Қысқы спорт • 20 Наурыз, 2023

Колмаковтың күмісі

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы базасында ұйымдастырылған фрис­тайл-могулдан Әлем кубогі кезеңі өз мә­ресіне жетті. Дүние жүзінің таң­дау­лы спорт­шылары қатысқан бәсе­ке­­де жер­лестеріміз күміс медаль жеңіп алды.

Колмаковтың күмісі

Кейінгі жылдары Қазақстанның фрис­тайл-могулшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін жан­күйерлер жақсы біледі. Әйелдер ара­сындағы сайыстарда Юлия Галышева 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жарған болса, 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында ел қоржынына қола жүлде салған еді.

Ерлер бәсекелерінде де табысымыз жаман емес. 2015 жылы Гранададағы студенттер сайысында алтыннан алқа тағып, былтыр Алатау баурайындағы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған жерлесіміз Павел Колмаков күні кеше Алматыдағы Әлем кубогінде күміс жүлде олжалап, жер­гілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Фи­налдық сайыста 78,72 ұпай жинаған отан­дасымыз екінші орынға табан тіреді. Бас жүлде Пхёнчхан Олимпиадасының жеңім­пазы канадалық Микаэль Кингсберидің (85,67) еншісінде кетсе, қола медаль әлем чем­­пионатының үш дүркін күміс жүлдегері аустралиялық Мэтт Грэмге бұйырды.