Мысалы, 11 сәуірде Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылына апаратын күре жолдың үстімен қызыл су жүріп, әлеуметтік желіде «Жолды қарғын су жырып кетті» деген хабар тараған. Шалғай жатқан екі ауылға апаратын жалғыз жолдың жағдайын білмекке аудан әкімі Шота Оспановқа хабарластық.
– Ақкөл мен Ахмет ауылына баратын жолдың былтыр жөндеу жүргізілмеген ойпаңдау бөлігінің төрт жерінен қызыл су асып кеткені рас. Жалпы жолдың асфальт төселмеген жерлері сазға айналып, мәшинелерді жүргізбей жатыр. Бірақ еріген қардың суы жолды жырып кете алған жоқ. Жолдың бір жағынан екінші жағына қарай асып құйылуда. 12 сәуірде осы төрт учаскенің екі жағын биіктеп, қызыл суды тоқтаттық. Былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай басталған бұл жолдың құрылысы әлі де жалғасады. Биыл Ахмет ауылынан бері қарай отыз шақырымдай жолға қиыршықтас төселеді. Келесі жылы оның үстіне асфальт жүргіземіз. Қазір кебір құжаттарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Қаражаты бар. Алдағы бір-екі күн ішінде мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаймыз, деді Шота Оспанов.
Аудан әкімінің айтуынша, Торғай өңірінде былтыр күзде жауын-шашын көп болып, жаңбырдың суы сол күйі жерге сіңбей мұз болып қатып қалған. Жерге байланған тоң да қалың, бір метрге дейін жетеді. Қазір кейбір елді мекендерде сол суды сорғыту жұмыстары жүріп жатыр. Құтқарушылар осыдан бір-екі күн бұрын Түйемойнақ, Шеген ауылдарында құрғату жұмыстарын атқарған. Оларға облыс орталығынан арнайы техникалары бар 18 адам көмекке келіпті. Жангелдин ауданына Ұлытау жақтан келетін тасқын судың алды сәуірде ғана жететіндіктен, өзен-көлдерге жақын орналасқан ауылдарға, қазірше, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан құтқарушылар қазір еріген қар суының алдын тосуға күш салып жатыр.
Арқалық, Амангелді, Жанкелдин, Наурызым, Әулиекөл және Қарасу аудандарында қар ери бастады. Бұл аудандардағы 37 елді мекен, яғни 808 тұрғын үй қырдан келетін қызыл судың астында қалуы ықтимал. Қазір бұл өңірлерде ұзын саны 12 мың адамға жететін 253 эвакуациялық орын дайындалған. Құтқарушылар қазірден бастап өзен-көлдердің деңгейін бақылауға кірісіп жатыр. Судың өз арнасымен еркін ағуын қамтамасыз ету үшін биыл су айдындарында 51 мың текше метр мұз жарылады.
– Торғай өңірінде елді мекендердің біразы өзенге жақын орналасқан.
Мұндай ауылдар Тобыл өзенінің бойында да көп. Осындай қауіпті өзен арналарында жару жұмыстары жүреді. Конкурстық жұмыстар мен ғарыштан бақылау жүргізуге 91 млн теңге қаржы қарастырылған. Жалпы саны 90 елді мекен енетін бірнеше ауданда құтқарушылар жеке құрамы күшейтілген режімдегі жұмыс тәртібіне көшті, дейді облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары Аслан Махмұтов.
Таяуда ғана республикалық «Көктем-2023» оқу-жаттығу шаралары аясында өңірдегі құтқару қызметтерінің, қала және аудан әкімдіктерінің алдағы су тасқынына дайындығы пысықталды. Шараның басты мақсаты – азаматтық қорғаныс күштері мен техника құралдарын қар ерімей тұрып тағы бір сынақтан өткізіп алу.
Наурыздың бесінде Қостанай қаласының іргесіндегі Дружба елді мекені мен Тобыл қаласының маңына шоғырланған құтқару күштері екі күн бойы тасқынға тосқауыл болатын жаттығулар жасап, техникалық мүмкіндіктерін тексеріп көрді. Сондай-ақ, елді мекендерге жақын жат-қан арықтарды, су өткелдері мен құбырларды тазалау, қар шығару жұмыстары жүргізілді.
Мамандар биыл Ресейден келетін су жылдағы мөлшерден аз болады деп отыр. Дегенмен, қар аз деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Табиғат тосын мінез танытып қалған жағдайда, қызыл судан келетін қауіптің алдын алуға дайын отырған абзал. Құтқарушының техникасы сайлы, керек-жарағы дайын болуы шарт. Жалпы, облыста алдағы тасқынға қарсы шараларға 2,2 млрд теңге бөлінген. Қарғын судан қауіп наурыз айының соңы мен сәуір айының ортасында күшейеді деген болжам бар.
Қостанай облысы