Туризм • 03 Сәуір, 2023

Туристі қазы-қартамен қызықтыра аламыз ба?

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде туризм саласы қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2022 жылдың статистикасына зер салар болсақ, былтыр Ұлы даланың көрсе көз тоймайтын, айтуға сөз жетпейтін көрікті жерлерін тамашалауға 8 млн-ға жуық шетелдік саяхатшы келген екен. 2021 жылғы дерекпен салыстырғанда, бұл көрсеткіш әлдеқайда жақсарған.

Туристі қазы-қартамен қызықтыра аламыз ба?

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы, Қазақстанның кез келген аймағы өзінің әсем табиғаты­мен, көрікті жерлерімен туристерді тар­туға қауқарлы. Әр аймақтың немесе елдің өзіне тән табиғи ерекшелігі бола­тыны сияқты жер көлемі жағынан әлем­де тоғызыншы орын алатын біздің еліміздің де әр аймағы туризмнің кез келген саласын дамытуға мүмкін­дік береді. Әсіресе оңтүстік өңірде туризмнің барлық бағытын белсенді дамытуға болады. Атап айтқанда, ке­йінгі кездері туристер арасында ең көп сұранысқа ие болып жүрген емдік-сауықтыру, курортты, экологиялық, іскерлік, мәдени, тарихи, спорттық, агро және тағы басқа да туризмнің салаларын жандандыруға мүмкіндік бар. Бұл тізімге гастрономиялық туризмді де қосуға болады.

Иә, бүгінде шетелдік туристерді тек табиғаты әсем жерлермен ғана емес, ата-бабамыздан мирас болып қалған дәстүрлі ұлттық тағамдары­мыз арқылы да тарта аламыз. Жуырда гастрономиялық туризм бойынша Түркістан қаласында елімізде алғаш рет «Gastro Fest Turkistan – 2023» фестивалі ұйымдастырылды.

Түрленген Түркістан қаласының көрнекті белгісіне айналатын, өңір­дегі қоғамдық тамақтану саласын дамытуға және гастрономиялық брен­дін қалыптастыруға үлес қосу мақ­сатында және Наурыз мерекесіне орайластырып ұйымдастырылған гастро­фестиваль облыстық Туризм бас­қармасының «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қолдауымен кең көлемде аталып өтті.

Қаланың 30-ға жуық мейрамха­на­сы мен дәмханасы гастрофест қонақ­тарына ұлттық тағамдар, жергілікті ­деликатестер және стрит-фуд дәм­дерін, тәттілер мен сусындарын ұсын­ды. «Ұлы дала елі» орталығының айма­ғында өткен маңызды іс-шараға алыс-жақын шетелдерден және өзге де аймақтардан 10 мыңнан аса қонақ қатысты. Сонымен қатар іс-шараға жергілікті және Ресей, Өзбекстан, Қытай, Нидерландтан 100-ге жуық компания өкілдері келіп, іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

«Көрме-жәрмеңке ауыл шаруа­шы­лығы мен тамақ өнеркәсібі өнім­дері мен қызметтерімен таныстыру және сату мақсатында өткізілді. Көр­ме-жәрмеңке аясында ауыл шаруа­шы­лығы мен тамақ өнеркәсібін дамыту саласындағы жаһандық тақы­рып­тарға арналған форум ұйым­дас­ты­рылды. Сонымен қатар іс-шара бары­сында түйелер шеруі, көкпар ойы­ны, этноқалашық, гастрофести­валь, концерттік бағдарламалар мен түрлі шоулар өтті. Бұған қоса спорт­тық бағдарламалар мен ұлттық ойындар, қасиетті орындар мен кесе­нелерді аралау және шығыс тағам­дарынан дәм тату, қолөнер шеберханаларымен танысу сияқты іс-шара­лар да бағдарламамызда болды. Бұл іс-шаралар жалпы туризм мен агро­туризм­нің дамуына оң ықпал етеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ Наурыз мере­кесіне орай «Керуен сарай» кеше­нінде 30 киіз үй тігіліп, төл жаңа жы­лы­мыз­дың мән-маңызын тағы бір мәрте аша түс­кендей болдық», деді шараны ұйым­дастырушы, «ExpoGroup» компа­ниясының директоры Шолпан Қожабаева.

Түркістан облысы Ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов­тің айтуынша, бұл игі іс-шара енді жыл сайын тұрақты түрде Түркістан қаласында өткізіліп тұрмақ.

«Облысымыз еліміздегі аграрлы аймақтың қатарына жатады. Үш күнге жалғасқан көрме-жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша 15-ке жуық меморандум жасалды. Сондай-ақ ауқымды іс-шарада үздік киіз үйлер мен жетіс­тіктер стендтеріне өңіраралық конкурстар ұйымдастырды. Аталған көр­ме-жәрмеңкеде отандық тауар өндіру­шілер мен сауда объектілері­нің тікелей өзара іс-қимылына ба­ғыт­талған «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасы ұсынылды. Сонымен қатар облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылған ауқымды көр­ме демеушілердің қолдауымен өтке­нін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта бұл игі дәстүр өз жалғасын тауып, жыл сайын ұйымдастырамыз деген ниеттеміз», дейді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов.