Спорт • 06 Сәуір, 2023

Скандинавиядағы сәтсіздік

196 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Швецияның Векше қаласында допты хоккейден әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарыстың мықтылар тобында бес команда ғана бақ сынады. Олар – Қазақстан, Швеция, Финляндия, АҚШ және Норвегия құрамалары. Өкінішке қарай, бұл дода жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды.

Скандинавиядағы сәтсіздік

Скандинавия түбегінде Қа­зақ елінің намысын мына доп­ты хоккейшілер қорғады: Қақпа­шылар – Вячеслав Горчаков пен Бержан Ахметжанов. Алаңдағы ойыншылар – Еламан Әліп­қа­лиев, Ершат Амангелдиев, Нұр­бол Бөкешов, Петр Грибанов, Денис Максименко, Болат Мұ­хит, Дәурен Оралов, Антон Свеш­ников, Ескендір Нұғманов, Ни­ки­та Яров, Самат Аманшин, Рауан Иса­лиев, Қуаныш Теміра­лин, Сұл­­тан Қадыржанов, Ев­гений Мед­­ведев және Максим Уте­балиев.

Қазақстанның допты хоккей­шілері тұсаукесер кездесуін Суоми елінің өкіл­­дерімен өткіз­ді. Ке­зінде осы командамен терезесі тең ойнау­шы едік. Бірақ соңғы жылдары олар қатты кү­шейген екен. Ал біз болсақ, ке­рі­сінше, кері ке­тіп барамыз. Бәсеке басталған бетте тізгінді мықтап қолға алған фин­­­дер қақ­памызға үш доп соқ­ты. Бұл гол­дар­­дың ав­тор­­лары – Джим­ми Хейнонен, Яаоко Хивонен және Эмиль Федоров. 37-минутта Самат Аман­шиннің әдемі пасынан кейін Рауан Исалиев нысананы дәл көз­деді. Сол кезде кеу­демізде үміт оты маздаған еді. Бірақ қай­­та қаһарына мінген Фин­лян­дия құрамасы тағы бес допты қақ­памызға тоғытты. Есеп – 8:1.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін АҚШ спортшыларымен өткізді. Бұл бәсекеде жер­лестеріміз айқын басымдық танытты. Біздің жігіттер арасынан Рауан Исалиев, Қуаныш Теміралин және Максим Утеба­лиев дубльдердің авторы атанса, тағы бір голды Петр Грибанов соқты. Америкалықтардың екі доппен ғана жауап қайыруға күштері жетті – 7:2.

Үшінші турдағы қарсыла­сымыз Норвегия болды. Әдетте бұл команданы еш қиналмай ұтатын едік. Бірақ бұл жолы ойсырай жеңілдік. Скандинавиялық бендишілер қақпамызға алты гол соқса, біздің жігіттер бір рет қана мергендік танытты – 6:1. Рауан Исалиев ұйымдастырған жылдам шабуыл­ды Денис Максименко сәтті аяқ­тады. Топтық турнир­дің соңғы сайысындағы қарсы­ластарымыз Швеция еді. Жарыс қожайындары қақпамызға жауапсыз 12 доп салды – 12:0. Қа­зақстан қола медаль үшін қайта Норвегия құрамасымен күш сынасып, тағы да ұтылды. Есеп – 1:5. Осылайша, аталған жарыс жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды.

Өткенге зер салсақ, допты хоккейден әлем чемпионатының тұсауы 1957 жылы кесілді. Атал­ған жарыстың алғашқы то­ғызы КСРО құрамасының жеңісімен аяқталды. 1981, 1983, 1987 жылдары Швеция командасы шашасына шаң жұқтырмаса, 1985, 1989 және 1991 жылдары қайта кеңес одағының ойыншылары үстемдік құрды. Одан кейін қызылдар империясы келмеске кетті. Осы күнге дейін 39 мәрте жалауы желбіреген жарыс­тың 14-і КСРО жеңі­сімен аяқталса, шведтер мен ресейліктер 12 мәрте алдарына жан салмады. Тағы бір дүбірлі дода Финляндияның жеңісімен аяқталды.

Дүниежүзілік додаға Қазақ­стан құрамасы 1995 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Сол кезден бері алты рет қола ме­­дальға қол жеткізді. Алғаш­қы жүлдені 2003 жылы Архан­гельскіде алса, 2005 жылы Қа­занда, 2012 жылы Алматыда, 2013 жылы Венерсборгте, 2014 жылы Иркутскіде және 2015 жылы Хабаровскіде сол нәти­жені қайталады. 13 рет төр­тінші орынға табан тіресе, тағы екі жарыста бесінші сатыға тұрақ­тады. Өкінішке қарай, 2016-2019 жылдар аралығында ұйымдас­тырылған соңғы төрт чем­пио­наттан қоржынымыз бос қайтты. Ал 2020 мен 2021 жыл­дардағы жарыс жер-жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан өтпей қалса, 2022 жылғы дода Ресей мен Украинаның арасындағы жағдайға байланыс­ты кейінге шегерілді.

Өздеріңіз байқап отырғандай, бас жүлде үшін тартыс негізінен Швеция мен Ресей арасында өтеді. Ал қола медаль үшін сайыс­та көбіне-көп Финляндия мен Қазақстан құрамаларының жолдары қиысады. Бұл бәсекелерде жерлестеріміз алты рет жеңіске жетсе, Суоми елі өкілдерінің 11 мәрте мерейі үстем болды. Сон­­дай-ақ біздің бендишілерді Швеция екі және Ресей бір рет қола жүлдеден айырды.

Қазақстан құрамасы сапын­да өнер көрсеткендер арасында мұзайдында жасындай жар­қылдаған ойыншылар да аз емес. Мәселен, 2012 жылы Алматыда өткен жарыстың қорытындысы бойынша Андрей Рейн ең үздік қақпашы болып танылды. 2014 жылы Иркутскіде Александр Насонов ең құнды хоккейшіге тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. 2018 жылы Хабаровскіде Рауан Исалиев мергендер көшін бастады. Оралдың допты хоккей мек­тебінің түлегі алты рет мұз айдынына шығып, 21 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Сол секілді әр жылдары әлемнің шартты құрамасына енген тағы бірнеше жерлесіміз бар.