Аймақтар • 20 Наурыз, 2023

Әділетті Қазақстанға нық қадам

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанына жамбылдықтар да белсенді қатысты. Нақтырақ айтар болсақ, өңірдегі 499 сайлау учаскесі бойынша тіркелген 717 090 сай­лаушының жартысынан астамы түс әлетіне дейін таңдауын жасап үлгерді. Ал сағат 16:00 шамасында дауыс бергендердің үлесі 64 пайыздан асып жығылды.

Әділетті Қазақстанға нық қадам

Саяси науқанға қатысуды парызым деп білген 100 жасаған кейуана Сайра Бағымбекова ала таңнан №41 сайлау учаскесінен табылды. Бұл саяси науқанды Әділетті Қазақстан құрудағы жарқын қадам деп бағалаған ғасыр құрдасы учаскеге келіп жатқан жастарға ақ батасын берді. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Ол «Астана» шағын ауданындағы №53 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне барып, таңдау жасады.

Сайлауға әр саланың үз­діктері де белсенді түрде қа­тысты. Олардың қатарында Әулиеата өңірінде ұлттық спорт көкпардың қарқынды дамуына сүбелі үлес қосқан Нұрдәу­лет Мо­мынов та бар. Жамбыл ауда­ны­на қарасты Айша бибі елді мекенінде орналасқан №159 сайлау учаскесінде да­уыс берген әйгілі шабандоз сая­си науқанның ел ертеңі үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Саяси додаға кіл мықты үміткерлер қатысып жатыр. Олардың барлығының мақсаты айқын. Ел азаматы ретінде мен де сайлауға қатысып, еліміздің жарқын келешегі үшін дауыс бердім. Мәжіліс мінберінен табылған халық қалаулылары мен жергілікті мәслихаттарға сайланатын депутаттар ұлттық спортты назардан тыс қалдырмайды деген сенім зор», деді ол.

Тараз қаласындағы №12 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған облыстың құрметті азаматы, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков биылғы сайлауға жаңа пар­тиялардың ат қосқаны саяси додада бәсекелестікті арттыратынына сенімді.

«Биылғы додаға «Amanat», «Ақ жол» партияларынан бөлек «Respublika», «Байтақ» секілді жаңа партиялардың қатысып жатқаны бәсекені арттыра түседі. Депутаттық мандатқа ары таза, мемлекетшіл, халықтың мұңын түсінетін азаматтар ие болатындығына сенемін. Бұл – Әділетті Қазақстанның талабы», дейді ол.

Бұл күні Сарысу жеріне сонау Маңғыстау облысынан келген құдалар да өз таңдауын жасады. Жаңатас қаласына қыз беріп, құдалыққа келген маңғыстаулық құдалар сай­лаудың маңызды екенін айтып өтті. Құдалар Жаңатас қала­сындағы спорт кешенінде орна­ласқан №363 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

 

Жамбыл облысы