Тұлға • 05 Сәуір, 2023

Құбылыс еді Қыдекең...

593 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қолына қалам ұстаған әріптестер арасында Қыдекеңнің – Қыдыралы Қойтайдың есімі өте жақсы таныс. Оның шынайы шығармашылық өмірде шын мәнінде құбылыс болғаны да онымен қатар жүріп қызметтес болған көпшілігімізге ақиқат. Газет индустриясының ұңғыл-шұңғылына қанық әрбір басылымның маманы үшін саладағы хатшылық (секретариат) қызметінің ерекшелігі болатыны бесенеден белгілі жайт. Қыдекең сол секретариаттың сұңғыласы еді.

Құбылыс еді Қыдекең...

Жамбыл облысының Қордай аудан­дық газетінің жауапты хатшысы қыз­метінен шынығып, шыңдалып келген журфактың кешегі түлегі Қыдыралы Қойтаймен 90-жылдардың басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің басылымы – «Халық кеңесі» республикалық газетінде бірге қызмет еттік. Бұл кезеңде заман өзгеріп, қорғасыннан құтылған газет басу ісі үлдірде терілетін әріптерге көше бастаған. Қазақ басылымдары үшін шығармашылық көкжиегі кеңейіп, офсет дәуірі келген кез. Газеттің жауапты хатшысы белгілі қаламгер, танымал фельетоншы Басқар Битановтың орынбасары қызметіндегі Қыдекеңнің Басқармен сол кездердегі шығармашылық тандемінің таңғалдырған, тамсандырған тұстары өте көп. Қ.Қойтай мен Б.Битанов Құлан өңірінің Көкдөнен ауылында туып, бірге өскен, жас айырмашылығы да алшақ емес, ағайындығы бар еді. Қыдекеңнің танымал інісіне деген қамқорлығының екінші сатысының куәсі екенбіз. Бірін­шісінде, өте қабілетті, жазуға да жүйрік, домбыраны гитарадай, гитараны домбырадай тартатын сегіз қырлы бір сырлы жас өреннің ҚазМУ-дің журфагіне (деканы Темірбек Қожакеев) түсуіне Қыдыралы ағасының себепші болғанын дүниеден өте ерте өткен талантты жас Басқардың өз аузынан талай естіп едім.

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында Қазақстан баспасөзіне тыңнан келіп түрен салған «Халық кеңесі» газетінде жарияланған әрбір мақаланың дүмпуі өз алдына, басылымның көркем безен­дірілуі қалың оқырманы мен қалам ұстаған қауымның көңілін көншітті. Басқардың хатшылық жұмысын шебер ұйымдастыруы өз алдына кейбір мақалалар мен айқарма беттердің тақы­рыптарын «айқайлатып» қойғанда алдына жан салмайтын. Қыдекең мақа­лаларды газеттің бетіне саласы мен саяси мағынасына сай жөнімен, мән-мағынасына қарай қыздың жиған жүгіндей келістіре әрлеп-сәндеп құрас­тырудың шексіз шебері-тін. Қылқаламы шаршаусыз жорғалайтын хатшылықтың жас перісі – суретші Айдарбек Ғазиздің ащы шындықты қаламның ұшымен келістіріп, ойлы сызбалаған сәтті сағаттарының туған кезі де сол тұс.

Газет индустриясына компьютердің – ай-ти технологияның дендеп енуі, Қыдекеңнің шабытына шабыт қосты. Жаңалыққа жаны құмар жайсаң жан жаңа техниканың тілін тез тапты. Сол арқылы әуелде алғашқы төрт-бес жыл ішінде офсеттік басылымның қыр-сырын еркін меңгерді де, кейін үлдірдегі офсеттік технология бір мезетте қуатты компьютердің ішіне «кіргенде» Қыдекең бұл цифрландырылған өндірістің құла­ғында кәнігі шабандоздайын ойнап шыға келді. Оны айтасыз, бет жасаушы қыздарын күтпестен газет беттерін ретімен қиыстырып өзі жасай беретін. Компьютерлік жаңа мамандықтың майы­н түгесіп, өндіріске жаңа леппен бірге келген інісі Қонысбай Шежімбаевпен бірлесіп газет безендірудегі алуан-алуан жұғысты жұмыстарын бірауыз сөзбен жеткізу де оңай емес. Енді, бұл өндірістің бұраң-бұлтарысын Қы­­декеңнің өзіндік қолтаңбасымен бұ­­лайша қиыстыруымның себебіне тоқ­та­лайын... Қаншама жыл қорға­сын­мен құрастырып келген газет беттерінде автор мақаласының қыс­қармай шығуы тек қана хатшылық қыз­меткерлерінің қолындағы құдірет. Мақа­ланың қысқармай беттің әуелгі макетте сызылған пішімінен еш айнымай, сәнімен жарасып шығуы жеңіл болып па? Ол үлкен математикалық есептеуді талап етеді. Бұл талаптарды бұлжытпай үстел бетіне шынтағын сағаттар бойы тіреп тапжылмай отырып, яғни «өгізді өлтірмей (авторды ренжітпей), арбаны сындырмай (бетті бұзбай)» ертеңгі оқырманның қолына әсем безендірілген газетті ұсына қою ешуақытта да оңай іс болған емес. Ол Қыдекеңнің қолынан ғана келетін! Ерінбей-жалықпай бетті қайта-қайта макеттеп, сызып мақаланы бетке орналыстыруда Қыдекеңнің өз еңбектену ерекшелігі бар еді, шіркін!

