Алматы • 03 Сәуір, 2023

Алтын бесік Алматы

217 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматы – еліміздің экономикалық һәм рухани қозғаушы күші ғана емес, мемлекет өміріне қатысты барлық салаға серпін беретін күретамыр. Алматыда болған маңызды оқиғалар, қабылданған шешімдер, қолға алынған бастамалар тұтас ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Сонымен бірге Алматы саяси өзгерістердің алтын бесігі екенін жоққа шығара алмаймыз.

Алтын бесік Алматы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Қаңтардан кейінгі қарқын

Күн санап аумағы артқан мегаполис өмірінде бұл бағыттарда оң динамика орын ала бастағанын айтуымыз қажет еді. Дегенмен алты құрлыққа ауыз салған пандемия, қаралы қаңтар оқиғасы қала­ның жан-жақты дамуына кері әсер етті. Қаңтардан ке­йін жұмысқа кіріскен жаңа әкім­ге жаңа міндеттер жүктеліп, қи­раған нысандардың басым бөлі­гі қайта қалпына келтірілді, есең­гіре­ген экономика ес жия бастады. Былтыр араға алты ай салып Орталық коммуника­циялар қызметінде есеп берген Ерболат Досаев қала экономикасында тұрақты өсу байқалғанын, 5 ай­дың қорытындысы бойынша қыс­қ­амерзімді экономикалық ин­ди­катор 107,6%-ға дейін ұл­ғай­ғанын мәлімдеді. Айталық, өткен жылдың алғашқы екі тоқсанында қалада 16,3 мың жұмыс орны құрылып, 3,3 мың орындық 54 балабақша ашылған. 45 км инженерлік желі жаңар­ты­лыпты. Экология мәсе­лесін еңсеру мақсатында газбен жү­ретін жаңа 300 автобус сатып алынып, 150 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, жоспарда мегаполис пен Алматы облысы синергиясының жобаларын айқындауға қатысты біраз жайлар тиянақталды.

Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізгі қуаты. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Қалада өңдеу өнеркәсібін өрлету қажет. Өткен жылы негізгі капи­талға салы­натын инвестиция­лар көле­мі едәуір артқан. Сауда мен іскер­лік белсенділікте де алға жылжу байқалады. Бизнес­ке негіз­сіз кедергі келтіру мәсе­лесі­мен күрес күшейе түсті. Кә­сіп­кер­лік­ке заңсыз тексеріс жүр­гізу ісі бойынша прокуратура мен кә­сіп­керлер палатасына бір жыл­да 462 өтініш түскен. Арыз-шағым­дар екшеліп, кейбір мемлекеттік құрылымдардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

 

Экология – енжар қарайтын мәселе емес

Экология мен көлік кептелісі – мегаполис үшін бас ауыртар басты тақырып. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін бұл бағыт­та үлкен жұмыстар қолға алын­ғанымен, нәтиже көңіл көн­шітпейді. Айтыла ақжем, жазыла жауыр болған қос проблеманың түйінін тарқату үшін қаладағы көлік санын ретке келтіру мен жылыту қазандығын газға көшіру қажеттігін экологтер соңғы бес жыл бедерінде жарыса айтып жүр. Өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұрмыстық игілік қоршаған ортаға залалын тигізбей тұрмайды. 550 мың көлік ресми тіркелген шаһарға тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін авто­көліктер саны 255 мыңнан асып жығылады. Қаладағы бір­қа­тар даңғылды ұзарту жұ­мыс­тары толық аяқталып, жолайрықтардың құрылысы қарқын алса, метро бекеттерінің саны артса, кептеліс сәл де болса сейіледі деген үміт басым. Ал наурыз айының басында бел­сенділер тағы да Алматының эколо­гиялық проблемасын арқау еткен форум өткізді.

– Қаланың негізгі Талғар, Қас­келең тарапындағы кіре­беріс қақпаларына үлкен көлік тұрақтарын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шең­берін­де шешудің тетіктерін тап­қан жөн. Дамыған елдер­дегі­дей үлкен қалаларға ауыр жүк кө­лік­терін мүлдем кіргізбеу керек. Алып қоймалар салып, қа­жетті заттарды шағын жүк кө­лік­тері арқылы ғана қалаға тасы­малдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл тотығы 800 килоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша, көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден аса зиян­ды зат бөлінеді. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны лас­тайтын заттардың 60 пайы­зы көліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет. Алматының 2,2 мил­лион тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 мил­лион халық шоғырланған Мехико, 17 миллион халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 мил­лионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Бұл – өз кезегінде кімді болсын ойлантатын өткір мәселе. Өйткені мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, – дейді қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.

