90-жылдары құландардың саны аса қауіпті түрде азая бастады. Құланның соңғы рет көзге түсуі 1936-1937 жылдары Хантау тауларында, Іленің төменгі сағаларында, бір тармағы Топардың бойында, Торайғыр мен Шарынның араларында және Қатутау тауларының Іле қырына жақын маңайларында байқалған-ды».

Құланның жоғалуына тек қана аңшылар кінәлі бола алмайды. Жыл­дамдағы кей кездерде көптеген ат ала алмайтын 85 км/сағат, ал «әдеттегі» орта шабысы сағатына 60-65 км болып, оны­сын біршама ұзақ ұстай алатын бұл құландарға аңшының аңшысының ғана қолы жетер. Көнекөз шалдардың ай­туынша, олар 1879-1880 жылғы жұтта сиреп қалып, 1891-1892 жылдың жұтында көбірек қырылып, одан кейін Үстірт үстінде, Арал теңізі маңында, Сары­арқаның төменгі етегінде және басқа көптеген жерлерде тіпті жоғалып кеткен.

К.Сегізбайұлы жоғарыда аталған мақаласында: «құрып кеткен құланды құтқарамыз» деп Түрікменстаннан жа­нуарды Аралдағы Барсакелмеске әке­ліп, көбейттік те, Алтын-Емелге, одан басқа жерлерге көшірдік. Ең бастысы, оларды «Пржевальский жылқысы» деп жарияладық. Рас, «Пржевальский жыл­қысы» деп жүргеніміз құлан болатын, ал Түрікменстаннан әкелінгендер құлан емес, жабайы есек – домбай болатын» дейді. Автор бұл жорамалын біраздан бері айтып жүргені көрінеді. Осыдан 15 жылдай бұрын «Алматы ақшамында» (2008 жыл 17 сәуір) «Нағыз құлан осы болар-ау» мақаласында-ақ Қазақстанда соңғы кездерде көбейіп бастаған құлан деп жүргеніміз «домбай деген аң дегіміз келеді» деп жазған. Иә, Кәдекең ол ойының алдына «қолмен қойғандай ғылыми тұжырымымыз болмаса да» деген ескертпесін келтіре кетуді де жөн көрген. Алтынемел қорығының директоры Халық Байәділов те «біздің құлан деп жүргеніміз домбай» дегенді айтып жүр екен.

Құлан жайын сәл кейінірек қозғалық. Ал домбай деген не еді? Кәдекең ол атаудың ғылыми әдебиетте аталмайтынын, он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» де, А.Құралұлының дәстүрлі мәдениетке байланысты іргелі еңбегінде де жоқтығын, тек А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты шығарған «Қа­зақ тілінің сөздігінде» ғана домбайға жабайы есек дейтін анықтама берілгенін көрсетіп өтеді. Оған бұл бағытта ізденіс жасап көрген біздің де көзіміз жетті. Ж.Кейкіннің шағын «Түз хайуандары» мақаласындағы (Егемен Қазақстан, 1998. 21 наурыз) «домбай – жабайы, тағы есек» деген анықтамасын көре алдық. «Жабайы есек тобында – тек домбай ғана» дегенді Ә.Әбіласан (Ана тілі, 1996. 22-наурыз) жазған. Сондай анықтаманы Қ.Қайым да (Ана тілі, 1996. 5 қыркүйек) береді. Бірақ сол Кәдекеңнің «Кеңес энциклопедиялық сөздігінде» Үлкен Қап тауының (Кавказ) солтүстік еңкейісіндегі Теберда өзенінің басында Домбай алаңы деген жердің және осы Домбай атты елді мекеннің барын, сондай-ақ Қап тауының батыс жо­та­сында «Домбай өлген» (улген) атты биік­тіктің бар екені, демек бұл тауда да домбайлардың өмір сүргенін және қарашай, балқар сияқты түркітілдес ағайындардың да бұл жануарды осылай атағандарының дәлелі деген тұспалымен келісе алмадық. Домбай – қарашай-бал­қарлардың доммай сөзінің аздаған өзгеріске ұшыраған түрі. Оның орыс тіліне зубр деп аударылатынын (Русско-крачаево-балкарcкий словарь) жазыпты. Бұл жағдай Қап тауындағы «өлген» доммайдың жабайы есекке түк те қатысы жоқтығын көрсетеді.

