Қазақ қыздары арасында ең үздік көрсеткіш Жансая Әбдімәлікке тиесілі. 23 жастағы Алматы қаласының тумасы 2497 ұпай жиып, дүниежүзілік рейтингте 13-орынды иеленді. Балауса шағынан өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген ол уақыт оза Қазақстанның ғана емес, алып Азияның ең үздік шахматшысының бірі әрі бірегейіне айналды. Кезінде Жансая түрлі жас ерекшеліктері бойынша құрлық чемпионы және әлем біріншілігінің жүлдегері атанды. 2017 жылдың қараша айында Италияның Травизио қаласында 20 жасқа дейінгілер арасында өткен дүниежүзілік додада 11 мүмкіндіктен 9,5 ұпай жиып, бас жүлдені олжалады. Әйелдер арасында өткен сайыстарда да Жансая Әбдімәлік қомақты табыстарға қол жеткізді. 2021 жылдың жазында Гибралтарда өткен ФИДЕ-нің Гран-при турнирінде 11 мүмкіндіктен 8,5 ұпай жиған ол алтыннан алқа тақты. Бір кереметі, осы жарыста Жансая бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Осы табысының арқасында ол халықаралық гроссмейстер атанды.
Осыдан бір ай бұрын ғана 19 жасқа толған Бибісара Асаубаева да талай биік белестерді бағындырды. Тараздың тумасы өз құрбылары арасында сан мәрте құрлықтық және дүниежүзілік додаларда дараланды. 2021 жылы Варшавада және 2022 жылы Алматыда блицтен өткен әлем чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеді. Рапидтен өткен жарыста күміс медальды мойнына ілді. Әйелдер арасында Азия чемпионы деген атағы тағы бар. Бұл күндері Бибісара ФИДЕ рейтингінде 29 орынды еншілеп отыр. Оның қоржынында 2 440 ұпай бар.
1996 жылдың күзінде Астанда дүниеге келген Динара Сәдуақасова да түрлі жас ерекшеліктері бойынша бірнеше рет әлем чемпионы атанды. Атап айтсақ, 14 жас, 17 жас, 18 жас және 20 жастағылар арасындағы жарыстарда алдына жан салмады. 2019 жылы Қытайдың Синтай қаласында жалауы желбірген әйелдер арасындағы Азия чемпионатында бас жүлдені олжалады. Кезінде ТОП-15 шахматшының қатарына еркін енген Динара соңғы кездері байрақты бәсекелерге сирек қатысып жүр. Соның салдарынан әлемдік рейтингте де біраз төмендеді. Қазіргі кезде 2 434 ұпай жиған Динара Сәдуақасова 32-сатыға жайғасты.
Көш басындағы жағдайға келер болсақ, әдеттегідей Қытай шахматшылары шашаларына шаң жұқтыратын емес. ТОП-10-дықтың қатарында бұл елдің төрт өкілі бар. Көш басында – Хоу Ифань. 29 жастағы шебер ойыншының төрт дүркін әлем чемпионы деген атағы бар. Командалық сайыста ол үш мәрте топ жарды. Қазір Ифань 2 628 ұпайды олжалады. Қытайдың Цзюй Вэньцзюнь (5-орын, 2 550 ұпай), Лэй Тинцзе (6-орын, 2 545 ұпай) және Тань Чжунъи (8-орын, 2 526) сынды шеберлерінің де шабысы ширақ. Сондай-ақ үндістандық Хампи Конеру (2-орын, 2 576 ұпай), ресейлік Александра Горячкина (3-орын, 2 576 ұпай) мен Катерина Лагно (4-орын, 2 560 ұпай), швейцариялық Александра Костенюк (7-орын, 2 536 ұпай), грузиялық Нана Дзагнидзе (9-орын,
2 525 ұпай) және украиналық Мария Музычук (10-орын, 2 512 ұпай) үздіктер тізіміне енді.
Өкінішке қарай, «ойлылар ойынын» серік еткен жігіттеріміз қыздар секілді елеулі табыстарымен мақтана алмайды. Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасында ең үздік көрсеткіш Ринат Жұмабаевқа тиесілі. 33 жастағы жерлесіміз 2 609 ұпайға қол жеткізіп, әлемдік рейтингтегі 162-орынды қанағат тұтуда. Қалған шахматшыларымыздың нәтижелері одан да төмен. Ал норвегиялық Магнус Карлсен жеке-дара көш бастап тұр. Скандинавиялық саңлақ 2 852 ұпайды иемденуде. Сонымен қатар ресейлік Ян Непомнящий (2-орын, 2 795 ұпай), қытайлық Динь Лижень (3-орын, 2 788 ұпай), франциялық Әлиреза Фирузджа (4-орын, 2 788 ұпай), нидерландтық Аншиш Гири (5-орын, 2768 ұпай), америкалық Никару Накамура (6-орын, 2 768 ұпай), Фабиано Каруана (7-орын, 2 766 ұпай), Уэсли Со (8-орын, 2 761 ұпай), Вишванатан Ананд (9-орын, 2 754 ұпай) және әзербайжандық Теймур Раджабов (10-орын, 2 747 ұпай) сынды саңлақтар ТОП-10 ойыншының қатарына қосылды.