Әрине, компьютермен газет беттеу редакциядағы хатшылық қызметтің жұмысын жеңілдеткен. Математикалық есептеу еңбегі ендігі жерде электронды ақыл-ойлы машинаға жүктелді. Ол үшін компьютердің тілін жетік білу шарт. Еңбек десе ерінбейтін тиянақты әрі әрбір ісіне мұқият қарайтын тындырымды Қыдекеңнің бұл ретте де асығы алшысынан түсті. «Халық кеңесіндегі» әріптес сыйлас інісі Қонысбаймен жұп­­тасып Астанаға жаңадан көшкен «Еге­меннің» безендіру ісіне атсалысты. Бірақ денсаулығына байланысты онда көп тұрақтамай, Алматыға қайта оралды.

Уақыттың, уақыттың талабына орай өндірістің өзгеріп, жаңа технологияның өмірімізге екпіндеп келуін жедел қа­былдап үлгеруші еді Қыдекең, өзіміз куәміз. Жекеменшік баспа ашып, кітап шығарып, өзін сынап та көрді. Жаңалықты еш жатсынбайтын. Сол бір жылдары әріптесі, журфактағы курстасы, әрине, жан-жары, перзенттері Бұлғын мен Нәркестің, Жәнібектің анасы белгілі балалар жазушысы Ділдар Ма­мырбаева екеуі өз отбасының үш га­зеті мен екі журналын шығарып, әріп­­­тестерінің аузын аштырғанын қай­терсіз...

«Ерінбеген етікші болады». Шығар­машылықта ерінбеген адам сөзжұм­бақшы, тапқырлар мен таланттардың талаптарын шыңдайтын ойқұрастырушы болады! Журналист Қыдыралы Қой­тайдың бұл бағыттағы жолы –  сара да дара. «Басқатырғыш» атты интеллектуалды-танымдық жобаның авторы ретінде «Егемен Қазақстан» газетінде мұндаға дейін бір беттік ми шынықтырар, ой шыңдар сөзжұмбақтары жарияланып тұрды. Автор ой өрісінің тереңдігін, талдау мен талғам қабілетінің биіктігін әркез байқатты. Өте қарапайым әрі кәсібі дегенде ерекше елгезек кішіпейіл жан еді Қыдекең. Өмірден кездейсоқ, кенеттен өткен күніне дейін газет өнді­рісіндегі өз ізі сайрап қалған ерек­­ше бір тұлға санатында танылды. Га­зет өндірісінде шын мәнінде ерекше құбылыс болғанын жоғарыда тілге тиек еткен адамгершілікке толы асыл қасиет­тері мен кәсіби білгірлігі нықтап тұр-ау деп ойлаймын.

Белгілі қаламгер, танымал журналист «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, «Ана тілі» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған Самат Ибраим қызметтес болған әріптес ағасы туралы былай еске алады: «... баспасөздің инемен құдық қазғандай техникалық құндылықтары мен құпияларын ерекше меңгерген Қыдекең ағамыздың қа­жымай-талмай, ұзақ жылдар табан аудармай жемісті қызмет етуі оның қашан көрсең әзілін тастамай, күлімсіреп, жүруінің арқасы ғой деп ойлаймын. Жадымызда кәсіби қызметі үшін жанын аямаған еңбекқор, жүзі жайдары жанның жарқын бейнесі сол қалпында сақталып қалды».

Әйгілі әріптес туралы әңгімені даңқ­ты әскери ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов ағамыздың мына бір аталы сөзімен аяқтағым келеді. «Авиацияда кез келген сынақшы әскери ұшқыш ғарышкер кәсібін оп-оңай меңгеріп алып жүре береді. Ал кез-келген ғарышкер-ұшқыш ше... сынақшы-ұшқыш дәрежесіне жете алмайды» деген Қаһарман ағамыз бір салада кездесетін кәсіби ерекшеліктер хақында осылай ой қозғаған. Даңқты ұшқыш айтқандай... газет өндірісіндегі безендіру ісінде талпынып қызмет істеген журналист бөлімге ауысқанда өзін суда жүзген балықтай сезінеді. Керісінше, бөлімнен хатшылыққа ауыс­қан журналист газет безендіру ісінде (хат­шылықта) кібіртіктеп қалып жатады. Сала бойынша баршаға мәлім жайт. Газет өмірін жақсы білетін, таңды таңға ұрып нөмір кезекшілігін бастан өткерген, жалпы қалам ұстаған барша әріптестерім менің бұл айтқандарымды жоққа шығармайды деген сенімдемін. Өйткені жоғарыдағы Қыдекең құбы­лысы аясында – артта қалған газет өндірісінің ауыртпалығы олардың көз­ал­дына келіп, кинотаспасындағы көрініс­тердей зырылдайтынына мен кепілмін...

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі

 

АЛМАТЫ