Ғылым • 30 Наурыз, 2023

Ғылымға көзқарас – мемлекет өркендеуіне көзқарас

513 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде елеулі саяси өзгерістер жүріп жатыр. Жаңару мен әділеттік негізгі ұстанымға айналды. Осы бағытта мемлекет пен қоғам дамуының басты драйвері – ғылым мен инновация.

Ғылымға көзқарас – мемлекет өркендеуіне көзқарас

Әділ қоғамға жетейік

Әрине, ел мүддесі бәрінен биік. Оны қастерлеу – парыз. Сондықтан ел дамуы үшін өндіріс орындарын, ғылымды өркендету, ұлттық құндылықтарды халық игілігіне айналдыру маңызды. Бабалардан жеткен аталы сөз бар – «Ғалымның хаты өлмейді». Мұның баршасы Әділетті Қазақстан ұғымына сай келеді. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен және дәйектілігімен қайта мемлекеттік мәртебе алған Ұлттық ғылым академиясы аталған салада ел­­дік істердің ұйытқысы болады деп сенім­­мен айта аламын.

Әділетті Қазақстан текке айтыла салған сөз емес. Тарихи салмағы бар ұғым. Мұны да тарқатып айтатын шақ келді. Бүгін қылған іс – ертеңнің ірге­та­сы, тәлімі мен тәжірбиесі. Ең бас­тысы, заң бәрінен биік тұруы керек. Аза­мат­тарымыз еңбекқор, жастарымыз алғыр, халқымыз рухты болсын. Сонда мамыражай, бейбіт, ешкімге жалтақтамайтын қоғамға айналамыз.

Әділет деген ойдың астарында те­рең мағына жатыр. Әр адам туған елін дамытуға үлес қосуы шарт. Мұ­ны жиі айтып келсек те, іс жүзінде көрін­беді. Қазір әркім өзін асырайтын нарықтық заманда тұрмыз. Отанды сүю мен еңбек қатар жүруі керек. Туған елге қалтқысыз қызмет етсек, бұл ұғымның аясы кеңейе түседі. Ғылым қашанда әділдік жағында.

 

Ел игілікті көргісі келеді

Ата-бабамыздан қалған жерүсті, жерасты байлығы бар. Менделеевтің химиялық кестесіндегі элементтердің 99 %-ы елімізде кездеседі. Барлық ме­талдың түрі ұшырасады. Жылына 100 миллион тоннаға дейін мұнай шығарамыз. Соны тиімді игеретін кез келді. Әңгімені тереңнен қаузайын. Бір кездері Ұлттық ғылым академиясының экономистерін жинадық. Академик Кенжеғали Сағадиевтің тобы санап шықты. Бір қорытындыға келдік: Қазақ еліндегі металл шығаратын 5 зауыт, мұнай өңдейтін 3 зауыт тұрақты жұмыс істеп тұрса, экономика қуаты артады.

Өзім химия саласының маманымын. Сондықтан ел игілігін арттырудың тиімді жолдарын айтуды жөн көремін. Қазақстанға кем дегенде тағы 2 мұнай өңдейтін зауыт салу қажет. Кем дегенде 1 зауыт мұнай қалдықтарын өң­де­се дейміз. Мұнайдан түрлі бұйым шығаруға болады. Бір Германияда 21 мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Бірақ ол елдің жерінің астында мұнай бар дегенді естімедік. Озық елдердің қарыштап дамуының құпиясы – олардың өңдеуші өнеркәсіпке әлдеқашан көшіп кеткендігінде. Мұнай мен газға сеніп отыратын заман артта қалды. Өзі түк өндірмейтін елдің болашағы бұлыңғыр.

Еліміздің барлық өңірінде химия өндірістері бар. Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Ақтөбе сынды аймақтарды тізіп айтуға болады. Мұнда бой көтер­ген зауыттар кеңес дәуірінде өнім берді. Шикізат алатын орын ғана болды. Қалғаны елден сыртқа шыға­рыл­ды. Бүгінде әлгі зауыттардың біра­зы жұмыс істеп тұр. Кейбірі істен шық­қан болуы да мүмкін. Жақында Қы­тайға бардық. Біз өзіміз ашқан жаңа­лықты оларға таныстырдық. Дәл соны Өс­ке­мендегі белгілі бір зауыттың бас­шы­лығына көрсеттік. Бірақ біздікі құ­лықсыз. Бірнеше зат өндіріп басын ауыртқысы келмейді. Оған вагон-вагонымен сатып, тыныш отырғаны тиімді. Осыдан кейін қалай дамимыз? Сондықтан ірі кен орындары, зауыттар мен фабрикалар мемлекет меншігіне өтуге тиіс. Мемлекет күш салған жерде өнім мен пайда қатар жүреді. Сонда ел әл-ауқаты артып, сенім күшейеді.

 

Ғылымға реформа керек

Мемлекет басшысы ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр. Өзім қабылдауында болғанымда қордаланған мәселелерді шешудің жөнін кеңестік. Сөйтіп, Ұлт­тық ғылым академиясының бойына қан жүгіртудің тетіктерін қарастырдық. Ойымды әріден бастайын.

Бүгінде «Ғылым ордасы» акционер­лік қоғамы бар. Бұл – бұрынғы Ғылым академиясы деген сөз. 1991 жылдары жағдай қиын болды. Елдің бәрі жан-жаққа тарады. Ғалым­дар күн көрісті ойлады. Сырт елге қоныс аударғандары да болды. Елең-алаң шақта Академияны таратып тындық. Басты кілтипан – қаржы тапшылығы. 2010 жылы дәстүрлі формадағы кандидаттық, докторлық ғылыми дәрежені алып тастадық. Болон жүйесіне дереу көшіп алдық. Содан бері 13 жыл өтті. Біздің кандидат күйінде қалған адамдарымыз сабылып жүр. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерін сағалап жүр. Доктор болғысы келеді. Ғылымға үлес қосуды ойлайды. Докторлық дәрежесі болмаса, жарытып тамақ ішіп, күн көріп кету бір мұң. Олардың екінші жолы бар: болмай бара жатса, шетелге тайып
тұру. Бұл – бүгінгінің шындығы. Қа­зір корреспондент-мүшесі, академик болатындай докторлар азайып барады. Дәстүрлі жолмен докторлық қорға­ған­дардың соңы 60 жаста, алды 90-ның үстінде. Лайым ұзақ жасасын! Бі­рақ осылайша өз қолымызбен қазақ ғылымын қылқындырып отырмыз.

 

Гранттық жобаға 5 жыл

Ғалым ғылыми жобамен айналысады. Кәнігі маман зерттеу үстінде жүр­месе, ауырып қалады. Өз ісіне берілген жандар жетерлік. Жалақысы мардымсыз болса да, ғылымнан кетпей жүрген адамдар бар. Оларға ескерткіш қоюымыз керек.

Гранттық жобаны ұтып алу – футболдан әлем чемпионатын ұтқанмен тең. Ашқан жаңалыққа қызыққан, иек артып жатқан пендені көрмедік. Қазір ғылыми жобаны 27 немесе 30 айға береді. Әрі кетсе 36 айға ұзартады. Былайша айтқанда, 2,5-3 жыл. Жобаны өткіземін деп жүргенде жарты жыл кетеді. Ұсынғаныңыз Ұлттық ғылыми кеңестен өтіп, министрліктен бекітіліп, сұраған қаражатыңыз берілсе игі. Алайда кейбір ғылыми институттар бар болғаны 3-4 гранттық жобамен отыр. Сонымен жан бағады. Таралымы санау­лы ұжымдық монография шығарады. Оған жалақыны қосыңыз. Аз ғана қаражатты әрі де, бері де тартып, жеткі­зе алмай дал боласыз. Содан кейін сынаушылар «жасаған ғылымдарың кәні?» деп өре түрегеледі.

Ғалымдар ұсынысы: ғылыми жоба 5 жылға бекітілсе екен. Ғалым әлеумет­тік жағдайға бас қатырмасын. Ол одан гөрі ғылымына көңіл бөлсін. Шетел­ге шығатын іссапарларына арнайы қаржы лайықты бөлінсе, әлемдік әріптес­термен қарым-қатынас нығая түседі. Базалық жалақы институт қызмет­керлерінің бәріне түгел төленсе дейміз. Магистрден бастап академиктерге дейін қаржыдан қысым көрмеуге тиіс.

Жоба ұсынғанда, есеп өткізгенде ағылшынша және орысша нұсқасын сұрап мезі етеді. Мемлекеттік тілді біле­тін сарапшы болғаны дұрыс. Көп тілді меңгерсін. Оған қарсы емеспіз. Алай­да үш тілде есеп сұрау масқара ғой. Қазақ елінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан қазақша есеп бер­сек жеткілікті. Қағазбастылықты жою қажет. Бітпейтін есеп-қисаппен бас қа­тырудың қажеті жоқ. Бюрократия ғалым­ның қолын байлайды. Ғылымды ойлантпайды.

Алпауыт державалар ғалымның ашқан ғылыми зерттеуіне ынтық. Тіпті оны олигархтар да қаржыландырып жатады. Ал бізде тау қопарсаң да қау­қар­сыз саналасыз. Ғалымдардың жет­кен жетістігіне атқамінерлер құлақ асса екен. Мәселен, осы жылы ашыл­ған жетістікке байланысты қаулы-қарар қа­былданса, мемлекеттік бағдарла­ма­ға енсе деген игі ниетіміз бар. Ал сый­ма­ған­дары келер жылдың еншісіне бұйыр­­са. Сонда ғалым мен билік ара­сын­­­да өзара ықпалдастық дами түсер еді.