Осы жабайы жылқылар мен есектер тақырыбы еліміздің қазақтілді басылымдары бетінде 1996 жылдары да көтерілген. Ұлттық «Ана тілі» апталығының 1996 жылдың 22 наурызындағы санында Әбіласан Әбілханның «Құландай ащы дауыстым...» мақаласы жарияланды. Онда: «... Махамбеттің «Тағыдай таңдап су ішкен, Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген» дейтін жолдарындағы «тағыдай» деген сөз де шын құланға бағытталған теңеу сөз деп білеміз. Суды таңдап ішетін түз аңдарының ішінде жабайы жылқы туыс­тарынан басқа қайсысы болуы мүмкін? Үй хайуанаттарының ішінде суды жылқы ғана таңдап ішеді. Ең таза шөп, таза жем жейді. Оның түздегі туысы – құлан. Бү­гінгі емес, ертедегі құлан... Сондай-ақ бұ­рынырақ жойылып кеткен – тарпаң. Құлан сол тарпаң туысының кебін кие жаздап барып, құдай жарылқап, бірлі-жарымының тұяғы хайуанат­тар бағына ілінген ғой. Бірақ өз атын жоғалтқан. Айырмасы аспан мен жердей домбай тақылеттес бір түз аңы мұның атын жамылып жүр», деп жазылады. Әбекең бұл жерде қазіргі қазақ жеріндегі құлан деп жүргеніміз шынымен де құлан, тек кейбіреулер оған домбай атын теліп жүр деген ойын жеткізеді. Бұған берілген маман-биологтің жауабы құлақ асарлық. Қайым Қабділрашид осы газеттің сол жылғы 5-қыркүйегіндегі санында жарияланған «Домбай және түзат – құлан емес...» мақаласында былай жазады: «Жылқы тұқымдастар 3 туысты болып келеді, олар: зебра, есек, жылқы. Жабайы есек домбай деп аталады. Қазір домбайдың екі түрін табиғаттан кездестіруге болады. Алаяқ домбай Со­малидегі Аден бұғазы жағалауында, бәлкім Эфиопияда ғана аздап кездеседі, аяқтарында қошқыл жолақтары болады, түсі де қошқыл. Ал Эритрейде, Суданда және Солтүстік Эфиопияда ақ­қарын домбай тіршілік етеді. Жылқы туыстастың 4 түрі бар, олар құлан (кианг, онагр), тарпаң, түзат». Автор олардың «төртінші» түрін көрсетпей кеткен, асылы бары үшеу болса керек-ті.

Ә.Әбіласан жоғарыда аталған ма­қа­­ласында көпшілік құлан деп қа­былдап келген, қазір Пржевальский жыл­қысы делініп, ал белгілі этнограф Ж.Ба­балықұлы керқұлан деп атайтын жабайы жылқының түріне Қ.Қайым түзат деген атауды ұсынғанын жазады. Сонымен К.Сегізбайұлы бұлар құлан емес, домбай ғой деп жүрген жыл­­қы тұқымдастылардың бірін Қ.Қайым қаражал құлан дейді. Қаражал құ­лан­дардың ғылыми атауларының бірі – Түркіменстан құланы. Осы Түркіменнің қаражал құландарының елу қаралтысы 1953-1961 жылдары Аралдағы Барса­келмеске әкелініп, олардың бас­тары кәдімгідей көбейе бастайды, алайда теңіз­дің тартылып, аралдағы су қорының ашып, тұщы су көзінің қатты азайып кетуі біршама экологиялық қауіп туғы­зуына байланысты хайуандарды Жетісудағы Мыңбұлаққа – «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағындағы Қа­пшағай аң-қорық шарушылығы мен Андасай мемлекеттік қорығына көшіру ойға алынады. Ол жаққа 1982 жылы екі кезеңмен 51 құлан жеткізіледі. Оларды Андасай қорығына жетістіру ісі 1990 жылдары да жалғасын табады. Оның соңын ала Маңғыстау өңіріне де бір тобы жөнелтіліп, «Ақтау-Бозашы» мем­лекеттік қаумалына жіберіледі де, бұл жаңа мекенді тез жерсінген олар­дың бастары азғантай уақытта 150-ге жетіп қалады. Бұл жақта қайтадан пайда болған мезгілінде осы бір жабайы жылқылар көзіне түскен тұрғындардың байқауларынша, олардың қылықтары есектердікіне тіпті де ұқсаңқырамайтын көрінеді. Өздерін тым еркін сезініп, маңында жайылып жүрген жылқы биелерін «есіктен кіріп, төр менікіге» салып, қуалап кететінін көргендер аз емес екен. Алайда жергілікті тұрғындар олардың санының көбейіп жатқанына күмәнді-ақ. Асылы, браконьерлерге тосқауыл қойылғанша олар шаруаларын тындырып алған сықылды. Бәлкім, ауру-сырқаулықтары себеп болған болар, қалай болғанда да жұрт ендігі олардың қалғаны некен-саяқ дескен-ді. Сол әңгіменің ізімен облыстық аң және орман шаруашылығы инспекциясының басшылығына хабарласқанымызда, олар бұл көңілдегі күдікті өкінішті түрде растап берді. Бүгінгі таңда Маңғыстау жерінде құландар қалмаған көрінеді.

