Қаржы • 24 Наурыз, 2023

Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша?

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 549,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 168,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 380,6 млрд теңге, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша?

2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 292 мың адам.

«2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 992 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 089 теңге, базалық зейнетақы – 37 903 теңге», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

  • Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.
  • Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

«Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.