 

Жастарды ғылымға тартайық

ТМД аумағында түбегейлі үш сатылы білім жүйесіне көшкен жалғыз ел  бізбіз. Дәстүрлі кандидаттық, докторлық дәрежені жойдық. Бүгінде магистратура мен PhD докторантураға ғана иек артып алдық. Ғылым саласына ғұмырын арнап келе жатқан адам ретінде бір нәрсені шегелеп ай­тайын. Қазақстанда 50/50 форма­ты жүруі керек. Яғни бұрынғы дәстүрлі қорғауды қайта енгізейік. Екінші тараптан магистр, PhD қорғап шығуға да мүмкіндік берейік. Болон жүйесінің өзінде бұрынғыша қорғауға болады деген сөз кездеседі. Осы мәтінді негізге алып, бұрынғы жүйені қайта орнатайық. Магистрді ғылыми деңгей деп мойын­дап, ақша төлеп, PhD дәрежесіне бері­летін қаржыны көбейтейік. Бұл – жас ғалымдарды ынталандыратын қадам.

Барлығы жалақыға келіп тіре­леді. Мен Химия институтының бас директорлығы қызметін қатар атқарамын. Бізге жастар көп келеді. Сөйтіп, жұмысқа қабылданар алдында айлығын сұрайды. Бастапқыда 100-150 мың теңге болатынын айтамын. Бірден еңсесі түседі. Әлгі жас маман одан гөрі 2 жерге күзетші болып, 200 мыңнан артық алуды ойлайды. Оның бұл ойы тіршілік тұрғысынан дұрыс. Тапқанының жартысын пәтерге берсе, қалғаны ішіп-жеуінен артылмайды. Ал ол жас маман үйленгісі келеді. Шаңырақ құрған болса, тіпті қиын. Осының бәрін көріп-біліп жүрген жас маман реті келген күні АҚШ, Еуропаға, берісі Түркияға кетеді. Дамыған елдерде 5-10 мың доллардан артық айлық алады. Біздікіндей ипотеканы ойлап миын ашытпайды. Үйленсе, бала-шағасына барлық жағдай жасалады. Осыдан кейін қалайша жас маманды қолда ұстап тұрамыз.

Өзіміз кандидаттықты Мәскеуде қорға­­дық. Араға 11 жыл салып доктор­лық диссертацияны қорғап, елге орал­дық. Үйлендік. Балалы болдық. Қыруар шаруаның арасында қосымша жұ­мыс істедік. Кеңес кезеңін сынап жатамыз. Алайда ол уақытта ғы­лым­ға де­ген көзқарас жоғары еді. Бір нәрсе­ні тұжырымдап айтайын: жас ғалым­дарды дәл қазір ғылыми үдеріс­терге үйреткен абзал. Әйтпесе, жасы үлкен ғалымдар соңына ерген жастарға тәлім-тағылымын айтып үлгермейді. Жас ға­лым­дардың айлығын арттырып, әлеу­­меттік мәселесін тездетіп шешуді ке­шен­ді қарастыру – мемлекеттік мәселе.

 

Scopus – бос шығын

Қазір Scopus және Web of Science журналына мақаласы шыққан адам дүниедегі ең бақытты адам саналады. Басында шетелдік журналға мақала жа­рия­ласа жеткілікті еді. Бүгінгі таң­да оның процентилі жыл сайын өсіп барады. Қанша монография жаз­саңыз да, Scopus мақалаңыз болмаса, ешкім емессіз. 35 процентильден кем емес шетелдік ғылыми журналға мақала жариялауға міндеттейді. PhD қорғайтын болса, 25 процентиль болатын Scopus мақаласын талап етеді. Web of Science  бойынша Q1, Q2 дәрежесіндегі ғылыми мақала сұрайды. Q4 болса, дымға жарамсыз. Шетелде бұлай ғылым жасалмайды. Бізде парадокс!..

Академик болсаңыз да Scopus және Web of Science тізіміндегі журналдарда ғылыми мақалаңыз шықпаса, құныңыз көк тиын. Біздің нақты ұсынысымыз бар. Ғылымды дамытып, оны әлемдік аренаға шығарамыз десек, шетелдік журналға міндеттегенді доғарайық.

Түйіндеп айтқанда, Ұлттық ғылым академиясы тікелей Президентке бағы­на­тын мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. Енді ол жаңа кезеңге көтерілуге тиіс. Құрамына бұрынғы институттарын қайтарайық. Германия, Франция, Ресей секілді елдерде Ғылым академия­сы жұмыс істеп тұр. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезовтер қызмет еткен, ұлттың біртуар ғалымдары мен қайраткерлері маңдай терін төккен қасиетті қара шаңыраққа қойылатын бірінші талап – құрғақ есеп емес, ғылымды дамыту болуы керек.

Әділетті Қазақстанды орнататын зиялы қауым. Әділ әрі зерделі қоғам орнасын десек, ең бірінші ғалымның жағдайын түзеу маңызды.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

Ұлттық ғылым академиясының

президенті, академик