Полиция қызметкері ерлік көрсеткен оқиғаны еске сала кетсек, шетелдік ер адам тапа-тал түсте аңшылық шолақ мылтықпен қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасап, күзетшіні жаралады. «Сайга» карабинін ұрлап кетуге тырысты. Бұл оқиға үш студенттік жатақхана мен жалпы білім беретін мектеп орналасқан, адам көп шоғырланған Шымкенттің орталығында болды. Полицейлердің жедел әрекеті мен кәсібилігінің арқасында қайғылы оқиғаның алды алынды. Күдіктіні ұстаған Арман Әріпжанов атыс кезінде оқиға орнына жақын жерде жұмыста болған.
«Ол уақытта әріптесіммен жұмыста бейнебақылау камерасын қарап, ұрлау деректерін зерттеп жатқанбыз. Атысты естіп, бірден көшеге шықтым. Көшеде студенттер көп еді, оларға қашу керегін айттым. Артынша, күдіктінің соңынан жүріп, оңтайлы сәтті пайдаланып, патруль көлігінің қасында ұстап алдым. Сол кезде ол мені атып жібермек болды. Қорыққан жоқпын, өз жұмысымды істедім ғой. Бастысы, күдіктінің қаруын тартып алу керек болды», дейді полиция капитаны Арман Әріпжанов.
Президенттің Жарлығымен орден алған, медальмен марапатталған полицейлер үшінші мегаполисте аз емес. Жұмысына шын берілген адал қызметкерлер де жетерлік. Миллионнан астам тұрғыны бар, күніне мыңнан аса қонақ пен турист келетін, қалада көлік те көп. Яғни полицейлерге қойылатын талаптар да жыл өткен сайын күшеюде.
Қазіргі таңда, Шымкентте 3 мыңнан аса бейнекамера жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 1500-ге жуық «Сергек» камераларын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл құрылғы қала жолдарындағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда полицияның көмекші серігіне айналды. Мәселен, жақында аталған бейнекамералардың көмегімен балабақшадан шығып, белгісіз бағытта жоғалып кеткен 5 жасар қызды тәртіп сақшылары жарты сағатта тауып, ата-анасына тапсырды. Бұдан бөлек, жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы қаңтар айында қаладағы пәтерлердің бірінен құны жарты миллион теңге тұратын алтын әшекейлерді ұрлаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары ұсталды. Кейін олардың Алматы және Тараз қалаларында да осыған ұқсас пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталған. Ал «Қорғау – қауіпті жүргізуші» қосымшаның көмегімен бүгінге дейін, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан 88 автокөлік, жүргізуші куәлігінен айырылған 69 адам және көлік басқару құқығы жоқ бір жарым мыңға жуық тізгіндеуші жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ «Қорғау-Сергек» жүйесімен 9 513 жол ережесін бұзу жайтына қатысқан 3 мыңнан аса тұлға анықталды.
Мегаполисте 246 мектеп бар. Оның 151-і мемлекеттік, 95-і жекеменшік білім ордасы. Олардың барлығында жедел басқару орталығымен тікелей байланыстырылған бейнебақылау камералары мен «SOS» дабыл түймелері іске қосылған. Мектеп қабырғасындағы тәртіпті, камера арқылы бақылаушы инспекторлар қадағалайды. Нәтижесінде, соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеу үрдісі байқалады. Қалада криминогендік ахуал тұрақты. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғарылады. Бүгіннің аса өзекті мәселесіне айналған интернет-алаяқтыққа байланысты департаментте тәжірибелі мамандардан тұратын жедел-тергеу тобы құрылған. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде өткен жылы интернет-алаяқтықпен айналысқан 4 қылмыстық топ анықталып, ұсталды. Бүгінде тәртіп сақшылары ақпарат кеңістігіндегі барлық мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды ескертіп келеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шаралардың нәтижесінде интернет алаяқтық қылмысы 35 пайызға азайған.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан 55 068 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Биылғы 27 ақпан мен 5 наурыз аралығында полиция департаменті жедел басқару орталығының «102» арнасына 8 331 әртүрлі сипаттағы қоңырау шалынған. Оның 3 787-і тіркеуге алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бір апта ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен 12 қылмыс ашылған.
ШЫМКЕНТ