Поэзия • 06 Сәуір, 2023

Рух пен жүрек

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс ақындарына үңілсек, жүрек культін алға шығарады. Жүрек ішінде дүниені шарлап, махаббатқа құлаш ұрады. Руми атақты өлеңінде бүй дейді.

Рух пен жүрек

Ұзақ іздеп шіркеуден Тәңірімді,

таба алмадым алайда жан үнімді.

бардым және үндістер храмына,

бардым будда ғибадат тұрағына.

Бірақ бірақ Тәңірді таба алмадым,

Қағбаға да сүйреді қалауларым.

О, ақыры қарадым жүрегіме,

жеттім сосын жетпеген тілегіме!

Яғни еш жерден таппаған Тәңірді ақын өз жүрегінен табады. Бұл ғибратты өлеңнен өз ішіңе, өз жаныңа үңілудің маңызын аңғарамыз. Гетеше айтсақ, «көп білген адам білімді емес, өзін білген адам білімді». Немесе, «діннен өзіңді іздеме, өзіңнен дінді ізде».

Кімнің нәркес жүрегі ауырса егер

сол қайғы,

жанына оның азап пен мехнат

жүгі орнайды.

Мені азырақ жұбатар көкірегімде

киелі ой:

Бәрі әмірі Тәңірдің,

онсыз қурай солмайды!

Хафиз ғазалдарында жүрек әлемі ай­рықша орынға ие. Жоғарыдағы шу­­­мақтан Тәңірге бас ұрған, терең сенім­­нің табын көреміз. Сірә, Шығыс ақын­­дарының дүниеден баз кешіп, со­пылық жолға әуес болуының сыры да жүрек культінде болса керек. Жүрегіне Тәңірдің тамаша сарайын қондырған соң, ешнәрсені де місе тұтпаған шайырлар хан алдында да паңдығын жоғалтпайды. Шын бақытты жүрегінен тауып, сол шаттықтың шалығымен ғұмыр кешеді.

Ал түркі поэзиясында жүректен гөрі рух культі басымырақ. Көшпелі тірлік кешіп, түйенің қомында, аттың жалында өткен тарих парағы бізге қаһармандық рух сыйласа керек. Әрісі Науаидың «Ескендір қорғаны», берісі Абайдың «Ескендір» поэмасы рух отымен қо­ректенген. Жыраулар поэзиясының жауынгерлік сарыны, батырлық уыты бірден көзге ұрады. Батыс философы айтқандай «стиль деген адам». Тау суындай арқыраған жыр өзегінен оны тудырған адамның сом тұлғасын аңғарамыз.

Мен – мен едім, мен едім!

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Қай қазақтан кем едім?

Махамбет рухы қазақтың езгіге қарсы атылған жебесі, бұғауға көн­беген бұлқынысы. Ақынның езілген жүрегі, сезімтал жаны биік рухының тасасына көмілген. Шын мәнінде, қазақ руханиятында Шығыс мәдениеті секілді жүрек үнін айқара жайып салу жоқ. Тіпті сезімді де асқан ұяң­дықпен, тілсіздікпен білдіреді. Қазақ өлеңінде: «Боз үйде отыр еді барқыт пішіп, қолынан күміс қайшы қалды түсіп» дейді. Яғни ақмарқа қалқаның махаббатын қолынан түсіп қалған күміс қайшысы ғана айтып тұр. Міне, қазақша махаббатты сезіну, ғашық­тықты түйсіну. Қазіргі «сүйем, күйем» деген шұбыртпа әндердің менталитеті қазақтықтан қаншалық алыстап кетке­німіздің айқын дәлелі.

Абай жырындағы рух культі қара орманды жалмаған шапшыма өрттей. Бірде тасынып, бірде кіжініп, бірде бейғам надандыққа қырандай шүйлігеді.

Жалын мен оттан жаралған

Сөзді ұғатын қайсың бар?

Партия жиып пара алған,

Пейілі кедей байсыңдар.

Шығыс пен Батыс өркениетін қатар меңгерген хакім жиған жауһарларын ұлттық мінездің қорына құяды. Шығысқа еліктеп асқан сезімшіл, Батысқа еліктеп қарадүрсін болып кетпейді. Қайбір жаңа дүниені де ұлт диірменіне салып қорытады. Ұлт атынан қарыштайды.

Рух пен жүрек – ажырағасыз ұғымдар. Алайда рухы биіктің мәртебесі де биік екені даусыз.