Туризм • 22 Наурыз, 2023

Этнотуризм: Ұлттық ерекшелігімізбен қызықтырамыз десек...

1490 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елде туризмді дамытуға көңіл бөлініп жатыр дегенмен, демалыс орындарында азан-қазан болған шетелдіктерді көрмей жүрміз. Жазира даланың табиғаты қандай көркем болса да, әлем халықтары көз тіккен ірі курорттық аймақтарға ілесе алмай келеміз. Мұның сыры – бірнеше саланы ілгерілетуге қатар көңіл бөліп, туризмге табыс көзі ретінде қарамаудан. Ал кейбір статистикаға үңілсек, елге келетін туристердің ағыны жылдан-жылға артып жатқанға ұқсайды.

Этнотуризм: Ұлттық ерекшелігімізбен қызықтырамыз десек...

Ел­де­гі ерек­­ше қор­ғауға алынған табиғи ай­мақ­тар­­­дың ау­даны республиканың шамамен 9%-ын­­ алып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осы­­­ аумақтар экотуризмге сұранып-ақ тұр

 

Елге туристер көп келетін елдердің он­ды­ғында Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Қытай, Үндіс­тан,­­ Гер­мания, Украина, АҚШ тұр. Қонақ­тар­дың басым көпшілігі Алматы, Астана­ және Шымкент қалаларымен қоса,­ Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыс­тар­ына сапарлайды. Ресми деректерге­ сүйе­ніп, елге келген шетелдіктердің үле­сі­ жылдан-жылға артып жатқанын білу­ қиын емес. Әрине, осыдан кейін ста­тис­тиканың есебі қайдан шығады деген сұ­рақ туады. Мұндағы бар гәп – шетелден ке­ле­тін туристердің жаппай демалыс орын­дарына бармайтынында. Қонақтар көбі­не экотуризмге, іскерлік туризммен­ қатар ауқымды іс-шараларға немесе та­ныс-білістеріне келеді. Олар қонақүй неме­се хостелдерде бір күн түнесе болды, турист болып саналады.

Тақырыпқа оралсақ, 2017 жылы елде өт­кен­ ЭКСПО көрмесі туризмді жаңа қы­рынан тануға түрткі болғандай. Сол жы­лы Мәдениет және спорт министрлігі Ту­ризм­ индустриясы комитетіне бағынысты «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды. Бұл жаңашылдық расында ел туризмін әлем­дік деңгейде ілгерілетуге нақты қа­дам де­сек те болатындай. Осы өзге­ріс­­тен ке­йін араға екі жыл салып Үкімет ту­ризм­ді дамытудың 2019-2025 жылдарға ар­­налған мемлекеттік бағдарламасын қабыл­­дады. Осыдан соң, әрине, туристер қызы­­ғу­шылық танытатын орындарды дамы­­туға басымдық берілді. Яғни салаға ең­бек ре­сурстарын тартып, сыртқы және ішкі­ турис­тік ағынды арттыру, инвести­ция­ көлемін ұлғайтып, қызмет түрін ке­ңейту сынды тағысын-тағы межелі мін­дет­тер белгіленді.

Былтыр елге 610 мыңнан аса турист­ кел­­­­ген екен. Олардың басым көпшілігі Іле­­ Ала­­тауына, Бурабайға, Көлсай көл­де­­рі,­ Баян­­ауыл, Шарын шатқалына сая­хат­та­­ған. Ішкі­ туризмнің де үлесі есе­леп арта тү­­сіпті. Негізі бір Алматы қала­сы­ның ау­­ма­­ғында туристерге жайлы 4 ұлт­тық парк­­ бар. Сосын Астана – Бурабай, Шым­кент – Түркіс­тан бағыты, Алакөл, Маң­ғыс­­­тау өңірі­мен қоса кейінгі жылдары елі­­­­міздің сол­түстігіндегі аймақтарға ба­ру­­­­­­ды жөн көре­тіндер көбейіп жатыр екен.­ Бұл­ атал­ған бағыттарда туризмді одан­­ әрі­ дамы­туға мүмкіндік мол деген сөз.­­ Бі­рі білсе, бірі білмес, елімізде 14 ұлт­тық­­­ саябақ, 10 қорық, 6 табиғи резерват,­ 50­ қау­мал, 5 қорықтық аймақ бар. Ел­де­гі ерек­­ше қор­ғауға алынған табиғи ай­мақ­тар­­­дың ау­даны республиканың шамамен 9%-ын­­ алып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осы­­­ аумақтар экотуризмге сұранып-ақ тұр.

