Аумағы 3 мың шаршы метр болатын сүт фермасының құрылысына 850 миллион теңге жұмсалыпты. Автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін су жаңа сауын цехы компьютердің, немістің сапалы құрылғыларының көмегімен басқарылады. Компьютер сауын үдерісін, сиырлардың жай-күйін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Шаруашылық басшысы Ұзақбай Ағайдаровтың айтуынша, қазір мұнда 506 бас сауын сиыр бар.
– Алдыңғы жылы Эстониядан 198 бас сиыр сатып алдым. Бір жылдан соң 155 бас төлдеді. Бұған дейін Қазақстаннан да, Ресейден де сиыр сатып алып көрдім. Кейін біздің облыстың климатына ұқсас болғандықтан, Эстониядан қара ала сиыр тұқымына таңдауым түсті. Өнімділігі жаман емес. Былтыр 2500 тонна сүт тапсырғанбыз, жазға дейін өнім көлемін 10 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар, – дейді ЖШС директоры.
Сауын цехында дамылсыз ауысыммен 32 аналықтан сауылады. Нәтижесінде, шаруашылық Меңдіқара ауданындағы «Милх» сүт өңдеу кәсіпорнына тәулігіне 8 тоннадан астам сүт өткізіп отыр. Сүт өңдейтін компания күн сайын көлігін жіберіп, дайын өнімді алып кетіп тұрады.
Шалғайдағы сүт фермасы отыз шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы сауыншылар екі ауысыммен жұмыс істейді. Айлықтары да жоғары.
Оларға төленетін жалақы көлемі – 250 мың теңге. Ферма ішінде дәретхана, жуыну бөлмесі, кір жуу машиналары орнатылған. Директорымыз жұмысшылардың жағдайына үнемі қарайласып отырады. Тіпті кейбіреулеріне тегін баспана беріп жатыр, дейді сүт фермасының меңгерушісі Оразбек Мырзалин.
Шаруашылық басшысының айтуынша, соған қарамастан, сүт фермасына жұмысшылар жетіспейді. Жоғары жалақы тағайындап, үй-жаймен қамтамасыз етсе де, ауылға жастардың келгісі жоқ.
– Өндіріс үдерісіне енгізген өркениет игіліктері сауыншылар мәселесін шешіп бергенімен, малшылар, ветдәрігерлер, зоотехниктер еңбегіне әлі мұқтажбыз. Жоғары білімді сала мамандары қажет-ақ. Қостанайдағы Ауыл шаруашылығы институты жыл сайын қаншама жас мамандарды даярлап шығады. Бірақ солардың бірінің де бізге келгісі келмейді. Әйтпесе, газбен жылытылатын, ыстық-салқын суы енгізілген баспана бар. Қалаулы жалақыларын төлеуге де даярмын. Талай рет кездесу өткізіп, осы мәселені көп жерде айттым. Нәтиже жоқ. Бәрі ЖОО дипломын алысымен, қаланы айналшықтап жүріп алады, – дейді Ұ.Ағайдаров.
Серіктестік бүгінде мал басын асылдандыру жұмыстарын да жандандырып жатыр. Шаруашылық басшысының, осыған орай, селекциялық жұмыстарды жүргізетін, мал ауруларының алдын алумен айналысатын мамандар болса деген тілегі бар.
«Тойсай» мұның сыртында біраз жылдардан бері ауыл іргесінде күнбағыс майын өндіріп отыр. Шағын ғана цехтың шикізатты өңдейтін, пластмасса құтыларын үрлейтін, май құятын, даяр өнімді қаптайтын құрылғылары бар. Өндіріс әуелде маусымына он мың литр құюдан басталды. Кейін бірте-бірте «Тойсай» өніміне сұраныс артып, бір маусым ішінде 50 мың литрге дейін күнбағыс майын шығара бастады.
– Бізде жарнама жағы ақсап тұр. Оның үстіне, жергілікті тұрғындардың саны аз. Сондықтан өнімдерімізді біртіндеп Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарына апара бастадық. Оларға майымыз ұнап, қос аудандағы көптеген дүкен тікелей бізден өнім алып тұратын болды. Жүре келе өніміміз Рудный, Қостанай қалаларының супермаркеттеріне жол тартты. Интернет арқылы тапсырыс беріп сатып алушылар да көбейді. Қазір, шүкір, сұраныс бар. Дегенмен әрі қарай дамуымыз үшін жақсы менеджер керек, дейді Ұзақбай Ағайдаров.
«Тойсай» сұйық майын облыс орталығында жиі ұйымдастырылып тұратын ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкелерінен көре аласыз. Цех басшысының айтуынша, мұндай жәрмеңкелерге шығарылған тауар тез өтіп кетеді. «Түсі тұнықтау емес демесеңіз, сапасы жағынан дүкендегі майлардан артық болмаса, кем емес, әрі арзан», дейді Ұзақбай ағамыз.
– Күнбағыс майын өндіретін цех 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Өндіріс негізінен қыста ғана жүреді. Серіктестік 400 гектар алқапқа күнбағыс егеді. Содан алынған өнімнің 20 пайызы осы цехта өңдеуден өтіп, дәнінен май алынады. Әзірге, бұдан артыққа қауқарымыз жетпейді. Сұраныс еселеніп жатса, соған сай өндіріс ауқымын кеңейтуге болады, дейді цехтың өндіріс жөніндегі орынбасары Ахмет Садықов.
Цех басшыларының айтуынша, күнбағысты шикізат ретінде сатқаннан гөрі, қайта өңдеген әлдеқайда пайдалырақ. Сондықтан алдағы уақытта шаруашылықта өсетін күнбағысты толықтай осы цехта кәдеге жарату жоспарда бар.
Ұзақбай Ағайдаров – ауыл тұрғындарының алғысын арқалап жүрген азамат. Туған ауылдың түтіні түзу ұшуы үшін талмай еңбек етіп келе жатқан ел жанашыры бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары болатынын әсте естен шығарған емес. Қашанда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қарайласып, мұқтаж жандарға қолұшын беріп жүргені. Мәселен, былтыр 30 млн теңгеге Новопокров ауылына фельдшерлік-амбулаториялық пункт салып берді. Тақыр жерден жаңа ғимараттың іргесін көтеріп, оның іші-сыртын қажетті құрылғылармен жабдықтады. Ауыл дәрігерлері бұған дейін әкімдік жалға берген нысанды паналап келген.
– Бұған дейінгі мектеп бөлмесі қолайсыз, жұпыны еді. Науқастанып келген ауыл тұрғындарын қабылдаған сайын қолымыздың қысқа екенін сезінетінбіз. Мына су жаңа ғимаратқа кіріп, көзіміз ашылды. Мұнда қажетті құрылғы-аспаптың бәрі бар. Ересектерді, балаларды қарайтын бөлмелер бөлек. Қабылдау бөлмесі де жеке. Ыстық-салқын су келіп тұр. Санитарлық торап, душ бәрі бар, дейді ФАП дәрігері Айнаш Мырзалина.
Қазір мұнда 4 маман жұмыс істеп жатыр. Қыс мезгілінде оларға от жағушы қосылады. Бүгінде аудан көлемінде мұндай төрт-ақ ФАБ жұмыс істеп тұр.
Қостанай облысы