Мереке • 16 Наурыз, 2023

Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері

441 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркі дүниесінің түбірі Тұран даласының әр тарабын мекендеген бауырлас халықтардың бірлігін бекемдеп, оларды ынтымаққа ұйыстыратын қуатты құндылықтарға бай. Біз айтып отырған құндылықтардың өзегі тарихқа өрнек салған мәдени мұраларда жатыр. Оларды танып-білу, зерттеп-зерделеу – маңызды міндет. Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде салтанат құрған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық ғылыми форумда түбі бір түркі халықтарының мәдениеті мен өнері зерделеніп, айшықты мұраларымызды насихаттаудың маңызды бағыттары сараланды.

Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бұл тұрғыда түгел түркі баласы ұлыстың ұлы күніне балайтын Наурыз мейрамының тамыры тереңде жатыр. Табиғатпен бірге адам жаны да жаңаратын, береке мен бауырмалдыққа бастайтын Наурыз – шаттық пен ғибратқа толы мейрам

 

Өткенге үңілмей, келешекке керу­ен тарту мүмкін емес. Қадымнан қалған киелі дәстүрлер – ұлттық қасиет-қалыбымыздың айнымас темірқазығы. Форум жұмысына бауырлас Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен көршілес Ресей елінен арнайы келген ғалымдар туыс­қан халықтарды бір арнада тоғыс­­ты­ратын игі дәстүрлердің алтын ар­қауын үзбеу үшін мұндай басқос­у­ларды жиі өткізу қажет деп есептейді.

Іс-шараны ашып берген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ұлттық бірегейлікті нығай­ту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызына тоқтала келіп, халықтың рухани әлеуетін қуат­тандыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени қауым­дас­тықтың алдына қойып отыр­ған негіз­гі міндеттердің бірі екенін атады.

Әсіресе өнер мен мәде­ниетті қолдауда дәс­түрлі құн­ды­лықтарды заманауи мүм­кіндіктердің көмегімен наси­хат­тау­дың артықшылығы мол.

Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова адамзат өркениетінде өзгеше мәнге ие түркі халықтарының көрнекті дәстүрлері мәдени мұра­ларымыздың қаймағы еке­нін атап өтті. Бұл тұрғыда түгел түркі баласы ұлыстың ұлы күніне балайтын Наурыз мейрамының тамыры тереңде жатыр. Табиғатпен бірге адам жаны да жаңаратын, береке мен бауырмалдыққа бастайтын Наурыз – шаттық пен ғибратқа толы мейрам. 

Форумның пленарлық отырысында Наурыз мейрамының тарихы мен тамырын арқау еткен бірнеше баяндама көп­шілік назарына ұсынылды. Атап айт­қанда, филология ғылым­да­­рының докторы Нұргелді Уәли «Наурыз: салт-дәстүрі» тақырыбына арна­ған баяндамасында ұрпақтан ұрпаққа жет­кен тағылымды дәстүрлер бол­мысымыздың бүтін бір бөлі­гіне  айналған атаулы мерекемен астасып жатқанын айтса, Анкара уни­верситетінің тіл және тарих-география факультетінің профессоры әрі жалпы түрік тарихы бөлімінің меңгерушісі Абдулла Гюндогду түркі космология­сы мен мифологиясындағы Наурыз ұғымына қатысты ойын ортаға салды. Ал Өзбекстандағы Мирзо Улугбек атындағы ұлт­тық университеттің профессоры Замира Ишанходжаева жаңару мен жаңғырудан бас­тау алатын мерекенің әлемдік мәдениетке тигізген оң әсері хақында баяндама жасады. Ела­буга Мемлекеттік заманауи этно­өнер қорық-музейінің директоры Зиля Нигамаеваның «Қазан татарларының Наурыз мерекесін атап өтудегі ерек­ше­ліктері» тақы­­рыбындағы қы­зықты дерек­терге то­лы баяндамасы Нау­рыз­ды атап өтуде әр этностың өзіне тән ерекшелігі болғанымен, олар­дың бәрін ортақ сенім мен игі мақсаттар тоғыстыратынын дәйек­­теп жеткізді. Форумға мо­де­­­ра­тор­­лық еткен М.Әуезов атын­­­да­ғы Әдебиет жә­не өнер инс­ти­ту­ты­ның директоры Кен­же­хан Матыжанов, Түркияның Ал­маты қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, Өзбекстан респуб­лика­сының шаһардағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев түркі ха­лықтары арасындағы достық мәдениетінің бүгінгі өрісі туралы пікір білдірді.