Жоғарыда туризм саласының тар­мақ­тары көп екенін айттық. Әлемде де­­­ма­луға таптырмайтын курортты ай­мақ­­тармен қоса, ескі қалаларды көзінің қа­ра­шығындай қорып, алақанына салып­ отырған елдер бар. Ал туристер неге қызы­ғады дегенге келсек, әрине, ерекше, таң­сық дүниелерге. Мысалы, жергілікті ха­лық­тың мәдениетінен, тұрмыс-салты­нан, ұлттық айшықтарынан хабар беретін этнос­тық туризм бар. Қарап отырсақ, ұлан-ғайыр атыраптың теңдессіз тарихи-мәде­ни мұрасы туризмді осы бағытта дамы­туға қолайлы. Сайын далада көне заман­ның көзіндей сақталған жәдігер, ескерт­кіштерді тамашалаған қонақтар ұлты­мыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен таны­сып, тарихын таниды. Басқасын былай қойғанда, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, өз дәуірінде өркендеген шаһарлардың орны не­ тұрады? Бұл бергі жағы, еліміздің әр айма­ғында ежелгі адамдардан қалған бұ­йым­­дардан бас­тап, күні бүгінге дейінгі тари­­хымыз құндақтаулы.

Біз ұлттық мереке, фестивальдерімен дү­ние­­ жүзінің назарын бұрғызған ел­дер­дің ба­рын білеміз. Мұндай мере­ке­лердің мәде­ниет яки дәстүр, дін­мен байланысы­ барын естігенде таң­ға­ла­ты­ны­мыз рас. Үндіс­танда көктем келгенде­ той­ланатын ежел­гі «Холи» мерекесі бар.­ Сол секілді Қы­т­­ай «Жаңа жылы», Ис­па­ния­дағы «La Tomatina» фестивалі бар. Бра­зилияда ерек­ше мерекелердің бірі сана­латын «Рио­ карнавалына» әлемнің әр қиырынан қы­зықтап баратындар көп. Алыс­қа ұза­май­-ақ қоялық, Моңғолияның астана­сы­ Ұлан­батыр қазақтары 2000 жыл­дан күні бүгінге дейін бүркітшілер то­­йын дәстүрлі түрде өткізеді. Осы мерекеде алыс-жақын шетелден арнайы тама­шалауға барған саяхатшыларды кезік­тіру таңсық емес. Осын­дайда небір соқ­тықпалы-соқпақты кезең­нен аман-сау өтіп, әдет-ғұрпын, мәде­ниетін сақтаған ұлт­тың Ұлыс күні – Нау­рыз тойын әлем­ге танытып, ұлықтауға не­ кедергі деп­ толғанасың? 2020 жылдан бері­ елде Нау­рыз мейрамы жаңа форматта той­лана­ бастады. Қазір мереке 14 наурыз – Көрі­су­ күнінен бас­талып, 22 наурызға де­йін­ белгіленген әр мерекелік күнді атап өту­­мен жалғасады. Осы үлгіде тойлау дәс­­түрі, әсіресе Маңғыстау, Түркістан облы­сын­­да, Алматы мен Шымкент қаласында кең­ сипат алғаны байқалады. Қуан­тарлық жай.­ Кешегі 14 наурызда Ақтау­да өткен Көрі­су күніне шетелден де ту­ристер келген екен. Ендеше, келешек­те­ турис­тер Нау­рыз тойды апта бойы той­ласа да­ әбден­ жарасады. Дегенмен Нау­рыз тойын­ халық­аралық деңгейге шы­ғару үшін әлі де болса ауқымды жос­пар­лар қолға алынуы­ қажет секілді. Ол үшін не істеу керек? Әрине, ең бірінші кезекте Ұлттық мереке қонақтарды қызықтыруы керек.

