Үміт • 29 Наурыз, 2023

Агрокооперацияның мүмкіндігі

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуына мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, сондай-ақ фермерлердің қаржылық, заңдық және салалық сауаттылығының төмендігі кедергі келтіреді. Агроқозғалыс өкілдерінің бірі Алмасбек Садырбайдың айтуынша, шағын фермерлер кооперативтерге бірігудің тиімділігін білмей отыр.

Агрокооперацияның мүмкіндігі

«Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, ауыл шаруашылығы кооперациясының берері мол. Мысалы, Германияда агрокооперациялар халықаралық концерндерге дейін өсті. Осы елде бәрі кооперацияға негізделген, бұл үлкен артықшылық. Өйткені фермерлер өз тауарларын қайда сатамын деп алаңдамайды, барлығы бекітілген схема бо­йынша жүзеге асырылып, фермердің табысы өседі», дейді сарапшы.

Алмасбек Садырбайдың айтуынша, фермерлер үшін өз өнімдерін өткізу проблема болып тұр. Шаруашылықты жүргізуді жалғастыру, шығындарды жабу үшін өнімді тиімді сату қажет. Алайда іс жүзінде шешім таба алмаған ауыл тұрғындары шаруашылықтан құтылып, ауылдан кете бастайды немесе мүлдем басқа іспен айналысады.

«Заңды тұлға болып саналатын кооперативте сайланған төрағамен біріге отырып мұндай мәселелер шешіле бастауы мүмкін. Кооператив өткізу нарықтарын табады, фермерлердің мүддесін қорғайды. Ал шаруалар өнімді сату жолдарын іздеп қиналмайды. Тұрақтылық, сенімділік пайда болады», дейді агроқозғалыс басшысы.

Елдегі ауыл шаруашылығы кооперация­сының баяу дамуы себептерінің ішінде сарапшы мемлекеттік қолдаудың, арзан несиелердің жоқтығын, жетілмеген салық саясатын айтып отыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінетін субсидиялар Салық кодексінде табыс ретінде тіркелген. Бірақ ол субсидия іс жүзінде фермерлердің шығындарын өтейді. Осыған байланысты фермерлер көптеген есепті тапсыруға мәжбүр. 

«Елімізде жеке қосалқы шаруашы­лықтар туралы заң да жоқ. Бұл өте маңызды және агрокооперацияның дамуына кедергі келтіреді. Өйткені мақсат – тікелей шағын фермерлерді біріктіріп, істерін дамыту», деп атап өтті аграршы.

Сарапшының айтуынша, мысалы, жайы­лымдық кооперативтер күшімен заң бо­йынша кез келген бір елді мекенге тиесілі мал жаюға арналған жерлер де қайтарылуы мүмкін екенін атап өтті.

«Фермерлердің ауыл шаруашылығы сала­сындағы сауаттылығын арттыру – өте маңыз­ды мәселе. Онсыз, тіпті күшті мемле­кеттік қол­дау болса да, нәтиже аз болуы мүм­кін. Сон­дықтан агроқозғалыс шеңберінде біз қар­жы, ветеринария, зоотехника бойынша жедел­детілген онлайн курстар аштық, мал тұқым­дары және басқа да негізгі бағыттар бойынша білім беріліп жатыр», дейді Алмасбек Садырбай.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюро­сының мәліметі бойынша 2021 жылы елімізде 3147 ауыл шаруашылығы коопе­ративі болған. Алайда олардың арасында жоғарыда аталған себептерге байланысты қызметтері тоқтап қалғандар баршылық.