Олардың біз білетін отаны болып саналатын Бадхыз қорығы орналасқан Түрікменстанның Мары өңірінен ата­мекені Маңғыстауға көшіп келген ағайын­дар да бұл құландардың жабайы есек­тің ауылынан қашық екенін анық айтады. Сол қандастардың бірі, Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылдық округінің «Бес шоқы» алабының тұрғыны, еске сақтау қабілетін жоғалтпаған 93 жастағы Қарабайұлы Жұмақан ақсақал былай әңгімелейді: «Бұл құландар үйір-үйір болып жүреді, біз көре қалған олардың үйірлерінде биелері жүзден кем болмайды. Айғырлары өзара қырқысып жатады. Өңдері – өңкей сұрғылтқа жақын, сарғыш құм түстес. Назар ауатыны – бәрінің түстері бір зауыттан шық­қандай біркелкі, ал есек дегендердің өң­дері әртүрлі – ақшылдан қараға дейін бола беретіні белгілі ғой. Бұл құландар жылқыдай кісі­немейді, есек сияқты ақырады, бірақ ол ақыруы олардікінен бөлектеу, сәл бәсеңкі, қарлығыңқылау болып естіледі. Құйрығы да жылқынікіндей ұзын емес, құлақтары да ұзындау, бірақ есектікіне қарағанда қысқарақ, бірақ тұрқы ірі, бойлары оларға қарағанда биігірек. Қандары таза екені байқалады, лас жерде жүрмейді, лай су ішпейтінін байқадық. Бұлар қолға үйретуге, тіпті де көнбейді. Шабыстары да жоғары, оларға есектер, тіпті де ере алмас. Бұл екеуін өзара, тіпті де шатыстыруға болмайды». Ақсақал осылай деп айтып, ен далада, бөтен көзден тыс жерлерде олардың бірен-саранын атып, етін жегенін де мойындап қойды. Дәмді, кәдімгі жылқынікіндей дейді. «Рас, – деген-ді ақсақал, – ол жақтың түрікмендері жылқыны да, сол құландарды да жемейтін. Ал қай қа­зақтың баласы есекті жеуші еді? Ол жақта домбай деген сөзді білмейді де. Бірақ онысы бұл хайуанның есек болу мүмкіндігін білмегенінен емес қой. Мал баққан қазақ жылқы мен есек тұқымдастарды айырар-ау». Ата-бабасы малмен ғана күн көрген, өзі де жасынан сол шаруашылықпен әбден-ақ жеткілікті айналысқан ақсақал осылай дейді.

Биолог-ғалым Қ.Қайым құлан сырт пішіні есекке ұқсағанымен де, жылқы тұқымдас болғандықтан жылқының қасиеттерін бойында сақтайды деп атап көрсетеді. Дегенмен олардың кейбір жылқыға тән емес болып көрінетін қа­сиеттері де бар болды. Қазіргі (қаражон) құ­ландардың кісінемей, ақыратыны, ал Жұмекең ағамыз (Ж.Қ.) айтқанындай өз елінде (түркімен жерінде) таза су іздеп, лайынан пысқырынып, мұрнын шүйіріп, жиіркеніп жатса-дағы, сыртта шөл әбден қысқанда, тіпті Аралдың әбден ашыған, минерал қалдықтарының құрамы әр литріне 18 граммнан келгенде де, әдетте іше қалса жылқыны қатырып түсіретіндей ащы суды ішіп жүре беруіне, төрт түлік жоламайтын дәмі де, иісі де жағымсыз шөпті азық қылуына ғалым­дардың куәлік етуі (Сотников В.Л.Ку­ланы. 1986) оларды жылқыдай текті малдан кәдімгідей алыстатыны да анық. Бірақ олардың жабайы есек емес, кәдімгі құланның бір түрі екені де тағы күмәнсіз.