Мәдениет және спорт министрлігі қол­­дау көрсеткен мәдени іс-шаралардың ту­ризмге де қатысы болатыны түсі­нік­­ті. Ос­ы­­ған қоса нақ қазір елдегі тарихи-мәде­­ни нысандарды сақтауға, көп­шілікке таны­­туға және визит-орта­лықтар ашуға кө­ңіл­ бөлініп жатыр. Визит-орталықтарда ту­рис­терге қолайлы қызмет ұсынуға мүм­кін­дік қарастырылады. Негізі, этноту­ризм­­ – қалыпты туризмнің қатарында. Яғни­ этнотуризм дамыған өңірлерде жер­­гілікті халықтың туризм арқылы пай­­да табуына мүмкіндігі мол. Олар қо­нақ­тарды ұлттың тұрмыс-салтымен та­ныс­тыра отырып, қызмет көрсете ала­ды. Сол үшін де министрлік бас­тап, «Kazakh Tourism» ұлттық компания­сы­ қостап, ауылдағы туризмді дамыту­ жағы жолға қойылған. Қазірдің өзінде Көлсай мен Қайыңды туристік аймағының орта­сын­да­ғы Саты ауылының тәжірибесі елдің өз­ге аймақтарындағы табиғаты көркем ауыл­дарға үлгі ретінде ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облысы сынды басқа өңірлерде туризмге жайлы­ ауылдар көп. Этнотуризмді қаймағы бұзылмаған ауылдардың дәстүрін, тұрмысын көрсетіп дамытуға болады. Этнотуризмнің тағы бір бағыты ретінде қазір қолөнершілердің туындыларын танытуға да көңіл бөлініп жатыр екен. Еліміздің әр аймағында министрліктің қолдауымен қолөнершілердің көрмесі ұйымдастыру да дәстүрге айналып келеді. Себебі қолөнер креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы­ Ернұр Кенжебеков те экотуризм, этно­­туризмге басымдық беру арқылы туризмнің өзге де бағыттарын дамытуға болатынын айтты.

– Бізде курорт, жағажай туризмі енді-енді дамып келеді. Оның өзіндік себебі жоқ емес. Мысалы, Түркия мен елдегі климаттың айырмашылығы бар. Бізде жылдың тек екі айында ғана жағажай туризмі ашылады. Әрине, туристерді жыл бойы қабылдауға қолайлы орындар бар. Бірақ жағажай емес. Экотуризм, этнотуризм тиімдірек. Сол үшін де мемлекет туризмді дамытуды көздеген кәсіпкерлерді әркез қолдайды. Жаңадан салынатын туристік орындардың жалпы шығынының 10 пайызын өтеуге мемлекет жәрдемдеседі. Туризм экономикамен тығыз байланыста. Қазір әлемде әрбір туристі елге тарту мақсатында үлкен бәсеке жүріп жатыр. Салаға қыруар қаражат жұмсайтын елдер көп. Жуырда ғана Берлинде ауқымды туристік көрме өткен еді. Сол көрмеге Грузия серіктес болып, 35 млн доллардан аса қаражат жұмсаған. Расымен де бұл – бір көрме үшін қомақты қаражат. Бәсекенің қызып тұрғанын салыстырмалы түрде осыған қарап бағамдай берсек болады, – дейді ол.

Бұл туризмді жандандыру үшін тек инфрақұрылымды жетілдіріп қоймай, жарнамаға, туристерді тартуға қатар көңіл бөліну керек дегенді білдіреді. Мысалы, Түркістанда «Керуен-Сарай» туристік кешені ашылғанда маусым бойы қонақтар үзілмеді. Әр өңір, қала, ауылдың көрген адам қызығатын кешендері, өзіндік ерекшеліктері көбейген сайын­ туристер ағыны артады. Осы тұста ең бірінші кезек­те туризмді табыс көзі ретінде көретін кәсіпкерлерге сенім артылады. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан және елдегі туристік компаниялар бірлесіп, үш елдің көрікті жерлерін байланыстыратын бағыт ұсынған. Мұнда туристік компания­лар алыстан келген қонақтарға бірден үш елді шарлауға мүмкіндік жасап отыр.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биыл тағы үш визит-орталықтың құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ол Түркістандағы «Сауран», «Гаухар ана» және «Ордабасы» туристік орталықтары. Ал нақ қазір Алматы облысындағы «Таңбалы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Түркістан облысындағы «Отырар» визит-орталықтары жұмыс істеп тұрғанын айта кеткеніміз ләзім. Осыған қоса былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 17 тарихи ескерткіш қайта қалпына келтірілген. Бұл қатарда Әзірет-Сұлтан қорық-музейі аумағындағы ескерткіштер, Отырар қалашығының учаскелері, Жаркент мешіті, Ботай қо­нысы, Бөкей Ордасындағы хан сарайы, Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі, Бекет ата жерасты мешіті, Сауран архео­логиялық кешені, Таңбалы петроглифтері, Жетіасар оазисінің Алтынасар ескерткіші, Испиджаб қалашығының нысандары, Абылай хан резиденциясы, Тараз қалашығы және Г.Колпаковский атындағы училище бар. Осылайша, былтыр бас-аяғы 31 тарихи-мәдени нысан қалпына келген. Хронологиялық тұрғыда қарағанда жаңарған нысандар қола дәуірінен бас­тап, XIX ғасырдың соңына дейінгі кезеңді қамтиды екен. Бұл да болса­ елде этнотуризмді ілгерілетудегі артықшылығымыз болса керек.