Әдебиет • 12 Наурыз, 2023

«Қара кемпір»

856 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Музыка мәтініндегі драма ойыңды онға бөлетіні, жан әлеміңді тас-талқан ететіні рас. Бұл әнде пафос та, лирика да жоқ. Есесіне ұлттың трагедиясынан аза бойың қаза болғандай күй кешесің. Бір ғасырдың қасіреті көз алдыңнан кино сюжеті секілді өтіп жатады. Талғамсыздық салтанат құрған ғасырда «Қара кемпір» секілді шығармаларды бір мезгіл тыңдап тұрғанның артықтығы жоқ.

«Қара кемпір»

«Сағындым Жексенқұлым,

Қосшықұлым,

Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы ананың,

Зарына құлағыңды тосшы бүгін»,

деп басталатын әндегі азалы үн Алтынбек Қоразбаевтың даусымен құлағыңа жеткенде жанарың жасқа шыланып кететіні даусыз. Енді ше, жылдар бойы ұлдарының қазасына сенбеген ананың бейнесі өн бойыңды шырмап алмай қайтсін...

«Қара кемпірді» тыңдаған сәтте боз жусанды жамылған даланың төбесінен қара бұлт төніп тұрғандай көрінеді. Жай бұлт емес, қайғыны, қасіретті жетектеген, көк жүзінде жанына мұң толтырып жүзген қатпар бұлт па дерсің.

Содан соң... Кейуананың үміт пен күдік­ке толған жанарын көресің, сезінесің. Жексенқұлы мен Қосшығұлының өліміне сенбейтін, жүрегі әлдебір әлсіз үміттің сәу­лесіне сенген, жүзіндегі тарамдалған әжі­мін үміт жарығына алмастырғысы келген ана...

Жаның ауырады. Майданға аттанған қос құлыншағының жолына өлгенше қараған шешейдің мұңы бойыңды билеп ала беретіні рас қой. Қай ана баласын өлімге қисын... Қисынға салсақ, ешкім де қи­майды ғой. Ол «екі ұлың ерлікпен мерт бол­ды» деген хабарға да сенбейді, сенгісі келмей­ді. Илануға қақысы жоқтай көрінеді. Жаны­ның жарасын жасырғысы келген ананың жан қасіреті... Кімді де болсын ойландырмай, толғандырмай қоймайды.

«Қара кемпір» әні арқылы күллі қазақ­қа танылған Қызылсайға табаның тисе, қара кемпірдің мұңын еститіндей сезім бойыңды билей түседі. Драмалық ән шу­мақ­тары бойыңды өрттей шарпып өте­тіндей ме?! Қара кемпірдің үні көктен естіліп, жерде жаңғырып, жаныңды қояр­ға жер таппай кететінің айдан анық. Қысқасы, Қоразбаев «Қара кемпірі» арқы­лы әдебиетте жасалуы тиіс типтік образды әнімен жасады. Әнмен қойылған ескерт­кіш демеске лажың да жоқ.

«Қызылсай қырат-қырат белесі көп,

Белесте қос боздақтың елесі көп.

Білемін өлім бар ғой өле алмаймын,

Өйткені мал-мүлкімнің егесі жоқ.

 

Көңілім сонша неге қоңырлайды-ау,

Торлап бір алғаны ма өмір қайғы.

Ата су Аспараға сағындырған,

Қос қозым неге келіп шомылмайды»,

деген ән жолдары – ананың жан қайғысы. Әннің бүкіл табиғаты осы екі шумаққа сыйып кеткендей күй кешесің. Әрине, жан толғауының басқа шумақтары да кісі баласын бейжай қалдырмайтыны анық.

Майдан даласында Қызылсайдан кеткен қаншама сарбаз оралмады десеңізші. Үміт еткен көзінің нұрындай балаларының жолына көзі талғанша қараған аналар аз емес қой. Соғыс трагедиясы талай нәзік жанның жүрегін жұлым-жұлым, жырым-жырым еткені ақиқат. Қайғырған шешелердің азалы үнін есту қандай ауыр. Сол қасіретті жүрек көзінен өткізген Алтынбектің әні ескірмейтіні даусыз.

«Қара кемпір» әні туралы талай қа­лам­гер, тіршілігін тілшілікпен байла­ныстырған журналистер толғана отырып жазғаны да мәлім. Ғасыр қасіретін жырлаған әнге қойылған ескерткіш те бар. Әсіресе белгілі журналист Қали Сәрсен­байдың жазбасы жүректі шымырлата түсетіні даусыз. Ән­нің драмасы сартап далаға жайылғанда Қызыл­сайдың өзі де қызарып кететін сияқты...

Әнді жазған Алтынбек Қоразбаев «Қара кемпірдің» жан әлеміне дендеп еніп кеткені талас тудырмайды. Өйткені шығармадағы күллі қасірет тыңдарманның бойына сіңіп қалады. Автормен бірге қайғыра түсесің, ойға шомасың...

«Қайсыбір жылы елді мекен іргесіне тікұшақ қонған екен. Сол кезде кейуана: «Барыңдаршы, сұраңдаршы, қос құлын­шағымды көрген болар» деген екен. Ана­ның азасын түсінген халық: «Расында, ұлда­рыңызды көріпті. Олар көк жүзінде ұшып жүр екен» деп кейуананы жұбатқан деседі. Сонда ол: «Қосшығұлым мен Жек­сен­құлым тірі деп айттым ғой. Олар әлі келеді», деген сенімін жасырмапты», деген Алтынбек Қоразбаевтың пікірі жүректі тілгілей түсетіндей.

Қанды соғыс қасіреті қаншама отбасы­ның үмітін үзді десеңізші. «Қара кемпірді» тыңдаған сайын қазақ даласы мен қазақ баласы бастан кешкен қасірет көз алдыңа түрлі бейнеде тұрып алады. Жүрекке сал­мағы зілмауыр жүк артатын ән есті ұрпақ­тың жадынан ешқашан өшпесі анық. Өйт­кені мұнда бір ананың ғана емес, бір ұлттың трагедиясы тұнып тұр. Оған ешкімнің дауы жоқ.

Неге екенін қайдам, «Қара кемпір» туын­дысын тыңдаған сайын Қызылсай көз алдыма келе береді. «Қара қағаз» Қызыл­сайға, қырғыздың қызына, кейуанаға жет­пеуі керек пе еді деген ой санаңда тұрып ала­ды. Бірақ ол біздің қиял ғана ғой. Кейуананың есін жоғалтуына әсер еткені­мен, қаралы хабар оның үмітін сөндіре алмап еді-ау. Тек азалы жанның жүрегіне дақ түсірді...

Әнге арқау болған «Қара кемпірдің» ескерткіші еңкіш тарта қоймас. Өйткені оның мұңы – қазақтың трагедиясы, қазақ аналарының жазылмас қасіреті. Бүгінде аз ғана мал айдаған әйел затын көрсек, «Қара кемпір» ойға оралатыны бар. Содан соң, Алтынбектің әнін қайта тыңдайсың, бір емес, бірнеше мәрте... Өміршең әннің өлмеуінің сыры да тарихында жатса керек...

 

Жамбыл облысы