Пікір • 14 Наурыз, 2023

Вейп пен «кайф»

760 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде іс-қағаздарды жүргізу элек­тронды нұсқаға көшіп жатқаны белгілі. Цифрлы қоғамға нық қадам басқанның әсері ме екен, тұрғындар электронды темекіні қолдана бастады. Өкініштісі сол, жасөспірімдер, әсіресе қыздар арасында бұл әдет белең алып, қоғамның дертіне айналып отыр. Ұят қысып, бір бұрышта тығылып тарту жоқ қазір.

«Анадай темекі емес қой» деп электронды шылымның зиянын жоққа шыға­ратындар бар. «Электронды темекі мен айкостың шы­лымға қарағанда зияны аз» деген пі­кір­дің жаңсақ екенін арнайы зерттеулер дәлелдеп берді. Зерттеушілердің айтуынша, электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Вейптің қаптамасындағы никотин жоқ деген жазуға бейқам қарауға болмас. АҚШ-та жүргізілген зерттеу сол елде сатылатын вейптердің 99 пайызында никотин бар екенін көрсетіпті.

Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде бу шығаруға арналған қыздыратын құ­рылғы ерін мен ауыз қуысының шырышты қабығын, сондай-ақ тыныс алу жолдарын күйдіреді. Темекі сұйық­тықтығының құрамына кіретін диацетил тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдайды, оның салдары ты­ныс алуды тарылтатын бронхит болуы мүмкін. Қысқасы, никотин қатты тәуел­ді етіп, жасөспірімдердің миының да­муына зиян келтіреді. Мидың назар ауда­руға, оқуға, көңіл күйге жауап беретін бөлі­гі зақымдалады. Ғылымның сөзі бұл. Дәлелденген!

Алыстан мысал іздеп керек емес. Соңғы уақытта ТМД көлемінде, соның ішінде елімізде жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері жиі тіркеліп жүр. Кейбір вейптер 300 рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жа­са­ла­тындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін.

Жоғарыда айтқанымыздай, бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны белгілі. Тіпті қыз­дар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлде­бір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заря­ды, картридждегі өнімі қанша қал­ға­нын көрсететін индикатор-лампа қарас­ты­рылған. Сәйкесінше, жастар оны де-вайс, гаджет деп таниды.

Қазір кез келген гипермаркетке, ірі дү­­кен­­ге кірсеңіз, темекі өнімдері касса ал­дындағы биік орналасқан әдемі сөреде қаз-қатар тізіліп тұрады. Кассаға кезегіңіз­ді күткенше соны тамашалауға мәжбүрсіз. Бұл, әсіресе, жастардың оған деген ынта-ықы­ласын тудырады дейді мамандар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметінше, жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Бейресми мәлімет бойын­ша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Жыл сайын темекі зиянынан 8 миллионнан астам адамның өмірі қиылады екен. Олардың 7 миллионнан астамы темекі шегушілер мен бұрын темекі тұтынғандар, 1,2 миллионға жуығы темекі шекпейтін, бірақ темекі түтінінің әсеріне ұшырағандар.

Мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру маңызды. Темекі өндіру компанияларының белсенді жарнама жұмы­сы және темекі бағасының төмен болуы алаңдатады. Жасөспірімдер мен жас­тар арасында темекі шегудің алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуға тиіс. Дұрысы, жасөспірімдердің электронды теме­кіге деген құштарлығын заң арқылы тежеу керек. Түкірік үшін айыппұл қарастырылып жатқанда электронды шы­лымға қатысты айыппұлды реттеуге болатын шығар...