Тұлға • 16 Наурыз, 2023

Қазақтың қайраткер қызы

317 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шәмша Беркімбаева еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастап, қаншама жоғары лауазымды қызметтер атқарса да, мінезін өзгертпеген, екі сөйлемеген, кішіпейіл, нәзік те сезімтал, әділдікті ту еткен, керек жерде ұлтының намысын қорғап, қорықпай, тік сөйлейтін қазақтың қайраткер қызы еді. Қайран сіңлім-ай, о дүниеге аттанып кете барды. Қазір қатты сағынамын...

Қазақтың қайраткер қызы

Шәмшамен танысқаннан бастап біз оның қызметте өсу жолына тілектес болып, қуанып отырдық. Ал Кәкең болса, Шәмшаны туған қарындасындай жақсы көрді. Кәкең Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болғанда, Шәмша Алматы облыстық партия коми­тетінің хатшысы болды. Кәкең қыз­меттен кеткенде: «Аға, мен барлық уа­қытта да сіздің қасыңызда боламын», деп телефон соқты. Сөзінде тұрды

 

Иә, жазмыштан озмыш жоқ. Бұл да ме­нің басыма салған тағдырдың үлкен сынағы болды. Шәмшаны жақсы көретін балам Батырымнан да айырылдым. Ол аздай мұңымды тыңдайтын, бойыма жігер беретін Шәмшадан да көз жазып қалдым. Бұл күнде, бұл өмірде жетім секілдімін. «Тәте, қалайсыз? Балалар аман ба?» деген үнін сағындым. «Ертең сіздің оқушыңыз, менің інім, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің үйіне барамыз, сізді алып кетейін» дейтін. «Мерейтойға байланысты әкімшілік шақырып жатыр, барасыз ғой, сол жерде кездесеміз» деген сөзі де құлағымда тұр. Қай жерге барсақ та, мені төрге отырғызып, өзі менен кейін жайғасатын еді. Тілек сөзін бергенде «алдымен тәтем сөйлейді» деп мені қолпаштап отыратын. Біздің отбасының әрбір қуанышына қуанып, басыма бұлт төнгенде қасымда болған айлар, жылдар көрген түстей өтіп кетті. Оның телефон нөмірі көзіме түскенде жүрегім зуылдап, көзімнен аққан жас домалап омыра­уымды жуып кетеді. Сағындырды ғой... Қолдан келер шара жоқ. Өлгендер қайтып келмейді.

Әлі есімде соңғы соққан қоңырауы. 2021 жыл, наурыздың 21-і. «Тәте, «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» деген атағыңыз құтты болсын! Еңбегіңіз жанды, сіздің педагогтер туралы жазған кітабыңыз педагогтік тірліктің энциклопедиясы ғой. Сол кітапты оқығандар дұрыс түсініп оқи алмай жүр. Аман болыңыз, балаларға сәлем айтыңыз», деді. Үні көңілсіздеу, қарлығыңқы шықты. Кейін естідім, жазылмас дертке ұшыраған екен. Ол телефон соққанда мен де өлім мен өмірдің арасында едім. Батырым ауырып, өзімді қоярға жер таппай жүргенмін. Ол өмірден озғаннан кейін он бес күннен кейін «Шәмша Беркімбаева қайтпас сапарға кетті» деген қайғылы хабар желдей есіп республикаға тарап жатты. Барып топырақ салатын менде шама болмады. Бұл өмірден үмітімді үзіп жүрген кезім ғой. Ақтық сапарына қатыса алмадым, біздің отбасына деген сүйіспеншілігін айта алмадым. «Талай рет басымды бұлт торлағанда, маған тірек еді ғой» деп егілдім. Міне, содан бері де бір жыл өте шығыпты. Ал сенесіз бе, түні бойы ұйықтай алмай, көз алдымда Шәмша бейнесі тұрып алатын кездер болады. «Тәте» деп күлімсіреген нұрлы жүзі лентадай өтіп жатады. Ол туралы бір ауыз сөз жазбасам болмас деп қолыма қалам алдым. Дамыған елдерге «қазақ қызы қандай?» дегенде мақтанышпен көрсете алатын қайраткер қыз еді. Шәмша туралы жазу оңай емес. Дегенмен білетінімді жазуға ниеттендім.

Ең алғаш оны Бақытжан Момышұлы­ның үйінде көрдім. Қазақ қыздар педа­го­гикалық институтын 1966 жылы бітір­ген соң, Алматы облысының Киров атын­да­ғы сегіз жылдық мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, екі жылдан кейін Алматыдағы кооператив техникумында комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезі болатын. Уылжыған жап-жас, талдырмаш бой­лы, бидай өңінен қажыр-қайрат кейпі көрі­ніп тұрды. Оның үстіне тектінің тұяғы, батылдығы, батырлығы Баукеңе (Мо­мыш­ұлы), Рахман (Байжасаров) ағаға ұқсасын дегенбіз. Шәмша – Рахманның қарындасы.

Рахман Байжасаровты таныстыра кетейін. Ол – Баукеңнің бажасы, Жамал апамның туған әпкесі Бибінұр Мұқанова – Рахман ағамыздың жұбайы. Рахман 1937 жылы қуғынға ұшырап, Сібірдің түрмесінде отырған кезде Бибінұр апамыз түрме жанынан үй алып, ерінің қасында болып, ол кісінің азбай-тозбай күн кешуіне көмектескен. Рахман ақталып келген соң, баспа мекемесін басқарған. Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев, Мағазы Масаншылар туралы деректі шығармалар жазған өз заманының тұлғасы. Кейін Шәмша осы ағасы жайлы кітап шығартты, авторы Бақытжан Момышұлы.

Шәмшамен танысқаннан бастап біз оның қызметте өсу жолына тілектес болып, қуанып отырдық. Ал Кәкең болса, Шәмшаны туған қарындасындай жақсы көрді. Кәкең Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болғанда, Шәмша Алматы облыстық партия коми­тетінің хатшысы болды. Кәкең қыз­меттен кеткенде: «Аға, мен барлық уа­қытта да сіздің қасыңызда боламын», деп телефон соқты. Сөзінде тұрды. Өмір­ден өткенше отбасымыздың жанашыры болды. 1986 жылы Желтоқсан оқи­ғасы кезінде Геннадий Колбиннің құйыр­шығы болған, Алматы облысын бас­қар­ған Марат Меңдібаев қаһарын төгіп, қарамағындағыларға қырғидай тиді, жа­зықсыз жандар қызметінен босатылды, сту­денттердің біразы түрмеге тоғытылды, өлтірілді, облыстың да, Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бюросында да айтылып жатқан мәселелер ұлтшылдарды жою, оған жаны ашығандар орнын босатсын деп жатқан кез. Алматы облыстық партия комитетінің бюросында Шәмша М.Меңдібаевтың іс-әрекетіне шыдай алмай, қарсы шыққандықтан қызметтен босатылған. Сол күні Шерхан Мұртаза мен Кәкең Шәмшаны күтіп алып, мән-жайды білген соң, «Қазір тәтеңе телефон соғайын, біздің үйге барайық» деген. Сонымен үйге келді. Біраз уақыттан кейін өзіне-өзі келе бастады. Дастарқан әзіл-күлкімен аяқталды. Кәкең екеуміз үйінің есігіне дейін шығарып салдық.

Әрине, лауазымды қызметтен әділетсіз­дік­пен кету оңай емес. Кейін Алматыдағы №12 мектептің директорлығына тағайын­далды, аз уақыттың ішінде жөндеу көрмей тозып кеткен мектеп жаңарды. Сонда бір сөзінде жөндеу жұмысын жүргізгендер мені сыйлағандары сонша, тез арада са­палы әрі қаржыны далаға шаштырмай, мек­тепті жаңартты деп отырды. Кәкең 1989 жылы қазан айында өмірден өтті. Есім­ді жиған соң, балаларыммен ақыл­дасып, басына ескерткіш орнатпақ бол­дық. Оның эскизін Нәргүлім жасап қойды. Бірақ қалтамызда оған жеткілікті ақшамыз жоқ. Үкімет мекемесі 2 500 рубль ақша берді, ол ескерткіштің іргетасын қалауға ғана жетті. Кәкеңнің «Сұрапыл» романын «Жазушы» баспасында шығарамын деушілер сөзінде тұрмай, соңы сұйылып кетті. Бұған қоса менің де «Ұстаз бақыты» деген кітабым баспада ұзақ жатып қалды. Оны Зақаш Камалиденов шығартпай жатыр дегенді естіртті маған. Оны естіген Шәмша жауапкершілікті өз мойнына алып, кітапты 30 мың данамен шығартып берді. Ол кезде Шәмша Білім және ғылым министрінің орынбасары. Кітаптың ақшасы Кәкеңнің мүсініне жұмсалды және Кәкеңнің «Сұрапыл» романының ақшасын алып берген егеменді еліміз үкіметінің алғашқы басшысы Ұзақбай Қараманов еді. Екеуі де бақилық болды. Топырағы торқа болсын, алдарынан жарылқасын. Осы азаматтардың арқасында Кәкеңе лайықты ескерткіш орнатылды.

Сөйтіп жүргенде Кәкең жетпіске толды. Туған жері Жетісу облысы Сар­қан ауданының Бақалы ауылындағы орта мектепке Кәкеңнің аты берілді. Сол мектепте Кәкеңе арналған кеш өтіп жатты. Ол шараға ойламаған жерден Шәмша да келді. Сол кезде Алматы облыстық білім басқармасының басшысы еді. Қазіргідей қалта телефоны жоқ әрі жұ­мысбасты ғой деп Шәмшаға хабар бермеген едім. Ұялып қалдым. «Тәте, бәрінен хабардармын. Кәкімжан ағаның мерейтойын мен ұйымдастыруым керек, сізден кешірім сұрауым керек» дейді, айналайын. «Ағаңның аруағы риза» дедім. Шәмшаның келуі елдің де көңілін көтерді. Мектептің мұғалімдері білім ордасына керектіні айтып, көкейде жүргендерін ақтарды. Шәмша бір айдан кейін (1999 жылы) Парламент Сенатының депутаты болды. Қуандық. Әсіресе Кәкең ауылының тұрғындары мені құттықтап, өздерінше мәз болып жатты.

2002 жылдың қазан айының басында мектепке менің атыма өзінің алпыс жасқа толуына байланысты шақыру қағазын жіберіпті. Той өтетін мейрамханада Шәмшаны күтіп отырдық. Бір кезде есіктен кіріп келгенде отырған жамағат есікке ұмтылды. Құттықтаушылардың көптігінен жете алмадым. Той басталып кетті. Біздің үстелде ылғи депутаттар әйелдерімен отыр. Көбісі аға ұлттың тілінде сөйлейді, әсіресе әйелдері. Мен жалғызбын, біреуі де мені көзге ілетін емес. Басқа үстелге кетейін десем, бос орын көзіме түспеді. Әзер отырмын. Депутаттар халық адамы деген бос әңгіме деп өз ойыммен әлек болып отырғанмын. Бір уақытта асаба: «Сізге сөз берілді. Апай, ортаға шығасыз ба?» дегені бар емес пе. Бұл тойда сөз сөйлеймін деген ойымда да болмаған. Ортаға жақындай бергенде Шәмша құшағына алды, екеуміз құшақтасып біраз тұрып қалдық, көзімнен жас та ытқыды. Микрофонды қолыма алып: «Айналайын, тойың құтты болсын, еліңе қызмет жасай бер» дедім де жамағатқа қарап: «Мен Шәмша сіңлімді мың азаматқа айыр­бас­тамаймын. Өсу жолы көз алдымда. Қай қызметте жүрсе де ұлтының, елінің сөзін сөйлеген, қазақтың тілін құрметтеген, қай ортада жүрсе де өз тілінде сөйлеген, ұлтымыздың әдебиетін, тарихын, әдет-ғұрпын мейлінше меңгерген, халқымыздың ең жақсы қасиетін бойына сіңірген, нәзік те сезімтал, батыл да батыр қыз. Екі сөйлеуді білмейді, екі түрлі мінез көрсетпейді. Алдына келген адамды «мәселеңді шешіп беремін» деп өтірік сөйлеп, діңкелетіп, сүйретпейді. Қандай мәселе болсын бірден шешіп тас­тайтынын мен емес, ел айтып жүр. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген азамат, қайсар қыз. Жүз жаса, тілектеспін!» деп орныма келіп отырдым. Айналамда отырғандар «апайлай» қалыпты. Ішімнен «көз көрген сіңлім, аман болшы, менің және Кәкеңнің рухын көтердің» дедім.

