Мәдениет • 05 Сәуір, 2023

Күй аңызы: Саймақтың «Сары өзені» қалай туды?

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: Саймақтың «Сары өзені» қалай туды?

Тәттімбет құба домбыраны қолына алып, жақсыларға жағалай көз тастап, сәл жүрексіне отырып қалды. Ұстаздың екі шәкіртін неліктен төре мен атқамінердің алдына алып келіп сынға салғанын сонда түсінді. Игілік те, өнер де байда. Бай мен төренің ақ ордасында танылған адам – алты алашқа танылады. Өзінің үлкен додаға түскенін енді пайымдаған. Қуандық мейірлене жымиып ақырын бас изеді… Саусағына ең әуелі ілінгені сахарада көп тартыла бермейтін ескі алабайрақ күйдің бірі – Саймақтың «Сары өзені» еді. Бар бабымен төгілте тартқан. Ең соңында жүрек шымырлататын әнге ұқсас қамрықты қайырманы қобыздың күйіндей қылып соза тартқанда, отырған жұрт бір адамдай күрсінген.

Домбыраның қақпағын күңіренте соғып, шорт кесіп аяқтағанда, – Бәрекелді, – деді Қуандық естілер-естілмес қылып.

Жамиғат «Қияш төре не айтады екен?!» дегендей құрметке толы үнсіздікте қалған. Төре төмен қарап сәл үнсіз отырды. Содан соң риза кейіпте Тәттімбетке қараған.

– Айналайын… – деді даусы сәл қарлығып, – Саусағыңнан айналайын. Қуандықтың қаракесектен келген сақтиян етік сәнқой шәкірті бар деуші еді. Сол сен екенсің ғой. Күйде де сәнқой екенсің.

– Қу-еке, – деді, содан соң Қуандыққа қарап, – Мына шәкіртіңде біз бұрын естімеген бір сылқымдық бар. Қақпақтың өзі күңіреніп кетеді екен.

Содан соң қошеметтің тиегі ағытылып жұрт дуылдасып кеткенде Қияш төре тұра тұрыңдар дегендей тамағын қаттырақ кенеген. Ордада сілтідей тыныштық орнады.

– Бұл күйдің хикаясы да қан татыған ауыр хикая, – деді Қияш төре, – Қаласаңдар айтып берейін.

– Ертеде, осы өзіміз отырған жерді Қондыгер құба жұрт деген жайлаған. Қондыгер құба жұрт – алаштың арғы атасы екен. Мына шүршіт бізбен сол кезде соғысып жүріпті. Ішкі Қытайда Хуанхы деген өзен бар. Бүкіл Қытай жұрты сол өзеннің жағасында өсіп-өнген. Бірақ заманында Хуанхының екі қапталы, Қондыгердің ақтылы қойы мен көкалалы жылқысы жайлаған жер екен. Хуанхының қондыгерше аты - Сары өзен. Ал Сары өзен бүкіл Қондыгер жұртының анасы екен. Тәңірінің берген сиын-ай, ақыры Қондыгердің басынан бақ тайып шүршіттен жеңіледі. Қалың ел терістікке, түн түбіне қоныс аударады. Ол жақта Ұрым деген елмен жандасады. Сөйтіп, дүниенің шетіне дейін жеткен Қондыгердің қаны төгілмеген, сүйегі шашылмаған жері жоқ деседі. Сол Қондыгер құба жұртта Саймақ деген батыр болыпты, өзі асқан күйші екен. Күзде қоңыр қаздар шығысқа қарай бет түзегенде қондыгердің батырлары қол бұлғап тұрып:

– Аспанда ұшқан қоңыр қаз

Етің – шекер, сорпаң – баз

Барғанда да барарсың

Сары өзен деген анамыз

Жағасында қанат қағарсың

Сары өзеннің сағыныш

Сары дерт болды жүрекке

Анамызға жетерсің

Суына тәуап етерсің

Анамызға жеткенде

Суына тәуап еткенде

Қондыгердей оғланнан

Дұғай да дұғай сәлем етерсің, –

– деп, мұңайып, бір-бірінің иықтарына қолдарын артысып жыр жырлайды екен. Міне, Саймақтың күйі осы Сары өзенге деген сағыныштан туған екен.

 

Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романынан

Дереккөз - Күй аңызы