Шаруашылық • 10 Наурыз, 2023

Жанармай шаруаға дер кезінде жетсе...

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ішкі қажеттілікті жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуді бөлек бір сала деп атауға болады. Барлық мәселенің оған тікелей не жанама қатысы бар. Әсіресе маусымдық дала жұмыстары кезінде дизель отынын жеткізуде іркілістер орын алып, оның бағасы күрт өсіп кетеді.

Жанармай шаруаға дер кезінде жетсе...

Егіс науқаны қарсаңында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толықтыру, делдалдық схемалардың алдын алу, сондай-ақ жалпы сауда-саттықтың ашықтығын арттыру мәселесіне жіті назар аударылып жатыр. Өйткені алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу, жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстау бойынша қолға алынар шаралар аз емес.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында жұмысын тоқтатқан шаруашылықтар есебінен жеңілдетілген дизель отынының көлемін арттыру фактілері тіркелді. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүр­гі­зу­дің нәтижесінде, жұмысын тоқ­тат­қан агроқұрылымдардың есебінен өңір­ге же­ңіл­детілген дизель отыны көле­мінің қа­жет­тілігін арттыру және оны опера­тор­лардың арасында әділетсіз бөлу дерек­те­рі анық­талды.

Сондай-ақ осы өңірде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлінгенде өңірдің ауа райы есепке алынбаған. Салдарынан егіншілікпен айналысатын 3,5 мың диқан көктемде бірқатар қиындыққа ұшырап келген. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңір диқан­да­рына арзандатылған дизель отыны кли­­маттық жағдайлар есепке алынбай бө­лі­н­ген. Бұл мәселені жанар-жағармай мате­риалдарының операторлары көтерді. Ведомствоның хабарлауынша, Энергетика министрлігі өңір фермерлерінің маусымдық дала жұмыстарына қажет дизель отынының көп бөлігін техникалық сипаттамалары елдің солтүстік өңірлерінің ауа райына сәйкес келмейтін Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөліп келген. Соның салдарынан жанар-жағармай қатып қалып, көктемгі дала жұмыстарының кешеуілдеуіне, қым­бат шетелдік ауыл шаруашылығы тех­ни­­­­касының істен шығуына әкеп соқтыр­ды. Жыл сайын облыстың 3,5 мыңға жуық шаруасы осындай проблемаға ұрынып келген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі­нің алаңында ведомствоаралық жұмыс кеңесін ұйымдастырып, онда жоғарыда аталған мәселе Энергетика министрлігі бас­шылығына жеткізілді. Нәтижесінде, осы жылғы көктемгі дала жұмыстарына сол­­түстік өңір үшін неғұрлым бейімді Пав­ло­дар мұнай-химия зауытынан 53 мың тон­на дизель отынын бөлу туралы шешім қа­былданды.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қазір маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктері іске қосылды. Атап айтқанда, дизель отынын бөлудің барлық үдерісін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөнін­де­гі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе­сін­де электрондық қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалар жобасы әзірленген.

Сонымен қатар жуырда елден бен­зин­ді, дизель отынын және мұнай өнім­де­рінің жеке­леген түрлерін көліктің барлық түрімен әкетуге төрт айға тыйым­ са­­лын­­ды. Энергетика министрлігінің тү­сін­діруінше, біздегі бензин мен дизель отынының бөлшек сауда бағасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға қарағанда төмен болғандықтан, бұл шекара маңындағы облыстардағы транзиттік көлік жүргізушілерінің жанар-жағармай материалдарына деген жоғары сұранысын туғызады. Сондай-ақ бұл транзиттік жүр­гізу­шілерді, жергілікті және шекаралас аудандардың тұрғындарын республикада жанармай құюға ғана емес, жанармай сатуға да итермелейді. Сондықтан тыйым салу ұлттық экономиканың тұрақтылығын қам­тамасыз ету мен ішкі нарықта мұнай өнім­дерінің тапшылығын болдырмау үшін енгі­зіліп отыр.

Алдағы көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Ақпан айында мұнай өңдеу зауыттары – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге бағамен жанар-жағармай сатуға тиіс. Маңызды міндет – жанғыш отынды шаруаға уақтылы жеткізу.

Ал қазіргі сәтте елімізде дизель өнді­рі­сі артқанымен, баға өсіп жатыр. 2023 жылдың қаңтарында 494,1 мың тонна бензин өндірілді, бұл өткен жылмен салыс­тыр­ған­да 20,6%-ға артық. Сол секілді дизель отынын шығару 13%-ға, 421,8 мың тоннаға дейін өсті.

Ең көп бензин ‒ 196,7 мың тонна Шым­кент­те, яғни «ПетроҚазақстан ойл продактс» мұнай өңдеу зауытында өндіріл­ген. Екінші орынға 155,1 мың тоннамен Павлодар мұнай өңдеу зауыты шықты. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты 141,7 мың тонна жанармай шығарды. Сол секілді дизель отынын өндіру бойынша Павлодар облысы да алда болды: 149,1 мың тонна ‒ өткен жыл­мен салыстырғанда 11,1%-ға артық. Тағы 148 мың тонна Шымкентте және 109,4 мың тонна Атырау облысында шығарылды.

Былтыр Қазақстанда дизель отынының бағасы 15,7%-ға, айтарлықтай өсті, ал бензин бір жылда 0,1%-ға арзандаған. Дизель бағасының өсуін Атырау облысының тұр­ғындары қатты сезінді, мұнда өсу бір жылда бірден 44,8%-ды құрады. Солтүстік Қазақстан (+ 39,1%) және Шығыс Қазақстан (+ 37%) облыстарындағы бағалар да едәуір қымбаттады. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматыда баға­лар өткен жылдың деңгейінде қалды. Ұлы­тау облысында дизель отыны 2,8%-ға арзан­даған.

Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша елімізде 5 млн тонна бензин және 5,4 млн тонна дизель отыны өндірілді. Өндірістің өсуі сәйкесінше 3,1%-ды және 8,3%-ды құрады. Ішкі нарықта бензинді сату 5 млн тоннаға тең болды, бұл 2021 жылдың нәтижелеріне қарағанда 5,7%-ға көп. Сондай-ақ былтыр жергілікті компаниялар бензинмен ішкі нарықты толы­ғы­мен қамтамасыз етті. Елге 43,3 мың тонна бензин әкелінді. Сектордағы барлық заңнамалық шектеуді ескере отырып, экспортқа ресурстың небәрі 0,5%-ы немесе 24,2 мың тонна бензин жіберілді, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 76%-ға аз. Ішкі нарықта 5 млн тонна бензин сатылды.

Сонымен бірге жергілікті компаниялар ішкі нарықты дизель отынымен 100%-ға жуық қамтамасыз етті. Импорт тиісінше 3,2%-ға дейін қысқарып, елге 177,7 мың тонна дизель отыны әкелінді. Ал ішкі нарықта сату 7%-ға артып, 5,5 мың тоннаға жетті.