Қоғам • 24 Наурыз, 2023

Бір апта ішінде 3 бала терезден құлаған

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрайды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бір апта ішінде 3 бала терезден құлаған

19 наурыз күні сағат 18:15-те Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы Мұхамеджанов шағын ауданында екі жасар бала 5-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Оқиға кезінде баланың анасы басқа бөлмеде болған. Ауыр жарақат алған бала Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Сол жақ жамбасында ашық сынығы бар. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы ауыр.

Шымкентте көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің терезесінен бес жасар қыз құлап түсті. Жазатайым оқиға туралы ақпарат 23 наурызда сағат 14:50-де «103» қызметінен Шымкент қаласы, ТЖ департаментінің Дағдарыс жағдайларда басқару басқармасына түсті. Оқиға Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 16 шағын ауданындағы көпқабатты № 18 тұрғын үйде болған. Көппәтерлі 5-қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында орналасқан пәтердің терезесінен ата-анасының қарауынсыз қалып, 2018 жылы туған қыз терезеден құлап қалған. Ол тез арада ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. 

Оқиғаның мән-жайын Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр. Дәрігерлер қызға ота жасады.

Сондай-ақ 21 наурызда Астана қаласында тұрғын үйдің терезесінен баланың құлап түскені туралы хабарлама келіп түсті.

21 наурыз күні сағат 18:55-те Әуезов көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан ересектердің қарауынсыз қалған 2014 жылы туған қыз терезеден құлап түсті. Қыз бала ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа.

«Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы ересектердің, ата-аналардың салғырт қарауының, балалардың жүріс-тұрысын бақыламауының, терезелерде блокаторлардың болмауының, жиһазды дұрыс орналастырмаудың салдарынан болды. Үйдегі жиһазды дұрыс орналастырмау балаларға терезелерге өз бетінше көтерілуіне мүмкіндік береді», деп жазады ТЖМ баспасөз қызметі.

Осыған байланысты ТЖМ балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды

- кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

- кішкентай бала терезенің алдына шыға алмау үшін жиһаздың барлық түрлерін терезенің жанынан алып тастаңыз;

- москит торына сенбеңіз. Олар құлаудан қорғауға арналмаған;

- балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді қойыңыз;

- ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға түсіндіріңіз;

- егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда орнатыңыз.