Әдебиет • 05 Сәуір, 2023

Сантьягоның күйін кешкен...

281 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамның тәні ет пен сүйектен жаралған соң әлсіз келеді дейміз. Адамда жүрек болған соң нәзік келеді дейміз. Айналадағының бәрін – суық пен жылуды, қатты мен жұмсақты, қараңғы мен жарықты, жақсы мен жаманды сезетін адамның жаны сондықтан да жиі жараланатын болар. Иә, сырттай қарағанда адам таудан биік емес. Қара тастай қатты да емес. Бірақ сол адамзат жер бетінде тіршілік басталғалы бері әділетсіздікпен, зұлымдықпен күресіп келеді. Жалпы, осы адамның ішкі рухын жеңу мүмкін бе екен?

Сантьягоның күйін кешкен...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Бұл сұрақтың жауабын Эрнест Хемингуэй де іздеді. Шығармаларында адам жанының күрескерлігін сынайтын жазушы ақырында «Адам күйреуге жаралмаған. Адамды құртуға болар, ал жеңуге болмайды» деп түйеді. Жұлма-жұлма болып теңізден қайтқан Сантья­гоның бұл сөзі кейін әйгілі хемингуэйлік фразаға айналды.

Адамның ішкі рухының мықтылығын Хэм ағай өз өмірінде де сынады. Бір қарағанда, жазушы адам қызығарлық өмір сүргендей көрінуі мүмкін. Иә, бала Эрнест бақуатты отбасында ержетті. Ұлының ойын-сауыққа аса үйір еместігін байқаған әкесі оған аңға шығуды, балық аулауды, орман аралап, тау кезуді үйретеді. Оңтүстік Мичиганның байтақ даласын кезіп өскен болашақ жазушы табиғатпен өте жақын болды. Шың-құздың биігі, өзен-судың гүрілі мен құстардың әніне елітіп өсті. Содан болар, Хемингуэй туралы естеліктерде замандастары оның адамдардан гөрі аңдармен көбірек тіл табыса алатынын жазады. Иә, жазушы Африкада талай арыстанды атып өлтірді, мұхитта алып балықтарды аулады. Куба мен АҚШ-та зәулім үйлерге, яхталарға иелік етті.

Дегенмен оның Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқанын, Испанияда бомбаның астында қалғанын, Германияны бомбалаған ұшақтарда болғанын, ал америкалық әскер Нор­ман­дияға басып кіргенде, француз пар­тизандарының тобын басқарып, Парижді азат етуге қатысқанын ұмытпайық. Автор­дың жанының сірілігі Сантьягоға да жұққан ба дейсің.

«Шал мен теңізді» оқып отырып, көз алдыңа көп оқиға елестемейді. Күн­де жамаудан сау жері жоқ сұрықсыз желкенін көтеріп келе жатқан шал. Оның бұл сиқына жұрт күлмей отыра ма? Мүсіркеп, аяйтындар да табылар. Бірақ автордың көзқарасына сәйкес, шал күйреуге жаралмаған. Ол жүзінші күні де теңізге жүзіп шығар еді. Сантьяго теңізге шыққан сол 85-ші күні салмағы жарты тонна, ұзындығы он сегіз фут болатын жайын балық қармағын қауып, онымен үш күн теңізде жүзіп, сосын оны гарпунмен түйреп өлтіріп, енді оны өзі қайығына таңып ап, сосын алты бірдей акуламен айқасып, оның біріншісін гарпунмен жайратып, екіншісін гарпунымен қоса су түбіне кетіріп, үшіншісі мен төртіншісін ескекке байлаған пышағымен өлтіріп, бесіншісіне пышағын сындыртып, алтыншысын тоқпақпен тоқпақтап жүріп теңіз тереңіне жіберіп, ақыры жұлып тартып тауысқан жайынның қу қаңқасына қарауға дәті жетпей, теңіздің кермек суына көзі жасаурай қарап, оларды жеңгенімен, аяғында олардан жеңіліп, лашығына әрең жетеді. Ол осы жанкешті төзімімен әдебиетте күрескер жанның образын қалыптас­тырды. Әйгілі хе­мингуэйлік фразаны дәлелдеді. «...Адам­ды құртуға болар, ал жеңуге болмайды».

Жалпы, жазушы мен Сантьягоны бөліп қарауға болмайды. «Мен де Кле­менсо сияқты сексен бес жасқа келгенге дейін тұғырдан таймаған еркек болып қалсам деймін. Бірақ Берни Барух тәрізді болғым келмейді... Бұл жалғанда бәрі де өтер-кетер, баяғы бет біткеннің сұлуы болған Флойд сияқтанып, бір кез­де менің де сүйегім қурап қалар. Бас сауғалау деген тек аузынан ана сүті кетпегендердің ісі ғой. Қорғаған шебіңді ұстап тұруға болмаған кезде, қайтсең де оны жауға қымбатқа түсіретінің сияқты, бұл өмірден сыйлы болып кететін кезегі келгенде де кім жанын аяп қалатын еді. Өлу – деген қиын жұмыс емес». Жазушы осы ойын айтқан кезде 50 жаста екен. Ал екі жылдан кейін «Шал мен теңізді» жазуға отырады.

Теңіздің табиғаты да, мінезі де бөлек. Теңізге шығатындардың болмысы батыл болса керек. Өлімнен қорқатын адам теңізге шықпайтыны ақиқат. Сантьяго да дәрменсіз қарттық пен қорлыққа шыдамай, баланы есіне қанша рет алды – жеңілуді ойлаған жоқ. Шал төрт күнгі арпалыста қу тіршілікпен бетпе-бет келгендей ақырғы төзіміне дейін төкті.

Әдебиетші Ермек Қаныкей шығар­мада жазылмай қалған хемингуэйлік жолдар бар екенін айтады.

«Сентябрь айында, 85-ші сапарында салмағы 1,5 тоннадай, ұзындығы 18 фут (5,5 метрдей) болатын алып балықты ұстаған Сантьяго Маналинді (баланы, ол шал құр қаңқамен келгенде үш рет жылайды) 12 рет есіне алады, ұлы Ди Маджионы 8 рет, Құдайды 2 рет есіне түсірген 4 күнгі арпалыста, 6 акуланы өлтіріп, 5 рет құлап тұрып, Гавана аралына жетті. (Қаруы: гарпун, пышақ, тоқпақ, румпель). Міне, бұлар «Шал мен теңіздегі» еске алынып, бірақ жазылмай қалған хемингуэйлік жолдар емес пе екен?» дейді әдебиеттанушы.

Сондай-ақ ол жазушы адам дейтін жаратылыстың тағы бір қырын табиғат­пен, сол табиғаттағы тағы бір алып та сұлу күшпен бетпе-бет келтіре отырып, көп дауыс, көп үнмен терең ашқанына тоқталды. Кейіпкерлер де біз ойлағандай аз емес екен.

 «Шал сөйлеп кеткенде айналасында бейнебір көп адам жүргендей әсерде қаласың. Ол жалғыз емес! Оның кұс­тармен, балықтармен, теңізбен сөй­лесуі, өмірінің өткен шақтарына жасаған саяхаттары, мұңы мен махаббаты, өзінен мықтыларға табынуы, содан соң Африка даласы, арыстандармен жүрген түсі, монологтер мен диалогтер – көркемдік қабаттардың астарында жатқан кейіп­керлер әлемі емей немене? Ал бір кезде жұбайынан қалған мүліктермен қатар қабырғада ілініп тұратын оның суреті – қараған сайын­ көңілін босата береген соң шал тығып қойған. Көйлектерінің астында жатқан жұбайының сол суреті – шығарманың ішіндегі айтылмай қалған махаббат дастаны. Демек, бұл повесть – тарихи оқиғалар мен тарихи адамдарды, табиғат пен адамдар арасындағы мәңгілік қарым-қатынастарды, соларды қоршаған зооморфты әлемді, пейзаждарды асқан үнемшілдікпен жазып әрі жазбай кеткен өз уақытындағы қысқа роман», дейді ол.

Стилі ерек, көзқарасы өзгеше жазушы 62 жылдық аласапыран ғұмырында күллі әлем оқырманы үшін өлмес шығармалар қалдырып, бір оқты құшағына қысып кете барды. Ол кейіпкерлерін табанды, батыл, жаужүрек қылып тәрбиеледі. Адамдарға күрескерлікті, ең бастысы жеңілмеуді үйретті. Өзі де сондай болуға тырысты. Тап бір тіршіліктің әділетсіз күрес екенін білгендей. Бірақ өмірді жеңу мүмкін бе? Енді сұрақ: Сантьяго мықты ма, Хемингуэй мықты ма?..