1972-1978 жылдары Халықаралық табиғат және табиғи ресурстарды қорғау комиссиясының вице-төрағасы болған белгілі Кеңес зоологі, ғылым докторы, құландарды сонау 1942 жылдардан бастап әуелі Маңғолия жерінде, кейін – 1959-1980 жылдары Түрікменстандағы Бадхыз қорығы мен Аралдың Барсакелмес аралында зерттеген А.Банниковтің айтуынша, соңғы тұяғы Қазақстанда 1930 жылдардың аяғында жоқ болған құландар (Equus hemionus finshi Matschie) ол тұ­қымдастардың ірі түрлері еді, ал тү­р­кі­мен­нің Марысынан қазақ жеріне әке­лінген құландар (Equus hemionus onager Boddaret) – олардың тұрқы кішкене ғана түрлері.

«Нағыз құлан осы болар-ау» деп жорамалданатын, керқұлан делінетін, ал биолог-ғалым түзат деуді ұсынған Германиядан әкелінген «құландар» – бүгінгі таңда әлемнің зообақтарында ғана сақталып қалған Пржевальский жылқылары. Бұл хайуандардың құлын­дары бизнесі зоология әлеміне қатысты мамандардың арнайы тапсырысымен әлдебір Н.Ассанов дейтін көпес жалдап алған аңшылардың көмегімен Жоңғар Гобиінен (олардың әлектеніп әкеле жат­қан құлындарын жағымсыз сүт беріп өлтіріп алған сәтсіздігінен кейін) 1899 жылдың көктемінде Бийскіге алдырылып, ол жақтан Оңтүстік Украинадағы Аскония-Нова паркіне апарылса, 1901 жылы Гамбургтік белгілі аң сатушы К.Гагенбек сол Н.Ассановтан әуелі 28, келесі жылы тағы 11 бас құлын сатып алып, Еуропаның әртүрлі зообақтарына жеткізіпті. Сол кезеңдерде Еуропаға алдырылған 52 таза қанды Пржевальский жылқысы мен оның 2 гибридінің (үй биесі мен жабайы айғырдан тараған) тек үш қосағынан олардың ұрпағы жаңа мекендерінде жалғасып кеткен кө­рінеді. Мюнхеннің Хеллабруни зооба­ғынан Қазақстанға 2003, 2007 жылдары әкелінген жабайы жылқылар – сол ар жағы жоңғарлық Гобиден құлын кезінде Еуропа еліне асырылған Пржевальский жылқылары (түзаттар). Бұлар құланға жатпайды.

Ал енді «құлан болып жүрген» домбайға қайтып келелік. Бұл жабайы есектер қазақ жерінде анық болса, олар­дың басы бағзы замандарда құрып кеткен. Ал бұл хайуанды олардың әлемдегі тұқымы сақталған жерлерден біздің елге әкеліп, «тірілтуге» бағытталған іс қажет деп таппауға байланысты қолға алынбаған. Домбайлар жылқы тектес құландардан тек тұяқтары мен жал, құйрықтарының түрлерімен, терісінің өңімен және де басқалай жайларының (шабыс жылдамдығы, жем-шөптерінің әрқилылығы, қолға үйренімдігі, т.б.) өзгешелігімен ғана емес, сонымен бірге омыртқаларының да, хромосамаларының санымен де ерекшелінеді.

Түркіменстанның Бадхыз қорығынан сонау 1953 жылдардан бастап Аралға әкелініп, кейін Қазақстанның өзге жерлеріне таратылған, «осының өзі домбай емес пе екен» деген күдікке ұшыраған жылқы туыстас хайуанат өкілі – ғылыми әдебиетте Түрікменстан құланы деп аталатын қаражал құлан. Бүгінгі таңда қазақ жерінде одан басқа құлан баласы жоқ.

 

Әзірбай ОРАЗ

 

Маңғыстау облысы