Аймақтар • 30 Наурыз, 2023

Абай облысында тауар айналымы ұлғайды

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында, Абай облысының 2023-2027 жылдарға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру мәселелері қаралған болатын. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев баяндама жасап, 2028 жылға қарай Абай облысының экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылатындығы жайлы айтылды. Айтылған жоба-жоспарлар, кешенді мәселелер, сөз жүзінде қалмады ма, сең қозғалды, облыс құрылды дейміз, ал, бірақ осы бағыттағы жұмыстар жұмыстар қалай атқарылуда?

Абай облысында тауар айналымы ұлғайды

Міне, осы мәселелерге орай, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Берік Терлікбаев Абай өңірлік коммуникациялар орталығында біраз сауалдарымызға жауап берді.  Айта кету керек, өңірде ауқымды істер атқарыла бастағаны рас. Абай облысында тауар айналымы өсуімен қатар, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу жұмыстары да тиімді нәтиже бере бастапты. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артқан. Бұның барлығы құрғақ статистика емес, халықтың әлеуметтік жағының жақсаруына, Президент тапсырмаларының тұрақты орындалуына деген басты қадамдар.

Сонымен қатар Берік Терлікбаевтың айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі бүгінде жаңадан құрылған Абай облысы бойынша, 1 трлн 180 млрд. теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 109,7% көрсеткішті көрсетуде.

- Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 473,9 млрд теңгені құрайды. 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ауылшаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 98,5% болды, бұл өте жақсы көрсеткіш. Ілгерілеушілік бар. Ауылшаруашылығы өніміне келсек, республика көлемінің 5,1%-ын біздің облыс өндірді, - деді ол.

2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімінің көлемі 4,1%-ға артқанмен, өсімдік шаруашылығы өнімі 7,8%-ға төмендегені байқалады. Ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 438,8 млрд теңгені құраған. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда соңғы бір жылдағы үлес әлдеқайда жоғары екендігі байқалады.

Айта кету керек, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында, суару жүйелерінің жабдықтарын сатып алу және инфрақұрылым салу Абай облысының бас жоспарында бар. Сондай-ақ ет өнімдерін қайта өңдеу комбинатын салу бұл күндері мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін аса қажет болып отыр. Кәсіпкерлердің талабымен әрі қарапайым халықтың сұрауымен 2 сүт-тауар фермасын және 2 бордақылау алаңын салу да жоспарланыпты. Сонымен қатар кәсіпкерлік пен туризмді дамыту үшін Алакөл көлінің жағасында 2 сауда-ойын-сауық орталығын, 5 жұлдызды қонақ үй кешенін және демалыс базасын салу да облысты кешенді дамытудың жоспарында тұр.

Мысалы, ет өңдеу комбинатын, суару жүйелерін, сүт-тауар фермаларын салу нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2028 жылға қарай 1,5 есеге өседі деп күтілуде.

Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев өзінің Үкімет отырысында жасаған баяндамасында «Туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 іс-шараны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 2 сауда — ойын-сауық орталығын, Алакөл көлінің жағалауында қонақ үй кешені мен демалыс базасын салу қажет», деген болатын. Халықаралық көлік дәліздерінің байланыстырушы буындарын ашу және облысымыздың транзиттік-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін КПР-ға «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу, құрғақ порт пен логистикалық парк құру, Ертіс өзені арқылы өтетін автогуж көпірін, Семей қаласындағы аспалы көпірді қайта жаңарту сияқты аса өзекті мәселелердің легі де күтіп тұр.

Коммерциялық тасымалмен айналысатын көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің жүк айналымының көлемін бағалауды есепке алғандағы жүк айналымының көлемі жедел ақпарат бойынша 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 20 694,9 млн тонна-километрді құраған екен. Бұл 2021 жылғы сәйкес кезең деңгейінен 0,2%-ға артқанын көрсетеді.

Қанша айтқанмен экономиканың өрлеуі тікелей жолдарды жөндеумен байланысты. Себебі жүк тасымалы, тауар айналымы сапасына тікелей әсер етеді.  Нақтылап айта кетсек, жалпы ұзындығы 1500 км-ден асатын жергілікті жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізіледі, сондай-ақ Семей қаласынан Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларына және Үржардан Павлодар қаласына авиарейстерді субсидиялау да жоспарлануда.

Тұрғын үйлерді қолданысқа беру де басты назарда тұр. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда тұрғын үй құрылысына 63,7 млрд теңге салынған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттың үлесі 15,1% пайыз екен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту саласында 13 іс-шара көзделген. Себебі Абай облысы құрылғаннан бері халық саны едәуір арта түскен.