Мәселені тек көліктер мен ЖЭО-ға тіреп қоюға тағы болмайды. Бірқатар эколог маман проблеманың бір ұшын биік ғимараттардың көптеп салынуынан көреді. Өйткені зәулім құрылыс нысандары қаланы қалқалап тұр. Бұл өз кезегінде ауа алмасуына кедергі келтіреді. Шаһардың қазан­дық тәріздес аумақта орна­ласқанын ескерсек, шынында бұл пікірдің негізсіз айтыла салмағанын аңғарамыз. Сайып келгенде, Алматының экология­сын қалыпта ұстау жан-жақты кешенді жұмыстарды қолға алуды қажет етеді.

 

Жастардың саяси сауаты артқан

Бірер ай бұрын «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының бастамасымен «Алматылық жастардың саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін факторлар» атты стратегиялық сессия өтіп, тұрғындардың саяси сауат мәселесі сараптал­ды. Саясаттану және дін­тану инс­титутының ғылы­ми қыз­мет­кері Нұркен Айтымбетов­тің айтуын­ша, мегаполис жастарының сая­сат­тағы рөлі, белсенді жастар­дың үлес салмағы басқа өңірлермен са­лыстырғанда әлдеқайда жо­ғары. Мәселен, былтыр елдегі аса маңызды саяси оқиға рефе­рен­думға алматылықтар белсенді түр­де қатысқан. Конституцияға өзге­рістер енгізуді тұрғындардың 65,22%-ы қолдап, 32,99% дауыс беру­ге келген. Ғалым саяси мәде­ниеттің ұлттық негіздері бар екенін де қаперден шығармауға шақырды.

«Саяси мәдениеттің іргета­сы ұлттық тәрбие арқылы қа­лып­тасады. Оны елемей саяси мәдениетті дамытамыз деу – бос әу­решілік. Қазіргі таңда жас­тар­дың саяси көзқарасына әлеу­меттік желі қатты әсер етіп жатқан жоқ. Ол жақта әртүр­лі топтың мүддесі тайталасып жатқандықтан, жастар оларға еріп, қате саяси ұста­ным­ға ұры­нып жатады. Сол себепті жас­тар өз саяси мәде­ниетін әлеу­меттік желідегі жауап­керші­ліктен бастауы қажет», дейді Н.Айымбетов.

«Жастардың саяси мәдение­тін арттыру жолдары» атты тағы бір семинар-тренингке әртүр­лі мамандық иелері қатысқан. Олар­дың арасында саясаттану ма­мандығы бойынша білім ала­тын студенттермен қатар, халық­а­ралық қатынастар, журналис­тика, тіпті инженерлік курс­та оқитындар бар. Бұл – саяси мәде­ниетті меңгеру мамандық түрі­мен шектелмейтінінің айғағы. «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Б.Нәлі­баевтың сөзінше, еліміздегі соңғы жылдардағы саяси үдерістер осындай жобалардың пайда болуына түрткі болып отыр.

– Бұл жобаның аты «Халық­тың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» деп аталады. Ал семинар-тренингтердің мақ­саты – болашағынан зор үміт күт­тіретін саясаттанушыларды ірік­теу. Мұндағы оқиғалар қал­ған өңірлерге тікелей ықпал етеді. Мегаполиске жыл сайын аймақтардан әртүрлі жастағы адамдар ағылып келіп жатыр. Әлеуметтік және саяси шие­леністер ушықпас үшін осындай іс-шаралар жиі өтуі керек деп санаймыз, – дейді Б. Нәлібаев.

 

Қаланы қандай өзгеріс күтеді?

Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы хал­қының саны 2,5 миллионға жетеді. Ал 2040 жылы 3 млн, 2050 жылға қарай 3,6 миллионға дейін өсуі ықтимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша халықты баспанамен қамту үшін 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй болуға тиіс. 2030 жылға дейінгі бас жоспар бойынша жобалық ұсыныстардың бірінші кезеңін іске асыру үшін әлеуметтік ин­фрақұрылымды дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге инвестиция қажет. Инвестициялардың басым бөлігі мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді дамыту, денсаулық сақтау мекемелерін жетілдіру ісіне жұмсалмақ. Мегаполисте 2040 жылға дейін 188 мектеп пен 300-ден астам балабақша салынады.

Бас жоспар қабылданып, жүйелі жүзеге асар болса, 2030 жылға дейін қалада 180 мыңға жуық жұмыс орны құрылуға тиіс. Оның 30%-ы полицей, өрт сөндіруші, дәрігер, мұғалім секіл­ді әлеуметтік сала мен тіршілікті қам­тамасыз етуге бағытталған сала­ларға тиесілі, ал қалған 70 пайы­зы мамандандырылған жұмыс орындары. Бұл – Алматыдағы тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік мәселені реттеуге ықпал ететін негізгі фактор.

 

АЛМАТЫ