Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта арық жүйесі тереңдетіліп, тазаланып жатыр.
«Жетісу облысы ТЖД-ға Кербұлақ ауданы Сарыөзек – Көктал автожолының бойында 9 км жерде орналасқан цемент өндіретін «Alacem» зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ. Алайда әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында егістіктерден мол қар еру салдарынан зауыт аумағының еңіс ағынымен су басқаны туралы видео түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланғаны анықталды. Қызметкерлердің жұмылдырылуымен еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар қабылданды. Зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ зауытқа да залал келген жоқ», деді департамент басшысы Игорь Жуков.
Айта кетерлігі, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында да аула аумағын су басу салдарының алды алынды. Жергілікті жерлерде жеке құрамның 10 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ал Ескелді ауданында қардың қарқынды еруі мен арық жүйесінің тазаланбауынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жол бөлігі су астында қалды. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, каналдарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режімде өтеді.
«Қазгидромет» РМК дауылды ескертуіне сәйкес жаңбыр түріндегі жауын-шашын болжамына, сондай-ақ өткен аптадағы температура фонының жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі күтіліп отыр. Жетісу өңірінде еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, бұл ретте судың төгілуі мен су басуы мүмкін», дейді И.Жуков.
Жалпы, Жетісу өңіріндегі су тасқынының жағдайы бақылауда. Су тасқынының алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері азаматтарды канал жүйелерін тазартуға, аула аумақтарын тазалауға көмектесуге шақырады.
Жетісу облысы