Руханият • 15 Наурыз, 2023

Жыл атаулары бейнеленген мұралар

1451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл атауларының шығу тарихы жайлы ғылыми-көпшілік болжам көп. Аталған тақырып бойынша зерттеу жасаған жаратылыстану мамандары 12 жыл атауы тіпті ғұндар дәуірінде болған деген пайым айтады. Соған қарағанда, жыл атауларының тарихы тым тереңде жатқан сыңайлы.

Жыл атаулары бейнеленген мұралар

Соңғы жылдары жыл атауларына ие хайуандардың бейнесі бәдізделген деректер табылып жатыр. Мысалы, мына бір ерте дәуірдің мұрасы металл тиынның (1-сурет) жиегін жағалата жыл атауы жануарлардың мүсіні шекітіліпті. Бұл жәдігерге ұзақ жыл зерттеу жүргізген британ оқымыстысы һәм шығыстанушы, оның сыртында ерте дәуір һәм ортағасырлық нумизматика маманы Стенли Лейн Пул (1854-1931): «Бұл алтын ақ­ша Шыңғыс қа­ғанның за­ма­­­нында соғыл­ған» деген пә­туа жасапты. Бір қызығы, тиын бе­тіндегі 12 жа­нуардың бірі ерек­ше айшықталған. Зерттеуші оны ақша-тиын соғылған жылдың белгісі деген пайым жасапты.сисм

Сол сияқты жыл атауы жануарлар бейнесі шекітілген тағы бір жәдігер 1957 жылы қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы жеріндегі Баба-ата қалашығының ескі жұртынан табыл­ған екен (2-сурет). Бұйымды тауып алған ар­хеологиялық топтың басшысы Таисия Сени­гова таза мыстан жасалған бұл затты «Түркі медалі» деп атапты. Жәдігер үш метр тереңдіктен табылған екен. Медальдың өң бе­тінде жыл атауы хайуандардың бейнесі салын­ған, ортасында шаршы тәріздес тесігі бар.

смисм

Табылған жәдігердің суретті бейнесін 1960 жылдары қазақ күнтізбесінің білгірі, жаратылыстанушы ғалым, өте құнды еңбек – «Қазақ календары» кітабының авторы Мыңбай Исқақов қалпына келтірген көрінеді. Ғалымның жазбасында: «Хайуандар қошқар мүйіз (спираль тәрізді) жолдың бойында біріне-бірі тіркесе орналасқан. Мұнда мешіннің суреті маймылға ұқсатылыпты. Соған қарағанда қазақтың мифтік ұғымындағы «маймыл адамнан азған» деген сөз еске түседі» депті.

Келесі тағы бір жыл атауы хай­уандар бейнеленген жәдігерді кеңестік дерек жинаушы Л.Э.Коруновксия деген адам Куз­нецк қала маңын­дағы ауыл тұр­ғыны ұлты телеуіт Серапион Шадаевтан 1927 жылы қалап алып, ғылыми айналымға енгізген екен. Бұл мұраны сақтаушылар оны «Йылын» деп атап және ерте ғасырдан бері ата-бабадан жалғасып келе жатқан дүние екенін айтыпты. Йылынның бас­ты сипаты – дөңгелек шеңбер ішінде ай және күннің бейнесі салынып, сыртқы шеңберді жағалата 12 жыл атауына ие жануарлар орналастырылыпты (3-сурет).

вау 

Төртінші бейне – жыл атаулары мүсіні тақтай­­шаға ойып салын­ған нұсқаны (4-сурет) кеңестік этнограф, музейта­нушы-архиварис А.Г.Данилин (1896-1942) алтайлық тұрғын­дардың қолынан 1928 жылы сатып алып, Петербордағы Эрмитаж қорына өткізген екен. Төрт бұрыш тақтайшаның ішіндегі шеңберлі формада жыл атауы 12 хайуанның мүсіні жеке-жеке оймышталып, ішкі үш шеңбердің ортасына көне азиялық көшпенділер символы шексіздік оюы салыныпты.

чсмч