Ықылым заманнан келе жат­қан ұғым­ның сипаты әр дәуірдің нарқына сай өзгеріске ұшырап отырғаны мәлім. Ал оның түп­кі мәнін сақтап қалу жауапты іс. Қазақстан Республикасы Ма­териалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің мүшесі, Орталық Азиядағы өнер білімі бойынша ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат Имамбек, халықаралық мәдениетте Наурыз нақыштарын әйгі­лейтін бастамаларды музейлер жұмы­сында жандандырудың тың тетіктерін алға тартты. Сөз арасында Мемлекеттік Орта­лық музейдің бұл бағыттағы ауқымды жұмыстары да назар­дан тыс қалған жоқ. Әл-Фа­ра­би атындағы Ұлттық универ­ситеттің Археология, этнология және музеология кафедрасының про­фес­соры, Тәттігүл Қартае­ва­ның «Алашорда лидерлерінің Наурыз туралы жазбаларындағы деректерді талдау» тақырыбына арнаған баяндамасы алаш­тық­тардың халық тарихымен тамырлас мерекені ұлт зерде­сі­нен өшірмеуге арқау болған ең­бек­терін жіпке тізді. Ұлтты ұйыс­тырып, аразды тату қылған Наурыз әр халықтың танымында мейірім мен ынтымаққа же­телейтін мән ретінде сипатталады. Соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армияндар «навасарди» чуваштар «норас-ойахе» деп атаған мерекенің өзегі өмірге, табиғат анаға деген махаббаттан бастау алатыны айтылды.

Басқосу аясында «Қазақ­станның материалдық емес мә­дени мұрасы: жаңа тәсілдері мен қағидалары» блогы жұ­­­мыс істеп, онда 2003 жылғы ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мә­дени мұраны қорғау туралы» Конвенциясының қағи­да­ла­рын ілгерілетудегі жергілікті музей­лердің рөлі мен маңызы туралы және мәдениеттің дәстүрлі негіздерінің өзектілігі ретінде материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын насихат­тауға арналған «Startup-Nauryz» жобасы таныстырылды.

Музей, кітапхана, архив жұ­мысының заманауи иннова­циялық нысандарының ғылыми және практикалық аспектілері ба­ғыттарын талқылауға ар­­нал­­ған тағы бір сессия өнер­тану­шылар мен музей менед­­жерле­рі­­не тәжірибе алмасу алаңы бол­ды. Бұл бөлімде музей­лік цифр­лан­дыру және виртуа­лиза­ция­лаудағы мем­ле­кет­тік есеп талабына сай келе­тін бірыңғай ережелер, web-қосымшалар, сер­вер­лік конфи­гурация, техни­калық қамта­масыз ету тәрізді мәселелер тал­қы­­ланды.

Форум жұмысы барысында Орталық музейдің ерекше білім беруді қажет ететін балаларға (зағип және нашар көретін) музейлік білім беру арқылы жәдігерлер туралы түсініктерін қа­лып­тастыра отырып, көкжиек­терін кеңей­ту, қиялдары мен шығармашылық қа­бі­летте­рін дамытуға серпін беру мақса­тында жүзеге асырылған «Жеті қазына» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Музей мамандары әлеуметтік жоба атадан балаға мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды одан әрі дамытып, қазіргі заман талабына сәйкес жаңашаланды­рып, өс­келең ұрпаққа насихаттауды көздейтінін айтады. Осы орай­да музей са­ла­сының өзек­­ті мәселелерін қам­титын «Muzeum.kz» ғылыми-тәжіри­белік журналының алғаш­қы саны жарық көргенін сүйін­шілеп айта кеткен жөн. Халық­ара­лық стандарттарға сәйкес жы­лы­на 4 мәрте шығатын басылым музей қабырғасындағы жас ізденушілер мен тәжірибелі маман­дар арасындағы кәсіби байланысты қалыптастыруға ықпал етпек. Журналдың алғаш­қы санында археология, нумизматика, этнология, отандық жә­не шетелдік музейлер тарихы туралы ғылыми-танымдық материалдар қамтылған.

Мәдени құндылықтардың ішінде зергерлік бұйымдар мен көнеден бүгінге жеткен жәді­герлердің маңызы ерек. Форум жұмысы аясында кол­лекционер, Қазақстан Республи­касының Еңбек сіңірген Өнер қайраткері, мәдениет­танушы Азат Әкім­бектің «Орталық Азия мен Кавказ халықтарының XVIII-XIX ғғ. зергерлік бұйымдары» атты көрмесі ашылды. 

Ғылым қайраткерлері мен мәдениет жанашырлары, тарихшылар мен өнертанушылар қатысқан мазмұнды іс-шара дәстүрлі түрде үзбей өтіп келе жатқан музей түні жобасына ұласып, халқымыздың бай тарихы сақталған музей қорындағы құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

 

АЛМАТЫ