Аймақтар • 04 Сәуір, 2023

Ақкөл-Жайылмаға қауіп төніп тұр

731 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өлеңті өзенінің Ақмола және Павлодар облыстары шектесетін аумағында жеке кәсіпкер бөгет тұрғызып, өзен арнасын жауып тастаған. Көктемде келетін мол судың ырыздығы Павлодар жаққа өтпесе, Екібастұздағы Ақкөл-Жайылма өңірі мен Ақтоғай ауданының қырдағы ауылдары жазда тіршілік нәрінсіз қалып, жайылымдар мен шабындықтар адам айтқысыз экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Ақкөл-Жайылмаға қауіп төніп тұр

Оның үстіне Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл бастаған 9 көл де осы өзен арқылы көктемде ағып келетін мол суға тәуелді. Жергілікті тұрғындар ел-жұрттың күрематырына айналған Өлеңтінің суын бөгемеуді сұрап отыр. Сәуір айының ортасына таман Өлеңтінің арнасына сыймай аққан мол су сай-саланы толтырып, өзен бойын ен жайлаған ауылдардың берекесін кіргізеді. Айналаның бәрі жарқыраған суға айналып, құстар қиқулап, жан-жануар асыр салып, абыр-сабыр болып жатады. Ежелден жалғасқан осы бір табиғи үрдіс ғасырлар бойы қалпын бұзбай, өңірдің Ақкөл-Жайылма аталуы да содан. Тасыған су атырапта бір-екі апта тұрақтаса жетіп жатыр, айнала жасыл шалғынға бөленіп, жайылымдар мен шабындықтар жеткілікті ылғал тартып үлгереді. Осы кезде жоғарыда айтқан тоғыз су айдыны – Әулиекөл, Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы көлдері толып, жазда құрғап кетуден аман қалады. Бұл көлдердің гидрологиялық және экологиялық тұрғыдан маңызы ерекше. Жауын-шашын аз түсетін, жазы құрғақ өңірдегі елді мекендердің төрт түлігін сақтап отырған суаттар да – осылар. Бұл маңда кейінгі жылдары тауарлық балық шаруашылығы жолға қойыла бастағанын айтып жүр көпшілік.

Алайда осы қалыпты тіршіліктің барлығы су келмесе, бір жазда-ақ құрып кеткелі тұр. Өлеңтідегі бөгеттің жыры сонау кеңес өкіметі тұсынан-ақ жалғасып келе жатқанын жақсы білетін жұрт бұл жолғы мәселе көршілес Ерейментау ауданы (Ақмола облысы) Өлеңті ауылдық округіндегі әкімдіктің қате қадамынан туындап отыр деп пайымдайды. Себебі ауылдық округ әкімдігі жылдар бойы иесіз тұрған ескі бөгет нысанын былтыр аукционға қойып, сатып жіберген. Ал оны иемденген «Айдар» шаруа қожалығы ойы­на келгенін жүзеге асырып, өзен суын бөгеп тастап отыр.

Гидрологиялық сипатына үңілсек, Өлеңті өзенінің су жиналатын алабы – шамамен небәрі 4 230 шаршы метр ғана. Тереңдігі әрі кетсе бір жарым метр­ден аспайды. Салыстырмалы түрде жыл сайын академик Қаныш Сәтбаев су арнасы арқылы 100 млн текше метр су жіберіле­тінін айтсақ та жеткілікті. Сон­дықтан тек еріген қар суынан жиналып ағатын өзенді «тұсап» тастау – ойға сыймайтын дүние.

Екібастұз ауылдық округінің тұрғын­дары экологиялық апаттың алдын алу мақ­сатында шарқ ұрып, әділдік іздеп бар­маған жері жоқ. Алайда олар мәселемен бел шеше араласып, мән беріп отырған мемлекеттік органдар жоқ деп мұңын шақ­ты. Мәселеден Ауыл шаруашылығы және эко­логия министрліктері де хабардар екен.

Ауылдық округ әкімі Жанат Ибраев­тан мән-жайды толық түсіндіріп беруді сұрадық.

