Күрес • 20 Наурыз, 2023

Қазақ күресін төрге шығарғандар

426 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінің ішінде ең шоқтығы биігі – қазақша күрес екені дау туғызбаса керек. Кезінде жұртшылық тек той-томалақ думандарда немесе халық көп жиналатын ас-жиындарда ғана ұйымдастырылатын балуандар бәсекесі деп қараған қазақ күресі қазір тек спорт емес, балуандық өнердің тамаша үлгісі ретінде бүкіл әлемге таныла бастады. Ал төл күресіміздің мұндай дәрежеге жетуіне, ұлттық күресіміздің елімізде өркендеп, бұқаралық сипат алуына үлкен үлес қосқан бірден-бір жоба – «Қазақстан барысы» екенін былайғы жұрт жақсы біледі.

Қазақ күресін төрге шығарғандар

Ең алғаш 2011 жылы тұ­сауы кесілген қазақ күресінен «Қазақ­стан барысы» жобасы аз уақытта асқан танымалдыққа ие болып, апайтөс балуандарымыздың ду­манды бәсекесіне айналып шыға келді. Ұлттық спорт десе іш­кен асын жерге қоятын төл спорт­тың жанашырлары нағыз делебені қоздыратын тамаша бел­десулердің куәсі болды. Сон­дай-ақ айналдырған 10 жылдан аса уақыттың ішінде бұл жоба еліміздегі талай білекті ба­луандардың жұлдызын жағып бергенін де айта кеткен жөн. Ал сол балуандар өз кезегінде төл күресіміздің бүгінгідей кең қанат жаюына үлесін қосты. Атап айтқанда «Қазақстан барысы» жобасының тұңғыш жеңімпазы, Алматы облысының балуаны – Ұлан Рысқұл, аталған жобаның үш дүркін жеңімпазы, бүгінгі тілмен айтқанда, қа­зақша күрестің амбассадорына айналған жамбылдық жампоз Бейбіт Ыстыбаев, «Қа­зақстан барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазы Шығыс Қа­зақстан облысының даңқты балуаны Айбек Нұғымаров, бір-бір реттен үздік шыққан тағы бір шығысқазақстандық Мұхит Тұр­сынов, қарағандылық Ержан Шынкеев, қызылордалық Еламан Ерғалиев, алматылық Дәурен Нұралинов пен қызылордалық Мақсат Исағабылов және тағы да басқа балуандар төл күресімізді төрге оздырды. Сонымен қатар қазақ күресінің әлемдік спорт ретінде мойындалуына «Әлем барысы», «Еуразия барысы» секілді турнирлер зор септігін тигізгенін де айта кетуге тиіспіз.

Жуырда ғана Жетісу облы­сының денешынықтыру және спорт басқармасының басшы­сы болып тағайындалған ал­ғашқы «барыс» Ұлан Рысқұл «Қа­зақ­стан барысы» жобасы ұлттық спорт түрлерінің жандануына үлкен сер­піліс әкелгенін айтады.

– Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасы еліміздегі ұлт­тық спорт түрлерінің жаңа дең­гейге көтерілуіне, әсіресе төл кү­ресіміздің қарыштап дамуы­на зор үлесін тигізді. Кейде «егер, бұл жоба болмағанда, қазақ күресі әлі күнге дейін той-томалақтың, ас-жиындардың деңгейінен аса алмас па еді», деп те ойлаймын. Сондықтан осы жобаны қолға алып, қазақ күресінің болашағына даңғыл жол ашып берген жан­дарға ерекше алғысымды білді­ремін. Сондай-ақ бұл жоба ұлттық спорттың кез келген түрін дүние жүзіне дамытуға болатынын дә­лел­деп берді. Алдағы уақытта өзге де ұлттық спорт түрлерінің тіз­гінін ұстап отырған жандар «Қазақстан барысы» жобасын негізге ала отырып, төл спорты­мызды одан әрі жандандырса екен деймін. Әлемде қанша жерден жаһандану жүріп жатса да, әлі күнге дейін ұлттық спортқа деген сұраныстың бар екеніне көз жеткіздік. Уақыттың өзіне уа­қыт жетпей жатқан заманда «Қазақстан барысы» жобасы 10 мыңнан аса ұлттық спорт жанашырларын бір спорт кешеніне жинап, 6-7 сағат бойы бозкілемге телміртті. Құдайға шүкір, ата-ба­бамыздан мұра болып қалған ұлттық ойындарымыз жетерлік қой. Көкпар, теңге ілу, асық ату, садақ ату және тағы басқа түрле­рінің негізін сақтай отырып, жаңа заманға сай етіп өткізсе болады, дейді ол.

