Аймақтар • 15 Наурыз, 2023

Кәсіпке бағдарлайтын бірегей жоба

423 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

№2 Майқайың орта мектебінде жоғары сынып оқушыларын заманға сай кәсіпке бағдарлауға және білімдерін жетілдіруге арналған «Jaryq foundation» жобасы өрісін жая түсті. Дені SMM, мобилография, киберспорт, роботтехника сияқты сұранысқа ие мамандықтардан тұратын кешенді жобаға өңірдегі кез келген зейінді бала қатыса алады.

Кәсіпке бағдарлайтын бірегей жоба

«Jaryq Foundation» сырттай интеллектуалды ойын саналғанымен, оған қатысушылар келешекте кәсіптік бағдарлауға жол ашатын бірегей жоба деп баға берді. Жоғары сыныптарда білім алып жүрген жастардың көбі болашақ мамандығы қандай салада болатынын елестете алмайтыны шын. Жыл сайын елімізде орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмысқа орналасуда қиындыққа ұрынатынын ресми статистика көрсетіп отыр. Ал жұмысқа тұрған түлектердің 40 пайызы мамандығы бойынша еңбек етпейді. Бұған жастардың үштен бірі мамандықты өздері таңдамайтыны себеп көрінеді. Өз қалауына сүйенбегендіктен əлеуетін толық іске асыру мүмкін болмайды. Ал алған дағдылары мен білімдері уақыт өте ескіріп, еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады. Сол үшін де жастарға мектеп қабырғасынан бастап кәсіптік бағдар беру өте өзекті.

Алтынды Майқайың кентіндегі №2 орта мектебінің жас мамандары – Дидар Халимолла, Бөгембай Бахитденов, Ермек Рахымжановтың бірлескен авторлық жобасы алғашқыда «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны негізінде түзілген екен. Кейін жетілдіре келе 11 бағыттан тұратын кешенді жоба құрған. Дидар мектепте биология мен математикадан, Бөгембай биологиядан, ал Ермек математикадан сабақ береді.

Дидар Халимолланың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды жан-жақты дамытып, зейінін жетілдіру.

– Орта білім саласында оқушылар үшін жауабы табылмаған сансыз сауал бар. Өкінішке қарай көпшілігі үшін әлгі беймәлім дүниелер жұмбақ күйде қала береді. Қазіргі қоғам мектеп түлектерінің интеллектуалдық деңгейіне ерекше талаптар қояды. «Егер оқушылардың пәндерге қызығушылығы болмаса, интеллектті қалай арттыруға болады?» деген сауал туындайды. Оқушыларды тәрбиелеу, оқыту және дамытудың ең көне құралдарының бірі – ойын. Ойлана келе, мектеп бағдарламасының материалын игеру аясында қолжетімді, жеңіл және қызықты интеллектуалды ойын-жарыстың нұсқасын әзірледік. Бұл жоба бүгінде мектеп пен қоғам алдында тұрған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруға, мамандыққа бағдарлау саласындағы проблемаларды шешуге арналған, – деді педагог.

Биылғы оқу жылының басынан жоба авторлары жаңа бағдарларды жоспарлап, заманға сай мамандықтар бойынша 7-11-сынып оқушыларын оқытуды, сондай-ақ балалар арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолға алған. Атап айтқанда, мұнда мобилография, шешендік өнер, SMM, роботтехника, киберспорт, ұлттық спорт (асық ату мен қазақ күресі), «Жарық» интеллектуалды ойыны, маусымдық марафон жүгірісі, өлкетану, кәсіптік бағдар жобалары және «Жарық» ақпараттық газетін шығару жолға қойылды.

Бір қызығы, мобилография курсы бойынша 11-сынып оқушысы Рустам Әбілда өз білгенін құрбы-құрдастарымен бөлісіп жүр. Жас талапкердің бұл кәсіп бойынша арнайы тренерлік сертификаты бар. Ал марафонға жүгірудің қыр-сырын балаларға мектеп ұстазы Олжас Кәкімжанов үйретеді. Олжас баянауылдық желаяқ Нұрсұлтан Бірлік екеуі 2021 жылы Семей – Павлодар бағы­тындағы 330 шақырымды 44 сағаттың ішінде жүгіріп өткен болатын. Олардың үздік нәтижесі отандық Гиннестің рекордтар кітабына енді.

– Мектеп ұстаздары шетінен бел­сен­ді. Foundation тек жетілдіруге ғана емес, жаңа білімдерді игеруге мүм­кін­дік беретін заманауи форматтағы ойын екенін көріп отырмыз. Балалар машықтарын дамытып, кез келген жағ­дайға талдау, қорытынды жасауды мең­гереді. Алғашқы маусымда 30-ға жуық бала қатысса, екінші маусымда интел­лектуал­ды ойынға – 40, ал кәсіптік бағдарлау бағыттарына 124 оқушы ниет танытқан. Бұл қызығушылық таныт­қандардың саны өсіп келе жатқанын байқатады. Сондықтан алдағы сәуір айын­да өтетін үшінші маусымға шамамен 10 команда келеді деп шамалап отырмыз. Биыл жобаның шекарасы кеңейіп, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан өтінімдер түсіп жатыр. Демеушілердің көмегімен ойынға тігілетін жүлде қорын да арттыруды ойға алдық. Келешекте бағыттар санын еселеу де жоспарда тұр. Мысал үшін биыл жазда Торайғыр ауылында оқушыларымыздың қатысуымен Этноауыл ұйымдастырамыз. Бозбала­лар мен бойжеткендеріміз ұлт­тық дүниелерімізден сусындауы үшін ұлттық спорт түрлерін дамытуды жолға қойып жатырмыз. Соның бірі жуықта ұйымдастырылған «Мектеп барысы» са­йысы, – деп атап өтті оқу ісінің меңге­рушісі Қарлығаш Тонтаева.

Былтыр сәуір айында өткен алғаш­қы интеллектуалды ойында 10-сынып оқушысы Асанәлі Төлегенов жеңім­паз атанған. Білімпаз жас сайыс нәти­жесінде топпен жұмыс істеудің пайдасын түсіндім, дейді. Мектепте география мен математика пәндерін ерек­ше сүйіп оқиды екен. Ұстаздары Жанат Аманғазықызы мен Наталья Алек­сандров­наның ұстаздық қырларын ерекше атап өтті.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті