Біріншіден, бұл сайлау – билік тармақтарын реформалауға кеңінен жол ашады. Осы шақырылымда сайланатын депутаттар Әділетті Қазақстанды құру жолында бел шешіп күресетініне күмәнім жоқ.
Екіншіден, бұл сайлауда 7 партияның мүшелерімен қатар, партияларда жоқ азаматтардың да саяси додаға қатысуына жол ашылды. Бұл жағынан алғанда биылғы сайлау елдің барлық азаматының тең дәрежеде сайлауға түсуіне мүмкіндік жасалды. Сайлау қорытындысында мықты халықтық блок құрылатыны сөзсіз. Осы орайда 10 мыңнан астам азамат Мәжіліс пен мәслихаттар депутаты болып сайлануға өз құқығын пайдаланып отыр.
Үшіншіден, бұл сайлау науқанының маңызды ерекшелігі – партиялық тізімдердегі квотаның кеңеюі және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны есепке алу нормасы. Анығырақ айтқанда, Мәжіліс депутаттарын сайлауда партиялық тізімге әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар жандар да саяси үдерістерге қатысуда қиындықтарды бастан кешіретін әлеуметтік санат ретінде енгізіліп, саяси квота бекітілді. Мұның басты мақсаты – пікірлер плюрализмін қамтамасыз ету, біржақты көзқарасты жою және ортақ игілік үшін шешім қабылдауда мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету.
Сайлаудың осы ерекшеліктерге құрылған жүйесіне көшу біздің азаматтық және саяси белсенділігімізді арттыруға айтарлықтай серпін береді. Оның үстіне, бұл сайлауда саяси сынға түсушілердің сайлау науқанында бәсекеге қабілеттілігі тың үрдіске бағыт алғанын көреміз. Партиялар арасындағы бәсеке болсын, округтік сайлау арасындағы үміткерлердің бәсекесі болсын, олардың бәрі саяси науқанның көрігін қыздыра түскенін байқау қиын емес. Бұл сайлаудың құндылығы осында.
Сайлаушылар арасындағы енжарлық пен бейжайлықты жоюда бұл факторлар аса үлкен рөл атқарып отырғанын қазір ешкім де жоққа шығара алмайды. Кез келген партияның немесе кандидаттың және оның штабының мотивациясы мен көзқарасы, материалдық және адами ресурстары, науқанға дайындық деңгейі, креативі, шынайылығы сайлауалды науқанның жоғары деңгейде өтіп жатқанын білдіреді. Ал мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарын теңдей пайдалануға кепілдік беріп отыр. Заңнамалық тұрғыдан барлық кандидаттың мүмкіндігінің тең екені де осы сайлаудың әділетті өтуіне апаратын бірден-бір жол екені даусыз.
Сайлау – халықтық таңдау. Сондықтан да Қазақстанның барлық азаматын Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлауы күні өздерінің қалаған партиялары мен округтерінен түсіп жатқан кандидатына дауыс беруге шақырамын. Сіз сол арқылы Қазақстанда басталған саяси институттар реформасының сәтті өтуіне үлес қоса аласыз.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері