Қоғам • 16 Наурыз, 2023

Болат Назарбаевқа тиесілі зауыт акциясы мемлекетке қайтарылады

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2023 жылдың 2 наурызында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевтың сонау 2007 жылы сатып алған «Алматы ауыр машина жасау зауытындағы» 31,9 пайыз акциясын мемлекетке қайтаруы керек деген шешім шығарды, деп жазады Egemen.kz.

Болат Назарбаевқа тиесілі зауыт акциясы мемлекетке қайтарылады

Шешім бойынша, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 1998 жылғы 18 ақпандағы келісім бойынша «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жарғылық капиталының 31,9% көлеміндегі акцияларын тендер жеңімпазы «Темір Кон» ЖШС-ға 105 300 000 теңгеге сатқан.

Сату келесі шарттар бойынша жүзеге асырылды (№1 келісім):

  • Акциялардың мемлекеттік пакетін өткізу тәртібі мен шарттарын белгіледі;
  • «Темір Кон» ЖШС сатып алушысының «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ қызметінің бейінін сақтау, 1997 жылғы көлемдермен салыстырғанда өндіріс көлемін сақтауды және ұлғайтуды қамтамасыз ету, қызметті жүзеге асыру кезінде технологиялық және экологиялық қауіпсіздік стандарттарын енгізу міндеттері;
  • Комитеттің сатушы ретінде «Темір Кон» ЖШС сатып алушысының шарт бойынша өзіне алған міндеттемелерін қажетті тексерулермен және құжаттаманы талап етумен орындауына бақылауды жүзеге асыру құқығы бекітілген.

2007 жылдың 2 сәуірінде «Темір Кон» ЖШС Болат Назарбаевқа «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ жарғылық капиталының 86,7812% көлеміндегі акцияларын сатты, оның 31,9% бұрын мемлекеттік пакет болатын.

2009 жылғы 1 сәуірде комитет, «Темір Кон» ЖШС және Болат Назарбаев арасында №1 шарты бойынша міндеттемедегі тұлғаларды өзгерту туралы келісім жасалды, оның талаптары бойынша аталған міндеттемелер орындалмаған жағдайда Болат Назарбаев акцияларының мемлекеттік пакетін комитетке беруге міндетті.

2009 жылғы 2 сәуірде «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның 398 246 дана көлеміндегі жай акцияларын, оның ішінде мемлекеттік акциялардың 31,9%-ын Болат Назарбаев №2 келісім бойынша «PLS-TM» ЖШС-не сатты. Бұл келісімде №1 шарттың ерекше талаптары жоқ, оның ішінде «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ қызмет бейінін сақтау, өндіріс көлемін ұлғайту, комитеттің қабылданған міндеттемелердің орындалуын бақылау құқығы.

«Фирма Баяу» ЖШС-нің 2009 жылғы «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ қызметінің бейінін сақтау және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша міндеттемелерін орындамау туралы қорытындысына сәйкес, материалдық-техникалық базаның қанағаттанарлықсыз жағдайда екендігі, өндіріс көлемінің төмендеуі, мүліктік кешен мен жер учаскесін бөлшектеу, үшінші тұлғаларға сату және «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ, ондағы ғимараттар мен құрылыстарды жалға беру көрсетілген», делінген сот қаулысында.

Сот шешімімен, Болат Назарбаевтың мемлекеттік акцияларды сатуы заң талаптарына сәйкес келмейтіні және ол №1 шарт талаптарын орындамағандықтан жарамсыз деп танылды.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот алқасы Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының 2012 жылғы 11 қыркүйектегі №2 қаулысының және апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жою туралы, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» РММ-нің талап арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдады.

«Болат Назарбаев пен «PLS-TM» ЖШС арасында 2009 жылғы 2 сәуірдегі «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жарғылық капиталының 31,9 пайызын құрайтын жай атаулы акцияларын сату туралы жасалған бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Болат Назарбаевқа «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жарғылық капиталының 31,9 % мөлшеріндегі жай атаулы акцияларын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне беру арқылы мемлекет меншігіне қайтару міндеттелсін», деді сот.