Саясат • 21 Наурыз, 2023

Таңдау мүмкіндігі кеңейді

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада ЕҚЫҰ Демократиялық институт пен адам құқығы бюросы елімізде өткен Мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысты алдын ала қорытындысымен бөлісті. Сондай-ақ бюро саяси додаға қатысты есебін баяндады.

Таңдау мүмкіндігі кеңейді

ЕҚЫҰ-ның сайлауларды байқау жө­нін­­дегі қысқамерзімді миссияның арнау­лы үйлестірушісі әрі жетекшісі Ирен Чара­лам­бидестің айтуынша, өткен сайлауда саяси бәсекелестік байқалған.

«Соңғы 13 жыл бойы Қазақстандағы сайлауларды тұрақты байқап келеміз. Біз өзімізді Қазақстанның достары әрі серік­тес­тері ретінде сезінеміз. Және де осынау тамаша елге жәрдем көрсету міндеттемесін алдық. Кеше 300-ден астам байқаушымыз бүкіл ел бойынша жұмыс істеді. Олардың жұмысының негізінде және ұзақмерзімді байқаушылардың пікіріне сүйене отырып, негізгі қорытындыларды жария етпекпін», деді И.Чараламбидес.

Шетелдік байқаушының сөзіне сүйен­сек, елімізде жүргізілген рефор­ма­лар Қазақ­станды халықаралық стан­дарт­тар­ға және ЕҚЫҰ міндет­те­ме­леріне сай сайлау өткізуге жақын­да­ту­ға тиіс.

«Қазақстанның нормативтік-құ­қық­тық базасы Демократиялық институттар және адам құқы бюросының бұ­ған дейінгі ұсы­нымдарын ескере оты­рып, бірқатар өзгеріске ұшырады. Сайлаушылар үшін өзгертулер енгізіліп, таңдау мүмкіндігі кеңейтілді», деді Ирен Чараламбидес.

ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблея­сы делегациясының жетекшісі Рейн­хольд Лопат­каның айтуынша, дауыс беру­ші­лер­дің жалпы саны аз екені бай­­қалған. Ұйым байқаушылары өздері барған учаскелерде адам қарасы сирек болғанын мәлімдеген.

«Болашақта әрбір сайлау учаскесінің нәтижелерін жариялау ашықтық пен халықтың сенімін арттыру үшін маңызды болмақ», деді Р.Лопатка.

Осы орайда, өзін-өзі ұсынған кейбір кандидаттар үшін кандидат ретінде тір­келу ережелері қиынға соққанына назар аударды. Мәселен, кандидаттар 1 мил­лион теңге көлемінде кепілдік жарна тө­ле­уі керек еді. Бұл саяси партиялардан қолдау таппаған көптеген кандидат үшін айтарлықтай мол сома.

«Жалпы, сайлау үдерісіне қатысу­шы­лар белсенді науқан жүргізді. Ең көр­нектісі «Amanat» партиясы болды, ауылдық жерлерде сайлауалды қыз­мет­тің көрінуі төмен болды. Пар­тия­лық платформалар мен жолдаулар әлеуметтік және экономикалық мәселелердің кең ауқымын қарастырды, бірақ Пре­зи­денттің реформалық күн тәртібін тұтастай қолдады. Науқан анағұрлым серпінді болды және негізгі қалалар мен онлайн режімінде мажоритарлық жарыс­тар­дың белсенді өтуіне ықпал етті, кейбір өзін-өзі ұсынған кандидаттар балама бағ­дарламаларды ұсынды. Жалпы, канди­дат­тар орын-жайлардан тыс ашық митингтер өткізуден аулақ болды, кей жағдайларда жер­гілікті билік мұндай шараларды өткізу­ге рұқсат бермеді. ДИАҚБ/СБМ еш­бір кем­сітушілік риторика, соның ішінде ұлт­тық азшылықтарға қатысты жағ­дай­лар туралы ақпарат алған жоқ және байқаған жоқ.

Сондай-ақ Парламенттегі орындарды бөлу кезінде қолданылатын әйел­­дерге, жастарға және қазір мүге­дек­­терге арналған 30 пайыздық аралас квота бар. Әйелдер пропорционалды сайлауда үміткерлердің 29 пайызын, мажоритарлық сайлауда 20 пайызын көрсетті. Партияның танымал әйелдер кандидаттарын алға жылжыту әрекеттері шектеулі болғанымен, бірқатар танымал әйел кандидат ретінде өзін-өзі ұсынды», деп айтылады ЕҚЫҰ Демо­кратиялық институт пен адам құқығы бюросы мәлімдемесінде.