– Өлеңті өзенінің жалпы ұзындығы – 246 шақырым, Қарағанды облысының ұсақ шоқылы жерлерінен басталады да, Ақмола облысына, одан соң Павлодар өңіріне ағып келеді. Бұл – негізінен көк­темде таситын, жол бойғы елді мекендерге мол ырыздығын ала келетін өзен. Бір ғана біздің, яғни Екібастұз ауылдық округінде Тай, Көксиыр, Талдықамыс, Қаражар ауылдары осы өзеннің суына тәуелдіміз. Көктемде шабындықтар мен жайылымдарға жайылып, шағын өзен-көлдерімізді толтырып, ала жаздай төрт түлігіміздің қоң жинауына, күзде мал азығын молынан жинап алуына жағ­дай жасайды. Қысқасы өзен – біздің күретамырымыз. Білуімізше, Өлеңті б­ойында Қарағанды жағында екі бөгет, Ерей­ментау жағында тағы екі бөгет бар. Бұлар кезіндегі кеңес өкіметі тұсында көк­темде келетін мол суды рет­теп отыру үшін салынған нысандар ғой. Мына Ақмола облысына қарайтын Өлеңті ауылдық округі тұсындағы бөгет сонау 90-жылдардан бері даулы нысан еді. Ол жердегілер бөгетті 2005 жылға дейін жауып ұстап, су жеткіліксіздігінен біздің аумақтағы елді мекендер қатты зардап шекті. Жерлеріміз сортаңданып, жазда жайылымдарымыз күйіп кетті. Экологиялық апаттың шеті көріне бас­тады. Мәселені көтермеген мінберіміз қал­мады. Содан кезінде Мәжіліс депутаты Аман­қос Өтегеновтің ықпалымен ол бөгет бұзылып, 2005 жылдан бастап өзен бойымен ағып келетін тіршілік нәрі үзілген жоқ. Жергілікті азаматтар мал басын көбейтіп, шаруашылық құрды. Ауылдарымыз еңсе тіктеп, жас­тар тұрақтай бастады. Мал азығын жет­кілікті жинап, қыстан қысылмай шы­ғатын болдық. Сөйтіп жүргенде, былтыр Өлеңті ауылдық округінің әкімдігі әлгі бөгетті электронды аукционға шы­ға­­рып, «Айдар» шаруа қожалығына са­тып жіберген. Ал шаруа иесі оны иемде­нісі­мен бірден құрылыс жүргізіп, Өлеңтінің суы төменгі жаққа мүлде бармастай етіп бекітіп тастаған, дейді Ж.Ибраев.

Тұрғындардың айтуынша, жобада бетондалған шлюзі бар бөгет болады деп көрсетілгенімен, сайып келгенде 80 диаметрлік құбыры ғана бар топырақ қабырға пайда болған. Ж.Ибраев ауыл азаматтарымен бірге барып, өз көзімізбен көрдік, биіктігі 3-4 метр, ені бес жүк кө­лігі қатар жүріп өтерліктей бөгеттен өзен суы қанша мол жиналса да өте алмайды дейді. Жергілікті әкімдіктің бұл шалыс қадамы ағыстың төменгі жағында орналасқан Павлодар өңірінің ауылдарына және Ақмола облысында орналасқан Ажы, Қойтас елді мекендерінің дамуына экологиялық тұрғыдан апаттық жағдай тудырып тұр.

– Енді бізге бір тамшы да су жетпейді деген сөз. Ал тіршілік нәрі болмаса, ауыл­дар маңы қу тақырға айналып, мал жайылымдары тұзданып кетеді. Мың­даған гектар шабындықтарымыз қурап, бұрынғы таз қалпымызға түсеміз. Тіпті, мал суаратын суат болмай қалатын түрі бар. Біздің округте 500-ден аса халық тұра­ды. Төрт ауылда 102 жеке аула, 37 шаруа қожалығы, 8 мыңның үстінде ірі және ұсақ мал, 2 мыңнан аса жылқы бар. Мы­нау іргелес Ажы мен Қойтаста 11 мыңнан аса ірілі-ұсақты түлік, 8 мыңның үстінде жылқы бар көрінеді. Осыншама тұяқты мал шөп жетпей қырылып қалса, ел қайтіп күн көрмек? деп қынжылды ауыл әкімі.

