Қазақстан • 27 Наурыз, 2023

Шекарадағы көлік кептелісі: «Тар мойын» мәселесі тарқады ма?

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінің тауар айналымы мен өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жұмыс жалғасып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілеті едәуір артты.

Шекарадағы көлік кептелісі: «Тар мойын» мәселесі тарқады ма?

Белгілі болғандай, еліміздегі тасымал­даушылар мен жүргізушілердің көп­ші­лігінің ҚХР-ға кіретін визасы жоқ. Мұны шекара маңындағы ауданда визасы бар жүргізушілердің белгілі бір тобы пайдаланып, қызметіне жоғары ақы сұрайды.

Жуырда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шекарада жүк көліктерінің қаңтарылуы көптеген сұрақтар тудыратынын айтты. Тіпті Қытайдың өзі режімді бейтараптандырып, жеңілдеткеніне қарамастан, проблеманың ұзаққа созылуы­на, шекарадағы қиындықтардың болуына мүдделі тұлғалар бар сияқты көрінеді. Ендеше шекарадағы бүкіл үдерістерді цифрландырып, автоматтандыруды дұрыс жолға қоятын, кеден және өзге құрылымдар тарапынан жасанды жолмен қойылып отырған тосқауылдарды алып тастайтын кез келді. Өйткені Қытаймен шекарадағы жағдай елдегі бағаға тікелей әсер етеді.

Жоғары палатаның төрағасы Қытай пандемияға байланысты саясатын өзгерт­кенін, алайда шекарадағы кезек әлі тар­қамай отырғанын ортақ талқыға шы­ға­рып, кейінгі кезде кәсіпкерлерден шағым жиі түсіп жатқанын айтты.

«Инфляция қысымын бәсеңдетудің бір факторы – Қазақстан ‒ Қытай шекара­сын­дағы логистика. Бізге Қытайдан үлкен көлемде тауар келеді. Шекарада кептеліс, кезек қалыптасып, қиындық туындаған сайын, делдалдар, ақша жинайтындар көбейеді, жемқорлық белең алады. Мұндай «алымдар» елдегі тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан шекарадағы ахуалды тазарту арқылы тосқауылдар мен делдалдарды, қандай да бір жемқорлық схемаларды жоя отырып, бағаның барынша төмен болуына ықпал етуіміз керек», деді ол.

Белгілі болғандай, еліміздегі тасымал­даушылар мен жүргізушілердің көп­ші­лігінің ҚХР-ға кіретін визасы жоқ. Мұны шекара маңындағы ауданда визасы бар жүргізушілердің белгілі бір тобы пайдаланып, қызметіне жоғары ақы сұрайды. Мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар Қытай тарапымен тасымалдаушыларға берілетін визаны көбейту жайын пысықтауда.

Туындаған проблеманың тағы бір қыры ‒ тасымалдаушылардың жартысынан көбінде шетел рұқсат бланкілерін алу үшін қажет халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат карточка­лары жоқ. 14 наурызда мемлекеттік ор­гандар Қытайға шығу үшін 500 автофура дайын тұр деп жариялады, бірақ іс жүзінде тек 183-і ғана кетті. Қалған көліктер өткізу пунктінің алдында рұқсат құжаттарын күтіп, кірмеді. Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп кезекті сақтау үшін халықаралық тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат құжа­тын ресімдеу қажет екенін хабарлады. Мұндай құжатсыз автокөлікті кезектен шығару жоспарлануда.

Сондай-ақ Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ qoldau.kz платформасында Сargoruqsat электрондық кезек жүйесін енгізу бо­йынша кезекті жұмыс жүргізуде. Ол шекара арқылы өту үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді және басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен 15 интегра­цияға ие. Кезекті «толтыру» және басқа да әртүрлі манипуляциялардың көп­те­ген фактілері жойылды. Туындаған мә­се­лелерді жедел қарау үшін cargoruqsat телеграмм арнасы бар.

«Атамекен» ҰКП тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға ҚХР-ға кіру, кезекті брондау және шекараға кіру үшін қа­жетті құжаттарды уақытылы ресімдеуді ұсы­нады. Өткізу қабілетін арттыру, ше­карадағы проблемалық мәселелерді реттеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік органдар мен палата өкілдерінің арасынан мониторингтік топ құрылды.

Қазақстан ‒ Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыру жайын қарау барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Сыртқы істер министрлігінің көмегі­мен бұл үдерісті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компанияларды ха­лы­қ­аралық тасымалдарға шығуын оңай­ла­ту жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігіне назар аударды. Шекаралық бақы­лау-өткізу бекеттеріндегі элект­рон­дық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырып, оңтайландыру үдерісін ашық әрі тиімді жүргізу үшін «Атамекен» ҰКП-ны тарту керектігін айтты.

Осылайша, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Қытаймен шекарада кептеліс туындайтын «тар мойын» мәселесін шешу, шекара арқылы тауар көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес электрондық кезек жүйесін жетілдіру жүзеге асырылды; «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінің жұмыс уақыты ұзартылды; Кеден бекетінің штаты қо­сым­ша кеңейтілді.

Сонымен қатар рәсімделетін жүк­тер­дің көлемін ұлғайту және шекара­дағы бақылау операцияларын жеделдету үшін Қытайдың кеден, шекара және басқа қызметтерімен келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға Қытайға еркін кіруі үшін аталған елдің визасын алуға жәрдем көрсетіліп жатыр. Бұл ретте Көлік комитеті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін құжаттарды беру рәсімдері мен мерзімдерін қайта қарауда.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің мәліметінше, 19 нау­рызда ҚХР-дан елімізге 680-нен астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік), ал Қазақстаннан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен. Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым.