Бұлай дейтініміз, жақында аты әлемге танылған екі шахматшы қызымыз Instagram желісінде жаға жыртысып, жазба жариялады. Әлеуметтік желілердің арасында Instagram 1,4 миллиард қолданушымен көшбасшылардың бестігіне енетінін ескерсек, мұндай жазбаларды лезде миллиондаған адам қарап үлгереді.
Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікті өзімшілдік пен кәсіпқойлығына қатысты айыптады. Оның айтуынша, Жансая Әбдімәлік «ең алдымен шахматшы екенін ұмытқан».
«Сұрақтардың көбі Жансаяға қатысты. Оның спортқа сай емес мінез-құлқына, орынсыз эмоциясына қатысты. Әріптестеріне, жалпы өмірге деген көзқарасы, атап айтқанда кәсіпқойлығына қатысты. Спортшылар кез келген форс-мажор жағдай мен сынақтарға дайын болуы керек. Егер бірдеңе болып қалса, жылап, беріле салу емес. Егер Жансая сияқты әрбір ұсақ-түйекке мән берсе, спортты тастап, тұрмысқа шығып, борщ пісіріп отырған дұрыс», деп жазып, желідегі ұрысқа себепші болды.
Жансая Әбдімәлік те әріптесіне дәл осындай «бағытта» жауап қатты. Ол Бибісара Асаубаеваның өзіне қарсы айтқандарына мән бермеуге тырысқанымен, «тойтарыс беретін кез жеткенін» өз парақшасында жазды. Сөзінің соңында Жансая Әбдімәлік өз елінің атын әрқашан мақтанышпен және абыроймен асқақтататынын жеткізді.
Мұндай оқиғаны жалпақ жұртқа жариялаудың не мәні бар? Әсіресе шетте жүріп екі қазақтың бір-бірімен бет жыртысқаны ұлтымызға ұят емес пе?
Қарап отырсақ, Бибісара Асаубаеваның Instagram парақшасына 58,1 мың, ал Жансая Әбдімәліктің парақшасына 42,1 мың адам тіркелген екен. Негізі әлеуметтік желідегі белгілі бір адамның парақшасына жазылған адам оны әрине алдымен құрмет тұтады, оның өмірінен хабардар болғысы келеді. Тіпті арасында еліктейтіндері де баршылық.
Ал мұндай жанжал тудыратын, адамның атына кір келтіретін жазбалар сол тұлға туралы ой-пікірдің өзгеруіне, тіпті құрметтің әлсіреуіне әкеп соғатыны рас. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар желіде жетіп-артылады. Белгілі тұлғалардың бір-бірімен бетпе-бет емес, әлеуметтік желіде «айтысатын», сөз таластыратын кездерін бұған дейін де көріп жүрміз. Бибісара мен Жансаяның оқиғасы алғашқы жағдай емес. Алайда әдеп тұрғысынан да, интернет, әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениеті мен ережесіне де мұндай «айтыстар» сай келмейтінін естен шығармау қажет-ау.
Ұлыбритания және Еуропаның көптеген елінде адамның тұлғасын әлеуметтік желі арқылы таниды. Сондықтан мәселен жұмысқа тұрарда түйіндемеде міндетті түрде әлеуметтік желідегі аккаунтын көрсету қажет. Жұмыс беруші сіз туралы алғашқы әсері мен пікірін парақшаңызды қарап отырып қалыптастырады. Ал Бибісара мен Жансая секілді әлеуметтік желіні «ұрыс» алаңына айналдырсаңыз, қалаған қызметіңізге есік жабық дей беріңіз. Өйткені парақшаңызды жүргізу мәдениетіңіз, жазған жазба мен қалдырған пікіріңіз де өзіңіздің болмысыңыздан хабар береді.
Сөз орайы келгенде, әлеуметтік желінің қолданыс аясына тоқталып өтсек, өткен жылдың соңындағы «Datareportal.com» мәліметі бойынша әлеужелінің тұрақты пайдаланушылары 4,74 млрд адамға жеткен. 16 жастан 64 жасқа дейінгі әр адам әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут уақытын өткізеді. Желі қолданушыларының басым бөлігі ер адамдардың үлесінде (54%), әйелдер сәйкесінше 46 пайыз. Халықтың 47 пайызы әлеуметтік желіні туыстары, достарымен сөйлесу үшін пайдаланады. Ал 35,4% адам бос уақытын өткізу үшін қолданса, 34,6% өзіне керек білім алып, жаңалық оқиды. Жалпы, адамдардың 28,7%-ы әлеуметтік желі арқылы әлемде не болып жатқанын білуге ұмтылады.
P.S. Әлеуметтік желіде аккаунт ашып, атымызбен атап, жеке парақша ретінде қолдана алғанымызбен, ол авторлық жоба, иесі бар, бақыланып отырады. Сондықтан оның халықаралық стандарттарға сай ережесіне бағыну қажет екенін есте ұстаған жөн.