Бір қызығы, «Айдар» шаруа қожалығы бөгетті қалпына келтірерде төменгі ағыс­та орналасқан ауылдардың халқымен мүлде келісімге келмеген. Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы Павлодар бөлімшесі бас­шысының міндетін атқарушы Елеусіз Қамбаров Су кодексіне сәйкес, ондай нысандарды тұрғызбас бұрын су айдынына қатысты елді мекендермен келісім болуы керек дейді. Яғни кодексте «су барлығына жеткілікті болуға тиіс» деп көрсетілген. Жергілікті тұрғындардың шағымы бойынша Ертіс байссейндік инспекциясы жуық арада бөгетке байланысты тексеру шараларын бастауды жоспарлап отыр. Мәселе бұрыннан жал­ғасқан және жекенің қолына өтіп кеткен нысан болғандықтан оның шешімі де күрделі деп атап өтті бөлімше басшысы. Дегенмен мекеме мамандары ел-жұртқа тиімді болатындай шешім шығаратынына сенімді.

Атап өтерлігі, былтыр күзде бөгет қал­пына келтіріле бастағаннан-ақ Екібастұз ауылдық округі мен Ерейментаудың Ажы, Қойтас ауылдарының азаматтары бас біріктіріп, тиісті органдарға ша­­ғым­­даныпты. Тіпті бұл мәселені Ауыл ша­руашылығының бұрынғы вице-министріне қараша айында Павлодар об­лы­сына жұмыс сапарымен келгенде де жеткізген. Жергілікті тұрғын Нұрлан Обаев вице-министрдің шақыруымен Астанаға да барыпты. Алайда бұл түйт­кілге қатысты Ауыл шаруашылығы және Экология минис­тр­­ліктері шешімді жауап айтар емес.

Мәселенің ізімен Ерейментау ауданы Өлеңті ауылдық округінің әкімі Алмагүл Мұстафинаға да хабарластық. Ауыл басшысының сөзінен ұққанымыз, әу баста бөгетті саудаға шығарғанда төменгі ағыстардағы елді мекендердің гидроло­гиялық жағдайы мүлде еске­рілмеген, тек жергілікті бюджетке қосым­ша қаржы түсіру мақсат етілген тәрізді. 2021 жылдың 5 қаңтарында соттың шеші­мімен оны иесіз нысан деп танып, ауыл әкімдігі 2022 жылы аукцион жариялайды.

– Бөгет – біріншіден, стратегиялық нысан емес. Азаматтық кодекстің 242-бабына сүйене отырып, оны су сақ­тау орны ретінде көрсетіп заңды аук­цион жарияладық. Бұл бөгет 1976 жылы салынған. Кезінде шлюзі, 7-8 тармағы болған. Ауылдар оны жерді шалғындандыру мақсатында пайдаланған. Сол ескі дәстүрді жаңғырту мақсатымен әрі жергілікті бюджетке табыс түсіру ниетімен электронды сау­даға шығардық. 18 млн теңгеге ба­ғаланғанымен, 8,9 млн теңгеге сатыл­ды. Білуімше, «Айдар» шаруа қо­жалығының біраз қара малы, жылқысы бар. Заңды иесі оны мақсатқа сай пайдалануда, яғни жазда бұрып алған судың көмегімен мал азығын өсірмек ойы бар, деді А.Мұстафина.

Ал «Айдар» шаруа қожалығының басшысы Айдар Нығметов бөгет жобасына Ақмола облысындағы тиісті органдардан заңға сәйкес рұқсат берілгенін, Өлеңтінің суы талапқа сай бөгеліп отырғанын айтты. «Біздің шаруашылықтың иелігінде 1 мың гектардай лимандық суару жүйесі бар. Сондағы көлтабандарға көп жылдан бері су жеткізе алмай отырмыз. Өзен суының барлығын біз иемденеді деген дұрыс емес. Бөгеттің шлюзі бар. Лиманға жайылған соң артық су айналып келіп сол шлюз арқылы төменгі ағыс­қа өтіп кетеді. Су барлығына жетеді деп ойлаймын», деп жауап берді нысан қожайыны.

Сәуір айының ортасына таман Қара­ғанды жақтан мол су ағып келгенде бөгетті ашпаса, Екібастұз бен Ақтоғайдың қырдағы ауылдары экологиялық ошақ аймағына айналады деп күте беруге болады. Себебі бұл аумақта Өлеңті арнасынан басқа су көзі мүлде жоқ. Салдарынан Ақкөл-Жайылманы мекен ететін жан-жануар, жергілікті табиғат құрып кетуі ықтимал. Бір ғана шаруашылықтың пайдасына бола ойланбай жасалған қадам үлкен апатқа бастамаса игі еді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз ауылдық аймағы