Ш.Беркімбаева министрдің орынбаса­ры кезінде де біздің мектеп-интернатқа жиі­ келетін. Келетінін хабарламай, тосын­ келетін. Қысқасы, біздің мектеп-интер­нат­тың ішкі қызметін жақсы білетін. Аулада жүр­ген оқушы, мұғалімдермен сөйлесіп, ди­рек­торға жолықпай жүре беретін. Ди­рек­тор болса бүгін Шәмша Беркімбаева ке­ліп кетіпті деп отыратын. Ал коллегияға ба­рарда толқып жүретін. «Бір ауыз сөз ай­тып, маған тиіспеді» деп келетін. 2002 жы­лы Шәмша министр болысымен Ал­ма­тыға келіп, қаланың үздік деген он үш­ мұғаліммен кездесті. Бұл жолғы кез­десу шай үстінде өтті. Мектептегі ше­шілмей жатқан мәселе, мұғалімнің мәр­те­бесі туралы пікірлерімізді жасырмай ор­таға салуды сұрады. Ата-анамен байланыс, оқытудың сапасы, институтты бі­тіріп келгендерге қамқорлық секілді бі­раз мәселе туралы айтылды. Мен біз­дің мектептің, яғни Абай атындағы рес­пуб­ликалық мамандандырылған дарын­ды­ балаларға арналған қазақ тілі мен әде­биетін тереңдете оқытатын орта мек­теп-интернатының оқу корпусы күр­­делі жөндеуден өтпей тұрғанын жет­кіз­дім. Сө­зімді естіген бетте: «Ертең сағат екі­де­­ барамын, мұғалімдермен кездесем,­ ди­рек­торға хабарлама жібереміз», деді. Ер­те­ңіне мұғалімдермен кездесу болды.­ Мұғалімдер туралы жазылған ма­қа­ла­ларды білетінін айтты. Үйсіз жүрген мұ­ға­лімдерді жатақханаға орна­лас­тырайық де­ді.­ Артынша мұғалімдер жатақханаға орна­ластырылды. Оқу жылы аяқ­талысымен мектепте күрделі жөндеу жұ­мысы басталады, парта, есік, терезе – бәрі­ жаңартылады. «Алаң болмаңыздар, тек­ оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріңіздер» деді. Сенесіздер ме, жаңа оқу жылында 2003 жылы қыркүйектің бірінде біз мүлдем жаңартылған мектеп­ есігін аштық. Өз көзімізге өзіміз сенбей­ қалдық. Бір-бірімізді құшақтап, құттықтап, сынып­ бөл­мелерін аралап кеттік. Жаңа есік, те­резе, тақта, парталар көздің жауын­ алады. Ұлы сөзде ұят жоқ, бұрын дәрет­ха­надағы құбырлардан су тамшылап, қа­бырға көгеріп, иіс шығып тұратын. Сар­ғайып кеткен дүниелердің бәрі-бәрі көз­ алдымызда жарқырады. Әсіресе оқу­шылардың қуанышында шек жоқ. Сы­нып­ бөлмелеріне стенд орнатайық, шеге қа­ғып беріңдер десек, өзімізге ақыл үй­ре­тіп, қабырғаны бүлдіріп аламыз ғой дей­ді. Партаны күтіп ұстаңдар десек, парта беті енді сызылмайды деп бәрі бір кісі­дей­ үн қатады. Сендерге сыйлық жасап жүр­ген министр Шәмша Көпбайқызы дей­міз. Мұғалімдеріміз де сөзге араласып: «Шәм­ша сияқты іскер азаматты министр етіп қой­ғаны жақсы болды ғой. Осы кісі ұзақ отыр­са, мектептің, мұғалімдердің бағы жа­нар еді», деп қояды. Несін айтасың, мек­те­біміздің ұжымында қызметімізге деген құл­шыныс оты лаулады. Бассейн салынды,­ оқушылардың денсаулығы жақ­сар­ды. Сол бассейн әлі қызмет істеп тұр. Со­дан бері жиырма жыл өтті. Шәмша бер­гізген парталар қазір сыны кетіп, қи­са­лаңдап, оқушы отырғанда, тұрғанда сы­қырлап зәреңді алады. Парта беті адам көр­гісіз шұрық-тесік.

