Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Ярослава Шведова Польшамен өтетін кездесуде мына теннисшілерге сенім артады. Олар: Елена Рыбакина (жекелей сында WTA рейтингінде 7-орында), Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 43-орында), Анна Данилина (жұптық сында рейтингте 25-орында), Гөзал Айнитдинова (жекелей сын, WTA, 333-ракетка), Жанель Рүстемова (жұптық сын, WTA, 973). Сонымен қатар қосымша ойыншы ретінде Аружан Сағындықова (жекелей сын, WTA, 968) тіркелген.
Әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина қазір нағыз бабында. Жерлесіміз бұл күндері АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жуырда ғана мұхиттың арғы бетіндегі Индиан-Уэллс қаласында ұйымдастырылған жылдың алғашқы «Masters» турнирінде топ жарған Рыбакина Майамидегі додада да сол жетістігін қайталауға жақын. Отандасымыз кеше жарыстың ширек финалында әлемнің 24-ракеткасы италиялық Мартина Тревизанды екі сетте 6:3. 6:0 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл – қазақстандық теннисшінің биылғы маусымда қол жеткізген қатарынан 12-ші жеңісі. Сондай-ақ отандасымыз қазіргі таңда эйс (бірінші доптан ұпай алу) бойынша әлемде бірінші орында келеді.
Ал дүниежүзілік рейтингте 43-орында тұрған Юлия Путинцеваның әзірге жолы болар емес. Ол жыл басынан бергі жарыстардың екінші айналымынан әріге аса алмай келеді. Тек бір мәрте ғана Аустралияның Хобарт қаласында өткізілген жарыстың үшінші кезеңінде ойнауға мүмкіндік алған еді. АҚШ-та ұйымдастырылған ең кейінгі екі ірі турнирдің бірінші айналымында-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Сондай-ақ жұптық сында бақ сынайтын Анна Данилина кейінгі жарыстарда тәуір өнер көрсетіп жүр. Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алған жас теннисшілер – Гөзал Айнитдинова, Жанель Рүстемова және Аружан Сағындықова болашағынан үміт күттіретін теннисшілеріміздің қатарында. Қазіргі уақытта олар да ересектер арасындағы жарыстарға қатысып, үлкен тәжірибе жинап жүр.
Польша құрамасына келер болсақ, команда капитаны Давид Цельт Қазақстанмен өтетін маңызды ойында әлемнің 1-ракеткасы, Рыбакинаның сыралғы қарсыласы Ига Швёнтекке сенім арта алмайды. Ига өткен айда Дохада ұйымдастырылған додада алған жарақатын Индиан-Уэллсте асқындырып алып, алдағы бірқатар жарысқа қатыса алмайтынын мәлімдеді.
Елордадағы матчта Польша құрамасының намысын Магда Линетт (жекелей сында WTA рейтингінде 19-орында), Магдалена Френх (WTA рейтингінде 105-орында), Алисия Росольска (WTA жұптық рейтингінде 39-орында), Вероника Фальковска (WTA жұптық рейтингінде 92-орында) қорғайды.
Бұл теннисшілердің ішінде Магда Линеттің есімі Қазақстан жанкүйерлеріне жақсы танысты. Биылғы Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалында дейін жеткен Магда бүгінге дейін Юлия Путинцевамен жеті мәрте кездесіп, соның бесеуінде басым түскен. Екі кездесуде отандасымыздың бағы жанған. Сондай-ақ Линетт Елена Рыбакинамен де бір мәрте шеберлік байқасып, жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болған. Екі теннисші 2021 жылы Чехияның Острава қаласында өткен турнирдің 1/8 финалында жолығып, Елена үш сетке жалғасқан матчта 6:3. 2:6, 6:1 есебімен басым түскен-ді. Польша құрамасының өзге теннисшілері әлемдік жарыстарда әлі жарқырап көріне алған жоқ. Десе де олар түрлі халықаралық додаларда бақ сынап, үлкен тәжірибе мектебінен өтіп жүр.
Польша құрамасы 1966 жылдан бері осы жарыста өнер көрсетіп келеді. Олар 1992 және 2015 жылдары бұрынғы Федерация кубогі, қазіргі Билли Джин Кинг турниріндегі ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Польшалықтар екі ретінде де турнирдің ширек финалына дейін жетті. 1992 жылы Германия қыздарынан 3:0 есебімен жеңілсе, 2015 жылы Ресей құрамасынан басым түсе алмаған еді – 4:0.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2020 жылға дейін әйелдер арасындағы бұл жарыс – Федерация кубогі деп аталып келді. Үш жыл бұрын турнирдің атауы өзгеріп, оған АҚШ-тың әйгілі теннисшісі, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың 39 дүркін жеңімпазы Билли Джин Кингтің есімі берілді. 1960-1983 жылдар аралығында өнер көрсеткен даңқты теннисші бірнеше жыл бойы әлемнің бірінші ракеткасы деген мәртебелі атаққа ие болды.
Астанада өтетін Қазақстан – Польша матчы әдеттегідей төрт жекелей кездесуден және бір жұптық бәсекеден тұрады. Әр ойын үш сетке жалғасады. Жарыстың бірінші күнінде теннисшілер жекелей сында екі ойын, келесі күні тағы да екі матч өткізеді. Құрамалар төрт матч қорытындысы бойынша тең түсіп жатса, жеңімпаз жұптық сында анықталады. Сөйтіп бес матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен құрама күзде өтетін турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алады.
Сондай-ақ Қазақстан – Польша құрамасынан бөлек, әлем чемпионатының финалына шығу үшін Испания – Мексика, Украина – Чехия, Ұлыбритания – Франция, Канада – Бельгия, АҚШ – Аустрия, Словакия – Италия, Германия – Бразилия және Словения – Румыния теннисшілері іріктеу матчтарында күш сынасады.
Сөйтіп тоғыз жұптың жеңімпазы былтырғы Билли Джин Кинг кубогінде топ жарған Швейцария, финалист Аустралия және жарысты қабылдаушы ел құрамаларының қатарын толықтырып, 2023 жылғы чемпиондықты сарапқа салады. Ал іріктеу кезеңінен өте алмаған командалар қараша айында әлемдік топтағы орнын сақтап қалу үшін плей-офф сатысында бақ сынайды.