Бірнеше күнге созылған бірқатар ресми шаралардан кейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Финляндия Парламентінің спикері Саули Нийнистемен екі жақты кездесу өткізді. Қазақстандық делегациямен кездесуге жылы ілтипат танытқан С.Нийнисте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрғалық рөліне оң баға беріп, бұл маңызды да жауапты міндетті ойдағыдай атқарып келе жатқанын атап көрсетті. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы Финляндияны да айналып өтпеді. Өткен жылы ұлттық өнім 8 пайызға төмендеп кетті. Қазіргі күні бұл жағдай біртіндеп түзеле бастағандай. Дегенмен, қаржы дағдарысына қарсы тұруда бірігіп амалдамаса болмайтынына С.Нийнисте ерекше тоқталды.
Біз екі жақты көптеген кездесулер өткіздік. Бірқатар алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды аралап көрдік. Финляндия Парламентінің төрағасымен, Премьер-министрімен және басқа да салалық министрлермен әңгімелестік. Біздің бұл сапарымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың фин тәжірибесін жете зерттеп, жақсы үрдістерінен үйрену керек деген кеңесінен арна тартты. Шын мәнінде Финляндияда жасалып жатқан экономикалық реформалар, жоғары технологиялық бастамалар, ғылым мен білім саласын дамытуға арналған бағдарламалар ұтымдылығымен ерекшеленеді. Сондықтан аталған жақсы үрдістер біздің елде пайдалануға әбден жарайды. Демек, біздің кәсіпкерлер, Үкімет мүшелері және тиісті министрліктер өкілдері фин елінің осы тәжірибесін тереңірек зерттеп, пайдалануы қажет деп ойлаймын, деді О.Мұхамеджанов.
Кездесуде екі жақты ынтымақтастықтың жыл сайын артып келе жатқаны, мұндай тиімді достық қатынастың бұдан кейінгі кездері де жалғаса беретіні, өйткені, бірлесіп шешетін мәселелердің жеткілікті екені атап өтілді. Әсіресе, Қазақстан Еуропа елдерімен байланысқа зор мән беруде. Соның ішінде Финляндияның технологиялар мен инновациялар саласында жеткен жетістіктеріне орай бұл елмен қарым-қатынас барынша дамытылғаны жөн. Қазақстанның “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы да осы ұстанымдарға қызмет етуі тиіс.
Қазақстан Финляндияның өте маңызды сауда әріптесі болып қала береді. Екі елдің коммерциялық өзара қарым-қатынастарды дамытудағы әлеуеті зор және финдік бизнес қоғамдастықтың тарапынан Қазақстанға қызығушылық өте жоғары. Қазақстанға келген түрлі компаниялардың 50-ден астам өкілдерінен тұратын танымал бизнес делегация құрамында Финляндияда көшбасшы болып табылатын экологиялық технология, білім, телекоммуникация, қағаз өнеркәсібі, орман өнеркәсібі сынды салалардың және энергетика, инжиниринг, банк секторының өкілдері бар. Астанада ашылған Финляндияның Қазақстандағы елшілігі екі ел арасындағы сауда-саттық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің, азаматтарының арасындағы өзара қарым-қатынастарды күшейтуге жәрдемдесе алады.
Жалпы, елдің мемлекеттік құрылымы республикалық болғанымен, басқару түрі парламенттік. Сондықтан да мұнда төрт жылда бір рет таңдалатын 200 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент заңды билік болып табылады. Парламентке үкіметті жасақтау басымдығы беріледі. Елде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құқықтық жүйе қызмет етеді. Онда жалпы құқықтық, соның ішінде қылмыстық сот өндірісі бойынша көмек кіріс деңгейі төмен тұрғындар бөлігіне көрсетіледі. Емханалар мен ауруханаларда халыққа емдеу-сауықтыру қызмет түрі көрсетіліп, бақытсыз жағдайлардан жапа шеккендерге де қолұшы беріледі.
Дегенмен, мұның бәрі халықты түгел қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Әр адам өзі үшін, отбасы және мүлкі үшін жауап береді. Бақытсыз жағдайлардан сақтандыру арқылы сақтана алады. Елдегі 5,2 млн. халықтың әлеуметтік жағдайлары жақсы.
Әр адам басына шаққанда ІЖӨ көрсеткіші бойынша Нидерланды, Бельгия, Германия, Франция және Канада секілді елдерді басып озып, әлемнің алдыңғы тобына қосылады. Соңғы бес жылда Финляндия Дүниежүзілік экономикалық форумның әлемдік бәсекелестік рейтингісінде төрт мәрте бірінші орынды иеленді. Тіпті сонау 2005 жылы АҚШ, Швеция, Дания, Сингапур және Германия секілді елдерді басып озып, әлемнің 117 елінің арасында бірінші орынды сақтап қалды.
Әрине, Финляндияның мұндай орасан зор жетістіктерге жетуінің сыры елдегі саяси тұрақтылықта, экономиканың ашықтығы мен жоғары дамыған инфрақұрылым және телекоммуникацияның сенімділігінде, банк бәсекелестігіндегі еркіндікте, сонымен қатар, ғылыми-техникалық орталықтар мен университеттердің, кәсіпорындардың жоғары деңгейдегі өзара тығыз байланысында жатыр. Елдегі жоғары бәсекелестіктің тағы бір қыры жаңа технологияларды жылдам игеру, басқару аппараты мен жұмыс күшінің жоғары біліктілігі және бизнес үшін тиімді іскерлік ахуалдың орнатылуы дер едік.
Қазіргі заманда ішкі тұрақсыздық пен алауыздықтан қор болып жатқан елдер аз емес. Оларға қарағанда Финляндия тұрақтылық институттары жағынан әлемде алдыңғы қатардан көрінеді. Бір ғажабы – шенеуніктер арасында коррупция деген атымен жоқ. Өйткені, мұндағы сот нағыз тәуелсіз болып табылады, сондықтан қылмыстың да деңгейі өте төмен. Ал тәуелсіз сот қашанда әділ болып келеді. Халқымыздың кезінде аузы дуалы билеріміздің бір ауыз сөзіне тоқтағаны олардың ешкімге тәуелсіз болмағандығында еді. Сыбайлас жемқорлық, қылмыс жоқ жерде өмір сүру де жеңіл. БҰҰ баяндамасына сәйкес, Финляндия өмір сүруге қолайлы әлем елдерінің арасында сегізінші орында екен. Мұның бар сыры өмір сүру деңгейінің жоғары болуында.
Қазақстандық делегация Финляндия Парламентіндегі кездесуден кейін осы елдің Еңбекпен қамту және экономика министрлігінде болып, жалпы фин экономикасының жетістігімен танысты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
“Егемен Қазақстан” – Хельсинкиден.