Ұлттық спортты серік етіп жүрген жігіттер Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан саяси науқанға бір кісідей қатысып қайтпақ ниетте атқа қонған. Саптама етік киіп, тобылғы қамшы ұстаған олар Бастаушы ауылындағы өз таңдауларын жасады.
«Бүгінгі күн біз үшін жауапты күн болды. Сондықтан ауылдағы көкпаршылар жиналып, бірге барып дауыс бердік. Жалпы сайлауға әркім жауапкершілікпен қарап, ел ертеңі үшін дауыс берсе екен», дейді көкпаршы Серік Асхатұлы.
Самар ауданы, Бастаушы ауылының береке-бірлігі жарасқан ұйымшыл ауыл. Айтпағымыз, саяси науқанға көкпаршылар ғана емес, ауыл халқы тайлы-тұяғымен қатысып жатыр.