Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек», деді. Саяси тұғырнамасында Президент «Қазақстандағы олигопольдік капитализм әлеуметтік теңсіздікті тудырғанын», сондай-ақ «кедейлік тұзағынан» шығу қажеттілігі туралы, оны құрудағы монополистердің айтарлықтай теріс рөл атқарғанын, олардың үлесіне сарапшылар есептегендей, ұлттық табыстың үштен екі, ал халыққа үштен бір бөлігінен азы ғана тиесілі болғанын ерекше атап өтті. Ал шын мәнінде бұл «көрсеткіш» керісінше болуы керек еді. Әрине, мұның себептері тереңде жатыр. Ең алдымен, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жылдар бойы қалыптасқан теріс трансформациялық үдерістерді атап өту қажет. Шынында да, қабылданған шешімдерге жауапкершілік болмауы, ведомостволық бөліністе сапа мен кәсібиліктің төмендеуі байқалды.
Тәуелсіз реформалар жылдарында көптеген мемлекеттік, салалық және аймақтық даму бағдарламасы қабылданды. Соңғы екі онжылдықта көптеген бастама сәтсіздікке ұшырады, бағдарламалар мақсатты бағыттар бойынша орындалмай қалды немесе керісінше, мерзімінен бұрын орындалды да үнемі түзетулер енгізіліп отырды. Ал мұның барлығы бағдарламалық құжаттардың қатаң ғылыми-әдістемелік негіздеу сатысынан өтпегендігінен еді. Осылайша, индустриялық-инновациялық негізде экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру үлкен сәтсіздікке ұшырады.
Жиырма жылға жуық уақыт ішінде бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды, бірақ іс жүзінде экономиканы әртараптандыру сезілмеді. Экономиканың өңдеу секторы өз өнімдерінің едәуір бөлігі бойынша әлемдік экономикада ғана емес, ЕАЭО-ның жалпы нарығында да бәсекеге мүлдем қабілетсіз екенін көрсетті. Басқаша айтқанда, ұлттық жоба шеңбері аясында аз немесе мүлдем тиімсіз бағдарламалар мен ішкі бағдарламалардың көптеген түрі жасалды. Бұл құжаттар, шын мәнінде, бағдарламалық жасақтама бола отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқаруға біршама кедергі келтіреді. Өйткені олар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қайшы келіп, жанама жұмыс істейтін кейбір мемлекеттік бағдарламаларды немесе олардың жеке міндеттерін толығымен қайталады. Басқарудағы бұл сәйкессіздік іс жүзінде барлық экономиканың «Forbes Қазақстан» тізіміндегі «ықпалды» деп танылған бірнеше адамның қолында болуымен байланысты еді. Өйткені жекешелендіру кезінде мемлекеттік меншік мүдделі тараптардың шағын тобының пайдасына шешілді, Ұлттық қор қаражатына қол салу басталды, мемлекеттік сатып алу жүйесі де заңсыздықтар арқылы жүзеге асырылып келді.
Ең қауіптісі, өңірлердің даму деңгейіндегі, барлық тұрғын халықтың өмір сүруіндегі алшақтыққа алып келді. Өңірлерді дамытудың экономикалық деңгейлерін теңестіруге бағытталған аймақтық саясаттың бұл ұстанымы мемлекеттік басқарудың бұрыннан келе жатқан идеясы болғанымен, алға қойған мақсатқа жетудің нақты нәтижесін көрсете алмады. Пайымдап қарасақ, бұл мақсатқа жету мүмкін емес, өйткені бұл меже методологиялық мағынада әртүрлі табиғи ресурстары бар дамыған елдерде де сынға төтеп бере алмайды. Салалар мен салалық кешендерді мамандандыруда бәсекелестік артықшылықтарды тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірлік кластерлерді қалыптастыру негізінде өңірлердің әлеуетін барынша арттыру қажет.
1990-1995 жылдарда мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі қызметтерінде ғылыми ортадан шыққан адамдар болғаны есімде. Олардың қолы таза еді және интеллектуалдық қадір-қасиеті жоғары болды. Сондықтан да олар ел үшін тиімсіз, қолайсыз шешімдердің қабылдануына жол бермеді.
Облыс әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау жүйесімен байланысты тиімді өңірлік саясатты қалыптастыру үдерістерін тежейтін тағы бір қағидатты атап өтуге болады. Басқару жүйесінің ардагерлерінің есінде болуы керек, бұрын бұл бағалау тәсілі екі рет – 90-жылдардың екінші жартысында және 2000-жылдардың бірінші жартысында қолданылған. Бірақ бұл қағидат абсурдқа дейін жетті. Өйткені бағалау әдістемесінің негізіне облыс әкімдерінің бақылауындағы аймақтардың өздері ұсынған ақпарат негізге алынды.
Қазір Үкіметте бұл жүйені тағы, яғни үшінші рет енгізу идеясы қозғалып отыр. Осыған байланысты сұрақ туындайды. Біз осы қадам арқылы бұрынғы қателікті қайталап отырған жоқпыз ба? Бұл жүйе негізінен жинақталған көкейкесті мәселелерді шешу үшін не бере алады? Қазіргі жағдайда аталған жүйе онша тиімді емес. Себебі, мемлекеттік статистика экономиканы, яғни оның өте жабық квазимемлекеттік секторында үлкен сенім тудырмайды. Бірақ рейтингтік бағалау мүмкіндігінше объективті болса және ең бастысы, олар өңірлерді дамыту бойынша нақты жүйелі іс-қимылдарды негізге алса, ол әлі де оң рөл атқара алады. Түйінді әрі көкейкесті мәселелерді шешпей қандай да бір тиімді экономикалық дамудан үміттену қиынға соғады.
Биліктің барлық тармақтарының, негізінен атқарушы биліктің міндеті болып саналатын ықтимал шешімнің егжей-тегжейіне үңілмей-ақ, осы мәселеге қатысты ойларды жалпылама түрде айтуға болады. Ең алдымен, үйлесімділіктің теңгерімді механизмін ескере отырып, дамуды басқару міндеттеріне мемлекеттік көзқарастың бұрынғы басымдығын қалпына келтіру қажет. Ол үшін ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың әлеуетін тарту негізінде ағымдағы, орта және ұзақмерзімді дамудың мақсаттары мен міндеттерін жоғары тиімді болжау, қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін сараланған, ойластырылған түрде жоспарлау қажет. Басқару жүйесінің жоспарларын жүзеге асыру үдерістерін қатаң мониторингтеу негізінде іс-шараларды орындау үшін жауапкершілік енгізу сияқты мәселелер шешімін табуға тиіс.
1990-1995 жылдарда мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі қызметтерінде ғылыми ортадан шыққан адамдар болғаны есімде. Олардың қолы таза еді және интеллектуалдық қадір-қасиеті жоғары болды. Сондықтан да олар ел үшін тиімсіз, қолайсыз шешімдердің қабылдануына жол бермеді. Біраз уақыттан кейін, 1996-2000 жылдары мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық тәсіл әкелген және бюрократиялық жүйеге қарқын берген көптеген табысты кәсіпкер шақырылды. Олар елдің жалпы дамуымен ұштастыра бермесе де, біраз нақты мәселелердің шешілуін жеделдету жолында көп еңбек сіңірді. Бейнелеп айтқанда, олар жеке ағаштарды анық байқағанымен, орманды тұтастай көре алмады.
Бірақ ең сорақысы сол кезде мемлекет мүддесіне қайшы келетін топтық кәсіпкерлік мүдделер пайда болды. Одан кейін кадр саясатында «кәсіби мемлекеттік қызметкерлерге» сүйену тәсілі басым болған 2001-2010 жылдар кезеңі келді. Бұл іс жүзінде «сұр пиджактар» ортасына сыймайтын адамдарды басқару жүйесінен ығыстыру кезеңі еді. Ақырында 2011-2021 жылдары билікте шенеунік кейпіне енген, «биліктегі бизнесмендерге» айналған және өздері басқарған салалар туралы әлсіз түсінікке ие адамдар тобы қалыптасты. Бұл елді «Қасіретті қаңтар» оқиғасына алып келді. Қаңтар оқиғаларынан кейін «биліктегі бизнесмендер» негізгі лауазымдардан шеттетілді. Бірақ олар артынан экономикалық және жалпы барлық ғылымдардан алыс, бірақ өздері мен ведомстволары туралы ақпаратты тиімді ұсыну қабілетін дамытқан шенеуніктерден тұратын мемлекеттік басқарудың бағытталмаған жүйесін қалдырып кетті.
Негізгі мәселелер шешілмей қандай да бір тиімді экономикалық саясаттан үміттену қиынға соғады. Стратегиялық жоспарлаудың мақсаттары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарау қажет. Егер біз қоғамда түсіністік пен қолдауға ие, әсіресе, «кәсіби үкімет» басымдығы бар «Қазақстан-2030» сияқты ұзақмерзімді стратегияны дәйекті түрде іске асыратын болсақ, бүгінде жағдай мүлде басқаша болар еді. Алайда стратегияны мерзімінен бұрын орындалды деп жариялауға асығып, «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданды. Сондықтан да көп жағдайда, мемлекеттік және ведомстволық басқарудың кәсіби деңгейін көтеру мүмкін болмады. Осыған байланысты екі міндетті бірінші кезектегі және кідіріссіз деп санауға болады, олар – жалпы ғылымның да, жеке экономика ғылымының да бұрынғы беделін көтеру, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволардағы басқару жүйесінің кәсіби деңгейін және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті арттыру.
Қазіргі уақытта мемлекетіміз дамудың жаңа негіздерін құруға қадам жасап, өтпелі кезеңде тұр. Соның бірі – Парламент Мәжілісінің сайлауы. Бұл сайлау саяси жүйені ішінара жаңартуға, ал одан кейін болатын Үкіметтің ауысуы – ел дамуының оң векторын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, біз бұл міндеттерді оңтайлы шеше алсақ, шын мәнінде Әділетті Қазақстан құра аламыз.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Парламент Сенатының VII шақырылым депутаты