Сондай-ақ Ұлан Рысқұл «Қа­зақстан барысы» турнирі өзіне танымалдық сыйлағанын және өмірін күрт өзгерткенін жасырмайды.

– Осыдан 12 жыл бұрын жеңімпаз атансам да, әлі күнге дейін турнирдегі жеңісімді, сол кездегі қуанышымды сөз­бен айтып жеткізе алмаймын. Дзю­до күресімен 15 жыл айналыс­қаныммен, мені елге танытқан «Қа­зақстан барысы» жобасы. Өмі­рімді күрт өзгертті деп айтсам артық болмас. Қа­зақстанның қай бұрышына бар­сам да, қонақжай халқымыз мені үлкен құрметпен қарсы алады. Көбісі «балам саған ұқсаған, еліміздің атын әлемге танытатын балуан болсын деп спортқа, қазақша күрес үйірмесіне бердім», деп жатады. Бұл – халқымыздың бізге деген пейілі, ықыласы деп білемін. Осындай жылы сөздерді естіп, спортқа бекер келмеген екен­біз ғой деген ойға қаламыз. Бір баланың дұрыс жолға түсуіне, спортқа келуіне септігіміз тиіп жатса, бізге одан асқан бақыттың керегі жоқ шығар, сірә! дейді жобаның тұңғыш жеңімпазы.

Ал «Қазақтан барысында» үш рет жеңімпаз атанамын деп халық алдында уәде беріп, ер жігітке тән мінез көр­сетіп, уәде үдесінен шыққан Бей­біт Ыстыбаев қазақ күресіне бергенімізден алғанымыз көп болды, дейді.

– Елімізде төл күресімізден «Қазақстан барысы» деген ірі турнир ұйымдастырылады екен дегенде ерекше қуанғандардың бірі мен едім. Өйткені бала кезімнен бері күреспен шұғылданып ке­лемін. Спортшы болған соң, же­тістікке қол жеткізуің керек, жаңа белестерді бағындыруың керек. «Қазақстан барысы» жобасы басталғанға дейін түрлі жиын-тойларда күрестік. Ал­ғашында теле­дидар, кілем үшін де белдес­кенмін. Түйе үшін де күрескен кезім болған. Бір­ақ кейін тек көлік үшін ғана белдесемін деп шештім. Себебі ол кезде мен өзіме өте сенімді болатынмын. Спортшы майдаланбауы керек деп ойладым. Қалтамда нан алып жейтін ақ­шам болмаса да, қаржыға қат­ты мұқтаж болып тұрсам да, өзім­нің ұстанымымнан таймай, жарыстарға қатыспайтынмын. Өзіме тек ірі жүлде үшін күре­семін деп шарт қойған болатын­мын. Сөйтіп жүргенде «Қа­зақ­стан барысы» жобасы ұйым­дастырылып, өзім үшін жаңа белесті бағындыруға тырыстым. Тіпті, өзіме сенімді болғаным соншалық, «Бұл жарыста мен жеңемін, қарсыластарыма турнирге келіп әуре болмай-ақ қо­йыңдар», деп те айтқанмын. Өйт­кені тұңғыш «Барыс» атану арманым еді, амал нешік, алғашқы талпынысымда тұғырдың биік сатысынан көріне алмадым. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Келесі жылғы додада өз мықтылығымды дәлелдедім. Жеңістің тәтті дәмін сезіне алғаныма қуаныштымын. Өз алдыма «Қазақстан барысы» турнирінде үш мәрте топ жарып, сол ойымды жүзеге асырғаннан кейін спортпен қош айтысамын деп мақсат қойған болатынмын. Құдайға шүкір, ел алдында масқара болмай, мақсатыма қол жеткіздім, деген еді Б.Ыстыбаев бір сұхбатында.

Қысқаша айтқанда, «Қазақ­стан барысы» жобасы аз уақыт­тың ішінде төл күресіміздің ты­нысын ашып қана қоймай, өс­келең жас ұрпаққа ұлттық құн­дылықтарымызды дәріптеуге, саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне айтарлықтай үлесін қосты.