Дін • 27 Наурыз, 2023

Жарапазан қандай дәстүр?

1238 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жарапазан  «Жә-Рамазан»,  яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан.  Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Ата-бабамыздың бүгінгі ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңкке ие болады деген үміттеміз әрі ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырамыз.

Жарапазан қандай дәстүр?

Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді.

Әрине, айтушы өзінің қабілет - қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет - сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс - тілек те айтады.

Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке - бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді атсалыса жүріп, өздері де үлгі - өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған.

Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.

Жарапазан өлеңі он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарапазан мәтіні айтыла - айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек.

Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Жарапазан - Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».

Ал М.Әуезов: «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарапазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып,....».

 

ЖАРАПАЗАН ЖЕЛДІРМЕСІ:

Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен!

 

ЖАРАПАЗАН СӨЗІ

Айтайын, «айт» дегенде Жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін, Хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұр-Мұхаммед күліп тұрған.

Мінгені пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.

Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.

Ораза, намазыңды күтіп барсаң
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұр Мұхаммед күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға "оқыдым" деп қылма міндет.

Аллаға "оқыдым" деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,

Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.

Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.

Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады)

 

ЖАРАПАЗАН БАТАСЫ

Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!

Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.

Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаһу әкбар, -деп бет сипайды.

ЖАРАПАЗАН СӨЗІНІҢ ТАҒЫ БІР НҰСҚАСЫ:

Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,
Мойынын хақ жолына ұсынғандар.
Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,
Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.
Атыңнан айналайын хақ пайғамбар,
Алладан әмір келсе – жақ байланар.
Аллаға тіршілікте құлшылық қыл,
Қара жер өлгеннен соң тақтайланар.
Ораза айы келді, ей, жарандар,
Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.
Өлеңі жарапазан айып емес,
Мүминге осылайша болған хабар.
Құдай-ау, айналайын, несібе бер,
Күлген мен ойнағанды кешіре гөр.
Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты,
Су сеуіп тозақ отын өшіре гөр!
Ораза айы келді болып қонақ,
Күтіп ал қонағыңды болмай олақ.
Мұндағы ғибадатың қабыл болса,
Жаннатта қойылады алтыннан тақ.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза мен намаз да ізгі жұмыс.
Ұстасаң оразаны, жұмағыңда
Жемістер шашылады уыс-уыс.
Айтамыз жарапазан ауылыңа,
Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.
Береке, құт әкелсе, Ораза айы,
Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

 

ТАҒЫ ДА БАТАЛАР:

Балалардың мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.

Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын...

Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол.
Бисмилла, Аллаһу әкбар!

Бұрама темір, сым темір,
Отқа салса жанбасын,
Суға салса батпасын.
Тәңір берген нәсібе
Тепкілесе кетпесін!
Әумин! Аллаһу әкбар, -деп бет сипайды.

Осы орайда айта кетелік, жалпы, мұсылман адам намаз оқумен ғана шектелмей, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен тарихымызды да біле жүргендері абзал.  Өзінің салт-дәстүрін білген адам өзге ағымның жетегінде кетпейді. Бауырлас түркі елінде теріс бағыттағы ағымдар қаптай бастаған кезде, мешіттің жанынан діни сауат ашу курстарын дамытып, салт-дәстүрін кеңінен насихаттап отырды. Соның нәтижесінде діни сауаты мен салт-дәстүрін бекемдеп алған түрік бауырлар соңғы кезде адасудан сәл де болса аман болды.  Сондықтан еліміздегі әрбір мұсылман діні мен ата-баба дәстүрін қадірлеп жүруі керек.  Салт-дәстүрімізді насихаттау арқылы Тәуелсіз мемлекетімізге титтей де болса өз үлесімізді қоса аламыз.
 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бас имам орынбасары,

дінтанушы-магистр.