Қазіргі кезде өңірде қала мен су басу қаупі бар елді мекендерді тасқын судың қатерінен қорғау үшін жедел штаб құрылды. Бірер күн бұрын Байғанин ауданының Алтай батыр ауылында Ноғайты өзені арнасынан тасып, тас жолдағы өткелді су шайып, бетон көпірді бұзып кетті. Ауыл үйлері мен қораларды су басып, тұрғындар өз күшімен су келетін ылдиға құм толтырылған қаптар әзірледі. Қорасы белге дейін суға толған жұрт малды қыр басына айдады.
Соңғы бір апта бойы жауған қар аралас жаңбыр салдарынан жауын-шашын мөлшері айлық норманың 81 %-ын құрап, оған күннің күрт жылынуы қосылып Ақтөбе қаласының көшелерін де су басты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл қар екі есе көп жауды әрі күн былтырғыдан үш апта ертерек күрт жылынды. Тап осындай табиғаттың өзгерісіне Ақтөбе қаласының коммуналдық мекемелері мен қар шығаруға жауапты мердігер серіктестіктер дайын болмай шықты. Олардың жұмысының салғырттығынан қала тұрғындарының көшеде жүріп-тұруы қиындады. Өкініштісі, жыл сайын ақтөбеліктер осындай әбігерге түседі. Таңертеңгілік орталық көшелердің ортан белден су басуы қоғамдық көліктердің жүруіне қиындық келтірді. Оған ең алдымен қарды қыс бойы уақтылы полигонға шығармаған мердігер мекемелер кінәлі. Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребековтің айтуынша, қар тазалауға мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған мекемелердің қар шығаратын, тиейтін ауыр техникалары болмаған. Екінші жағынан қала көшелерінде суағарлар жүйесі, арықтар дамымаған. Көп көшеде суағарлар мүлде жоқ. Ал соңғы жылдары салынған арықтарға бірнеше күннен бері су бармай, көше бойында көлкілдеп жатыр. Осындай оралымсыздықтар Ақтөбе қаласының жол инфрақұрылымын жобалауда инженерлік нақты есептеулер жүргізілмегенін, суағарлардың көзбен жобалап салынғанын көрсетті. Өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті құрылғылар мен заманауи техникалар, су сорғыштар, жабық суағарлардағы қатқан мұзды тазалап, ерітетін құралдар да жоқ.
Далалық өзендер бойындағы елді мекендерде көктемгі су тасқыны ағыны былтырғыдан жоғары болады деп күтілуде. Қар былтырғыдан да қалың жатыр, әрі өзен бассейндеріндегі топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіші жоғары. Жылда сәуірдің 10-15 күндері дала өзендері тасиды. Биыл да шамамен сол аралықта су таситын болар. Дегенмен Ақтөбе облысының аумағынан өтіп жатқан Жем,Темір, Ор, Ырғыз, Жіңішке, Елек өзендерінің арналары тым ортайып кеткен.
Облыстық полиция департаментінің жеке құрамы да күшейтілген жұмыс режіміне көшті. Гарнизонның жеке құрамының су басу қаупі төнгенде қоғамдық тәртіпті сақтау мен жолдарды жабу даярлығы тексерілді. Су қоймалары жанында орналасқан елді мекендер мен саяжай массивтерін су басқан жағдайда ұрлық пен тонауға жол бермеудің алдын алуға нұсқаулық өткізілді.
Ақтөбе облысы әкімі Төтенше жағдай департаментінің мамандарымен бірге Алға ауданынан бастау алатын Жіңішке өзені және Темір ауданындағы Темір, Жем өзендерінің арнасын бақылап қайтты. Өйткені Темір ауданы аумағындағы «Шұбарқұдық-Ойыл» автокөлік жолының 16 шақырымында су шаю қаупі төніп тұр. Қазіргі кезде ТЖД және жол мамандары тасыған судың кідіріссіз өтіп кетуі үшін жол бойындағы өткелдерді тексеріп, тазартуға кірісті. Судың табиғи арналарын бөгеп тұрған құрылыстар қалада да, далада да жеткілікті. Әзірге өңірдегі үш Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймасындағы жағдай тұрақты. Ақтөбе облысында ең күшті су тасқыны 2017 жылы болды. Көктемде қар бірден еріп, қоймалар суға толды әрі сол кезде су жан-жақтан келген еді. Айта кету керек, Ақтөбе және Қарғалы су қоймалары 1975 жылы, ал Сазды су қоймасы 1966 жылы тұрғызылған.
Ақтөбе облысы