Жақында мектепке жаңа оқу министрі ке­ліпті. Өзгеріс болатын шығар деп ұжым да,­ оқушылар да үміттеніп отыр. Күрделі жөн­деуден өткен, жарқырап тұрған мек­те­біміздің 9 гектар жері бар еді, соған көзі түс­кендер, яғни ескі биліктегі кландық жү­йеге қатысы бар ірі құрылыс компа­ния­сы күшпен мектебімізді тартып алып, мұғалімдердің жазғы демалысқа кет­кендерін пайдаланып, мектебіміздің ас­тан-кестеңін шығарды. Түнделетіп бұ­зып жатқандарын көргенде сол жерде тұра­тын мұғаліміміз жүректен қайтыс бо­лып кетті. Қалған мұғалімдер тірі қал­дық дегеніміз болмаса, жүрек ауруына ұшы­р­­адық. Мектебімізді мұғалімдердің тәжі­ри­бесін жетілдіру институтына көшірді. Бұл­ мекеме мектепке лайықты орын емес.­ Осы кезге дейін дарынды, талантты оқу­шы­лар сол мекемеде оқып жатыр. Ол кез­де Шәмша Көпбайқызы Қазақ қыздар педагогикалық институтының ректоры еді. Мектептің шуын естігенде, өкініш білдірді. Қолынан келер шара болмады. Министр болысымен ауыл мектебінің және мұғалімдер мәртебесін көтеру мәселесін қолға алды. Экс-министр Асхат Аймағамбетовтің бір сұхбатында Шәмша Көпбайқызының мұғалімдер мәртебесі туралы жасаған заң жобасын әрі қарай дамытқанын айтып қалды. Шәмша көтерген мәселелер ол кезде Мемлекет басшысы тарапынан қолдау таппады.

Министрлік тарапынан «Қалдырар ізің мәңгілік» деген очерктер жинағын екі­ тілде (республика тарихында бірінші рет)­ шығарды. Бұл жинақ білімді, білікті, ұжым ұйытқысы, озық тәжірибелі, талапшыл,­ тағылым алар педагогтердің өмір жолын, үлгі-өнегесін таныту мақ­са­тында шығарылды. Ұстаздар туралы бұл кі­тап ел шежіресіне қосылар елеулі еңбек, кейінгіге қалар мұра, жастар үлгі алатын рухани дүние екені күмәнсіз еді. Осы үр­діс Шәмша кеткен соң тоқтап қалды.

Әлі есімде: «Тәте, Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қол қойды. Оқыдыңыз ба?» деп қуанды. «Осы жобада өзіңнің де үлесің бар, кезі келгенде айтылар. Ал мен де заңды оқып, қуанып отырмын», дедім.

Қайран сіңлім-ай, бар өмірін қызметке арнады, жанын сала ұлт үшін қызмет қыл­ды,­­ жеке басының қамын ойламады. Бұл ту­­ралы алпыс жасындағы тойдағы сөзіңде «Бір­ қателігім – өз өмірімді ойламадым» де­­гені бар. Бір кем дүние деген осы екен. Оның аты халқы барда, ел азаматтары бар­­да ұмытылмайды. Туған жері Алматы об­­лы­сы Қаскелең ауданында еңбек жолын бас­таған Алматы облысындағы Ки­ров­ атын­дағы мектеп бар. Не басқа мектепке, Алматы қаласындағы бір көшеге Шәм­ша Көпбайқызының есімі беріліп, мәң­гілікке аты қалады деп ойлаймын. Ол­ соған лайық қайсар да батыл әрі батыр­ жан еді.

Рухы риза болсын! Шәмша туралы көп­­тен бері көңілімде жүрген ойымды қа­­ғазға түсірген соң жеңілдеп қалдым. Ен­ді­ ұйқым дұрысталар деп отырмын...

 

Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы